» » "Ай-Керім" жаппай өндіріске енгізіледі

"Ай-Керім" жаппай өндіріске енгізіледі


Ұлы даланы ұлы ететін оның тауы мен өзені емес, тұлғасы. Осы тұрғыда зерделейтін болсақ, Жаңақорғанның перспективасын танытуда Керімхан Егізбаевтың еңбегі бар. Ол ғалым-селекционер ретіндегі еңбегімен қадірлі. Бір ғана мысал, үзіліссіз 15 жылдай күріштің өзі сұрыптаған сортын мәпелеп, дала еңбеккерлеріне оның өнімділігін дәлелдеді. Бұл Керекеңнің талай жылғы жұмысының жемісі десек, оны таныту жайы да өте маңызды. Осыны ескерген ғалым күріштіктің басына ғалымдар мен шаруашылық басшыларын, ауылшаруашылық саласының мамандарын жинады.

Басқосуға Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының міндетін атқарушы Бахытжан Дүйсембеков, институт ғалымы Хасый Жамантіков пен Камалдин Шермағамбетов арнайы қатысты. Сонымен қатар, Сыр еліне белгілі ауылшаруашылық құрылымдары – «Жан Арай» агро-индустриалдық кешенінің басшысы, Бағдаулет Мақашев пен «Абай-Даулет» ЖШС төрағасы Даулет Исин де келді.
Жиынды ашқан аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков агрокешенді дамытуға бағытталған кешенді бастамаларды, тың бетбұрыстарды айтты. Әсіресе өнімділігі жоғары күріш тұқымын аудандастырудың маңызына және инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар баяндалды.
Кездесудің мақсаты – таяу уақыттан бері дала көркіне сән беріп, өзінің өнімділігін, өтімділігін дәлелдеген күріштің жаңа сорты «Ай-Керімді» таныстыру, жаппай айналымға енгізуге жол ашу.
– «Ай-Керім» орташа мерзімде, 115-120 күнде пісетін жоғары өнімді сорттарға жатады. Сорт өсімдіктері биіктігіне қарамастан, жығылуға төзімді, ал масағы өте салалы, ұзындығы 23-25 см-ға дейін жетеді. Бір масақтағы дән саны 150-170 дана, ал 1000 дәнінің салмағы 32-33 келі, яғни ірілігі «Маржан» сорты дәндерімен шамалас болып келеді. Дәндерінің шыны түстілігі жоғары – 90-92 процент. Жалпы жарма шығымы – 72 процент болса, ондағы бүтін ядросы – 80-85 процентті құрайды. Жалпы алғанда күріштің бұл түріне қазіргі таңда сұраныс өте жоғары, – деді шаруашылық төрағасы.
Ғалымдардың дәлел-дәйектеріне сүйенсек, «Ай-Керім» бір гектар жерге 10 тоннадан кем емес өнім береді. Сапасына орай бұл сорт облыс бойынша күріш кластеріне бекітілді. Көбіне егінжайда адам денсаулығына зияны да шаш-етектен қызыл күріш шығып кететін жағдайлар кездеседі. «Ай-Керім» ондайдан ада. Енді жаппай қолданысқа енуі ғана қалды.
Биыл үшінші жыл қатарынан егіс даласына дәні тасталған Ай-Керімді аймақтағы 11 қожалық қолданысқа енгізіпті. Өнімі жақсы, сондықтан сапалы өнімге сұраныс артып жатқанына жиында куә болдық. Әсіресе Сырдың төменгі ағысында 2000-3000 гектарлап егетін ірі-ірі шаруашылықтар қызығушылық білдіріп отыр. Осыны ескерген шаруашылық төрағасы Керімхан Егізбаев биыл өнімді экспорттаудан гөрі өңірдегі шаруа қожалықтарға беруге ниетті.
Селекционердің 15 жылғы маңдай теріне ғылыми институттың қызметкері Камалдин Шермағанбетов сүйеу болып, ғылыми тұрғыда қолдау білдірді. Ғылыммен ұштастырудың нәтижесінде өнімділігі жоғары күріштің тұқымы пайда болды.
– Сыр диқандарының азығына айналған әрбір күріш түрлерінің өзіндік қасиеті бар. Мәселен, «Маржан» 35 жылдай өзінің міндетін толық орындады. Жеріміздің жағдайына қолайлы, тіпті қазақтың өзіндей көнбіс дақыл болды. Ол өзгеріске де түспеді, тұрақты табысынан танбады, әлі де аймақ шаруаларына азық. Дегенмен ғылымның заңы қашан да өрлеу, өркендеу, жаңа кезеңге аяқ басу. Бұл тұрғыдан келгенде, Керімхан Егізбаев пен осы жолда етене еңбек еткен әріптестердің керемет жаңалығын ғылымға қосылған үлкен үлес, ел экономикасына бағытталған баянды бетбұрыс деп бағалау керек, – деді К.Шермағанбетов.
Келген қонақтар тәжірибелі жұмыстың нәтижесіне қанығып, ойларымен бөлісті. Жайқалған күрішті көрген қонақтар өзге аудандарда осы сорттың түрін көбейтуді қолдап отыр. Күріштің әлеуметтік өнімділігі биологиялық деп аталады.

– 1 гектарға 10 тонна дән себеміз, биыл 126 гектарға дән тастадық. Жалпы 1 тоннадан 80 центнер өнім аламыз, сорт бастапқы өніп-өсу кезеңінде салқындық пен су қабатының тереңдігіне, саңырауқұлақ аурулары мен тұздылыққа төзімді. Конкурстық сынақтан өткен жылдары гектарына 80-85 центнерден өнім берді. «Ай-Керім» минералды тыңайтқыштардың орташа және жоғары дозаларында, көпжылдық шөптердің қыртысы мен аударма қыртысында жоғары өнім береді. Биылғы өнім көпшілікті таң қалдыруда, – деді «Агротехнология» ғылыми-өндірістік шаруа қожалығының төрағасы. Былтыр күріштің бір сабағындағы 250 дән өссе, биыл оның саны 350-ге жетіпті. Ғалымдар бұл күріш тарихында болмаған құбылыс дейді. Бұл күріш тұқымын солтүстік және орталық аймақтарда сеуіп суға бастыруды 10-мамырға дейін, ал біздің облыстың оңтүстік аймағы мен Түркістан облысында 15 мамырға дейін аяқтаған дұрыс. Әзірге бұл сорт – мемлекеттік сорт сынақтан өтуде, келер жылы бұл сортқа сұраныс болса өндіріске ендіруге дайын отандық сорттардың қатарында.



Келелі бас қосудан кейін шаруашылықтың жұмысымен танысып, дала төсіндегі қайнаған жұмыстың бір күндік тыныс-тіршілігін көзбен көріп қайттық. Қазір 15-тен аса қызметкері бар шаруашылықтың жұмысы жүйелі. 17 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан Мұхтархан Баришов есімді азамат шаруашылықтың күрішшісі.
– Күріш те бала тәрізді, оны мәпелеп, аялау керек. Күтімді қатты қажет етеді, ал ұзақ жылғы ғылыми ізденістердің нәтижесінде дүниеге келген «Ай-Керім» сортының ерекшеліктері өте көп. Ең қуантатыны, өнімділігі жоғары, аурушаң емес, – дейді бізбен әңгімесінде.
Қазір қожалық 2 гектар аумаққа көбейту питомнигін қолдануда. Келер жылы оның көлемін 5 гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Одан бөлек қожалық иелігінде мақсары, жоңышқа, жүгері, бидай мен арпаның дәні себулі.
– Ата кәсіп төрт-түліктен де хабарымыз бар. Асыл тұқымды ірі қаралардың санын көбейтіп, мал шаруасына да дем беруге ниеттіміз. Биыл мал азығы саналатын «судан» шөбін өсірудеміз. Дәнді дақылдар бөлек бұл мал азығын өсіруді қолға алудамыз, – деді төраға.
– Қожалық иелігінде трактор, комбайн және басқа да техникалар бар. Екі-үш күнде өнімді жинап аламыз.
Бүгінде келінтөбеліктер «Ай-Керім» сортын 32 га жерге сеуіп, өнімін күтіп отыр. Қазалыдан басқа облыс шаруашылықтарының барлығын қосқанда 64 га аумақтан жаңа тұқымның өнімін алатын болады.
«Шиеліні білгің келсе жарандар, Ыбырайдың жолын күтіп қараңдар» деген өлең жолдары Шиеліні дәріптейді, Жақаевтың даңқын көрсетеді. Енді Керімхан Егізбаевтың ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесінде пайда болған «Ай-Керім» Сырды бағындыруға бет алды. Құдай қаласа, «Ай-Керім» бірнеше жылда Жаңақорғанның брендіне айналып, ғалым-селекционерді дала академигіндей алашқа әйгілі етер. Барлығы да уақыттың еншісінде.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.
.
21 қыркүйек 2019 ж. 869 0