Қимылдағанның қыр асатынын жақсы білетін Қамардин

Тоқсаныншы жылдың басынан «Жаңажол АЖ» шаруақожалығы құрамында еңбек етіп келеді. Сыр саласы мен жоңышқа өсірудің тың тәсіліне қаныққан қожакенттік шаруаеңбекке ерте араласты. Қимылдағанның қыр асатынын жақсы білетін Қамардин аға жерден ризығын тауып отырған берекелі отбасы. Биыл ерте көктемде 266 гектар аумаққа жоңышқа егіп, орта есеппен гектарына 150 центрден өнім алды. Бұл – 4000 тонна өнім деген сөз. Әрине мұндай жоғары көрсеткіштің артында ала жаздайғы маңдай тер жатқаны айқын.
– Қазіргі таңда шаруашылықпен айналысамын деген адамға мүмкіндік мол. Егін егу әрбір қазақтың қолынан келеді. Бабадан қалған атакәсіпті өзім 1993 жылдан бастап қолға алдым. Шүкір, жерге барыңды салып еңбектенсең, ризығын аямай береді. Өзім дала академигі Ыбырай Жақаев атамыздың «Күте білсең, жомарт жердің бергенінен берері көп» деген аталы сөзін өмірлік ұстанымым етемін. Себебі, даңғайыр диқанның салған сара жолы – барша диқандар үшін үлгі. Жалпы «жаман тұқымнан жақсы өнім алам деп ойлама» деген даналық қалған диқандардан. Сол үшін ең бірінші кезекте жақсы тұқым алуға қарекет жасаймыз, – дейді Қамардин Қашқынов.
Иә, құт дарыған Қожакент ауылында егін мен мал шаруашылығы қатар дамыған. Қамардин аға да шаруа қожалықтың ауыспалы жерінде араға үш жыл салып, күріш пен жоңышқа егіп, жерден ризығын тауып келеді.Ол бізбен әңгімесінде «Адал кәсіптің тұтқасын ұстап, ерінбей еңбек еткеннің Жаратқан ризығын молынан қылады. Биыл да жоңышқаның бірінші орымынан кемі 600 престен өнім алдық, – деді. Бір сөзбен айтқанда, қолы қимылдаса, жаны тынышталатын Қамардин ағаның еңбекқорлығы көпке үлгі.
Самат ОҢҒАРҰЛЫ