№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АҚМЕШІТ ТӨРІНДЕГІ ЖӘРМЕҢКЕ

АҚМЕШІТ ТӨРІНДЕГІ ЖӘРМЕҢКЕ

Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай, аудан әкімдігі қала тұрғындарына ауылшаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастырды. Ала жаздай егіс даласында тынбай еңбек еткен диқаншы қауым сенбінің шуақты күні облыс орталығындағы Астана даңғылы бойындағы Е.Көшербаев пен А.Иманов көшесі қиылысында көкөніс, бақша өнімдері мен жеміс-жидек, өнімін нарық бағамынан төмен бағада тұрғындарға пұлдады. Таңғы сағат сегізде басталған жәрмеңкеге жұртшылық демалыс күні болғандықтан ертерек келіп, таңғы сауданы қыздыра түсті. Әсіресе қалалықтар көше бойындағы саптай тізілген жүк көліктеріне тиелген қауын-қарбыз саудасына кезекке тұрды. Жайылма, Ақүйік, Бесарық ауылының дәмі тіл үйірер қауын-қарбызына сұраныс жоғары екенін байқадық.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, жылдың алғашқы жәрмеңкесіне 13 ауылдық округтен 128 тонна өнім жеткізілген. Нарық бағамынан 17-20 пайызға төмен сатылған сегіз миллион теңгенің өнімі кешкі сағат сегізге дейін өтіп кетті. Қаз-қатар сауда қатарында:Жайылманың құнарлы топырағына піскен қарбызы мен Өзгенттің тіл үйірер балы, Қаратаудың қауын-қарбызы және Сыр беткейдегі ауылдың көкөніс өнімі тағы бар.
– Жаз мауысымындағы жайдарлы жәрмеңке Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай ұйымдастырылуда. Аудан әкімі Ғалым Әміреевтің қолдауымен 13 ауылдық округтен бақша және көкөніс өнімі келді. Енді алдағы күз маусымына дейін, әр апта сайын әрбір аудан осылай ауылшаруашылығы жәрмеңкесін өткізеді. Бұл дала диқандарының ала жазғы еңбектерінің еселі жемісі деп білеміз. Қала тұрғындарының да көңілі көтеріңкі болды. Оған қоса аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, жәрмеңкеге келген жұртшылықты әсем әуенге бөледі. Ең бастысы – халық дән риза болды, – дейді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров.
Шынында шіліңгір шілденің аптап ыстығына қарамастан қала тұрғындары көлігі мен арбасын сайлап, қажетті өнімдерін қаптап сатып алды. Бұлда болса, базар нарқынан төмен жәрмеңкені қызылордалықтардың асыға күтетінін байқадық.
– Жәрмеңке жылда дәстүрлі түрде өткізілетіндіктен асыға күтеміз. Таң атысымен барлық жұмысты тастап, осында келдік. Тауар бағасы қалтаға қонымды. Базардан біршама арзан екен. Әрі қаптап алсаң, бағасын тағы да төмендетіп беруде. Үйдегі немерелерім қауын-қарбызды жақсы көргендіктен он-он бесін алдым. Оған қоса, қап-қап картоп пен пиязым бар. Жәрмеңкені ұйымдастырушыларға айтар алғысым зор. Әрі бұл Қызылорда шаһарының 200 жылдығына тамаша тарту болды – дейді қала тұрғыны Рахима Ахметова.
Иә, түйіндей айтқанда, таң атқаннан кеш батқанша жалғасқан жәрмеңке қызылордалық тұрғындардың маусымдық мезгілден қысылмай шығуына мүмкіндік жасады. Ең бастысы – қарапайым халықта, өнімі өткен диқанда дән риза. Оған қоса, аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасы  қалалықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жәрмеңкенің сәтті өтуіне өзіндік үлестерін қосты.
Әбдісамат ӘБДІШ.
24 шілде 2018 ж. 1 256 0