№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Ай-Керім" сортының авторы құпиясымен бөлісті

"Ай-Керім" сортының авторы құпиясымен бөлісті

Ғылымдағы әрбір жаңалық – ой еңбегінің жемісі. Оны адамзаттың игілігіне асыруда өзі жерде, қиялы көктегі айды шарлап кетер өлермен бейнеткештік жатыр. Осы ретте өңірімізде ғылыми әлеуетімен агротехнологиялық прогреске негіз қалап берген өз саласының майталманы, ауданның «Құрметті азаматы», ғылыми өндірістік «Агротехнология» шаруа қожалығының басшысы, ғалым – агроном, селекционер, «Ай-Керім» сортының авторы Керімхан Егізбаевтың есімі бүгінде қалың жұртшылыққа танымал.

Жас өскін шаруа баққан әкесінің соңында жүріп бала жастан егіс танабында жайқалған дән сабағының әр түйірінен сыр түйіп өсті. Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылық институтын үздік тәмамдаған түлекті арнаулы комиссияның аспирантураға емтихансыз қабылдауға ұйғарым жасауы да оның бойындағы ғылымға деген ессіз құштарлықты қолдау талабынан туындаса керек.
Содан бері ол тұтастай өмірін ғылымға арнап келеді. Бүгінгі күні ғалымның әбден кемелденген, толысқан шағы.
Өңірімізде күріштің бірнеше сорты белгісі болса, соларды перспективалық ретімен сұрыптап, сыннан өткен сорттарды кешенді қолданысқа ендіру тәжірибесі дәстүрлі қалыптасқан. Осы ретте соңғы жылдары Сыр өңірінде күріштің «Фаворит», «Лидер» тұқымының өнімділігі жөнінен де нарықтағы сұранысы мен құны жөнінен де бағы басым түсіп, бәсекеде озық екені белгілі.
Ғылымда тоқтау жоқ. Үзіліссіз он бес жыл еңбектеніп нәтижеге қол жеткізген ғалым осыны дәлелдеді.
Төгілген тер текке кетпеді, әр маусым ғылымның әлеуетімен әлденіп, жаңаша мазмұнмен нәрленіп, аялы алақанда теңімен табысып, тереңге тасталған тұқым түйіршігі топырақ астынан жаңа туындыны жарып шықты. Бұл – Егізбаевтың төл перзенті, талай жылғы тауқыметінің жарқын жемісі еді. Күріштің бұл жаңа сортын сынақтан өткізген «Ы.Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС мамандары жан-жақты зерделеп, ғылыми жобалар аясында оны 1-ші орынға лайық деп баға берді.
«Ай-Керімнің» толыққанды тарихы оның авторының тағдырымен сабақтас, сарындас, екеуінің табиғаты да, қадір-қасиеті де ортақ деп ой қорытуға болады. Қайтпайтын, қажымайтын, бірбеткей қайсар мінезді ғалым аға бейнетінің бодауы егіншінің еңбегін еселеп қайтаратын, төзімі берік, ысырабы кем, ырзығы мол алтын масаққа айналып, «Ай-Керім» атанып иесіне шынайы атақты еншілетуі осы сөзіміздің дәлелі.
Талас жоқ, жер-анаға жанашырлықпен қарамау табиғаттың тоз-тозын шығарып, жарамсыздыққа ұшыратады. Сонда келесі ұрпаққа нені қалдырамыз?
Осы сұрақ ұдайы жанын мазалап, топырақты үстеп қоректендіруден бөлек, тың жердің тынысын ашып, құнарын қалпына келтіруде қандай да бір әдіс-тәсілдерді талдап-талғап, соны шынайы іс-тәжірибе арқылы дәлелдеуге бүкіл саналы ғұмырын сарп етіп келеді.
Тарқатып айтар болсақ, жас агроном күріш алқаптарында ауыспалы егісті ендіруге бар күшін салды. Келінтөбеде, Түгіскенде агроном, одан соң агроөнеркәсіптік бірлестік басшысының бірінші орынбасары болып жүрген кезде де осы мәселе маза таптырмады. 1985 жылы шаруашылық әлеуеті төмендеп кеткен ХХІІІ партсъезд кеңшарына директор болып тағайындалған соң басқару құзыретін толық құқын пайдалана отырып ойдағы мақсаттың тиімді тетігін шаруашылыққа батыл ендіруге мүмкіндік туды. Күріш орымы бітісімен оның орнына күздік дақылдарды егуді тәжірибеге ендірді.
– Әлем халықтарының 70 пайызы күрішті пайдаланады. Бұл өзі құнарлы, адам ағзасына пайдасы мол азық. Сондықтан бұл дақылды егіп-өсіруге көп ел құштар. Күріштен кейін бөтен дақылды егіп жерді тыңайту тәсілін алғаш тәжірибеге ендірген еңбегім кезінде Мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылған. Төтен бір желеулермен берілмей қалды. Бірақ әлем бойынша тәжірибеміз қолдау тауып, қанатын кеңге жайды, – дейді ол.
Күріштен соң бос қалған дайын ылғалды алапқа егілген дақылдан шыққан өнім бітік шығып, өзіндік құны күріштен асып түсіп жатады. Ал енді төрт, бес, алты жыл қатарынан күріш дақылы қайталанып егіле берген жағдайда жер де қалжырайды физикалық, химиялық құрамы өзгереді. Мәселен, бұған дейін топырақта қарашірік құрамы 2,2-ні құраса, қазірде оның көрсеткіші 1,5 немесе 1,1-ге төмендеп кеткен. Бұған дейін тәжірибеге ендірген «Авангард» сортына тоқталған ғалым 1985 жылы осы сорттың авторы селекционер Полина Абрамовнамен келісіп 10 тонна «Авангард» сортын әкеліп, жерсіндіргенін, бұл тұқым «Маржан» сортынан 5-6 центнерге артық өнім беруі нәтижесінде сол кезеңдерде аудан астық тапсыру межесін артығымен орындағанын жеткізді.
Бүгінгі «Ай-Керімнің» де жағдайы осыған ұқсас. Өнімнің әр гектарынан 10-15 центнер артық өнім алып отырмыз, өнімділігі жоғары. «Маржаныңыз» 100 кг салыдан 50, кейде 35 пайызға дейін ғана ақ күріш берсе, «Ай-Керім» 100 кг-ға шаққанда 70 пайыз таза өнім береді. Шынылығы – 100 пайыз. Қабықтан басқа қалдық қалмайды. Бұлай екен деп неше жылдан бері халықты асырап келген «Маржанды» жамандауға болмайды. Нағыз қазақы табиғатымызға бейім, өзіміз секілді көнбіс қасиетімен танылған өнім әлі қанша жыл ұрпақ игілігіне жарайды. Жаңаны табу деген сөз ескіні тәрк ету емес, жаңа табысқа жол ашуды ғана білдірсе керек, – дейді ғалым.
Генетикалық будандастыру арқылы қол жеткен күріштің жаңа тұқымына патент алып, енді ат қоюға тура келгенде біраз талас туды. Автор өзі «Келінтөбе» деп қойғысы келген. Келінтөбедегі құттыханасында көз майын тауысып, жылды-жылға жалғап жүріп ақыры санадағыны сәтті іске асыра білген жарқын жобасы ғой. Оны қатарындағылар құп көрмеді. Келінтөбе – тарихи атау. Ал бұл жаңа сұрыпты ойлап тапқан адамның атына сәйкестендірілгені дұрыс. Алдымен өзі, сосын қасынан көлеңкедей қалмай әр қимылына көмекші болудан танбаған, жанұяда да, жұмыста да табанды серік болып келе жатқан жары Айзаданың еңбегі қайда қалады? Осыны таразылай келе тілектестері бұл жаңалыққа «Ай-Керім» деп ат берді.
Биыл «Ай-Керім» сортын облыс бойынша 18 шаруашылық егіп, барлығы бірдей жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Енді алдағы уақытта әлемдік деңгейде батыл қолға алатынына сенім мол.
Талай жылғы еңбегіне толық бағасын алып, мерейі тасыған «Ай-Керімнің» авторы және оның жанында қосымша ғылыми негіздемелерін жасауға атсалысқан азаматтар – институт қызметкерлері, ғалымдар – Құрманбек Бәкірұлы, Камалдин Шермағанбетов, Серікбай Өмірзақов, Ахметжан Керімханұлы Егізбаев қол қойған Жаңақорған ауданы әкімі Сұлтан Ысқақұлына төмендегіше рапорт (баянат) келіп түсті. Онда былай делінген:
«Сізге, Ғылыми-өндірістік «Агротехнология» шаруа қожалығы 2019 жылы күріш-дақылының егіліп, күтімге алынған «Ай-Керім» сортының 126 гектары жиналып болып, егістіктің әр гектарынан 82 центнерден, барлығы 10332 центнер рекордтық өнім жиналғанын баяндаймыз. Звено жетекшісі Мухтархан Барышев қарамағындағы «Ай-Керім» сортымен егілген 80 гектар күріштің әр гектарынан 97 центнерден өнім жинады, жекелеген күріш атыздарындағы гектарлық өнім 107-112 центнерден айналды.
Отандық, Сыр бойының «Ай-Керім» сорты жоғары өнімділігімен, жоғары сапалылығымен алдағы уақытта шаруалардың қамбасын толтырып, облысымыздың экономикасын онан әрі көтеруге септігін тигізеді деген сеніміміз мол».
Иә, сәулелі сенімдеріңіз ақталып, алдағы уақытта әлемге жол тартқалы тұрған әлеуетті жаңалықтарыңыздың бағының ашылуына тілектеспіз.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
19 қазан 2019 ж. 841 0