№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «АЙ-КЕРІМ» – АСЫЛ НИЕТТІҢ АЙНАСЫ

«АЙ-КЕРІМ» – АСЫЛ НИЕТТІҢ АЙНАСЫ

Шығармашыл тұлға жай, жағдай таңдамайды. Мәселені, өзінің зерттеу обьектісіне тыңнан сүрлеу салған суреткер жұмыс бөлмесінде ғана емес, көлікте кетіп бара жатсын, дүкен аралап жүрсін, тіпті, нан илеп, ас әзірлеп жатсын, оның қиялы сан тарапты шарлап, ойдан ой қуып, сюжет тудырып, санасы сан-саққа бөлінуі мүмкін.
Ал, ғалым... Ол қиялда туған болжамның боямасыз ақиқатына көз жеткізіп, көңіл қанықтыру үшін оны тәжірибе жүзінде сынақтан өткізіп, ғылымға нақты ендірудің шынайы шебері. Бірақ бұл өнертабыс оңайлықпен келмейді. Ол үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, тынымсыз ізденісте жүретін енапат еңбек қажет. Ал, ол бала жастан ғажайып ғылымға деген құштарлықтан, жаңалыққа деген жаңашырлықтан туады. Ғылымдағы жаңалық-жалқының емес,  жалпының игілігі. Адамзаттың ортақ құндылығы.
Туған жер төсінде адал қызмет етіп, бүкіл өмірін ғылымға арнаған, о бастағы мақсат-мұратына деген адалдығынан танбаған тұлғалар қатарында Керімхан Егізбаев ағамыздың еңбегі айрықша. Бұл жетістіктің төркінінде ғылымға шексіз берілген бейнет пен туған жер тағдырына деген перзеттік сүйіспеншілік жатыр деуімізге болады.
Өлкеміздегі өндірістік агротехникалық ғылыми зерттеу институтында ол ашқан жаңалықтар бүгінде аймақтың шаруа баққан малшы-диқандарының кәдесіне жарап, кәсіп өрісін өрге бастап келеді.
Ол тұтастай  өмірін ғылымға арнаған жан. Бүгінгі күн ғалымның әбден кемелденген, толысқан шағы. Ғылымдағы биігі – соның дәлелі.
Күріштің 40-50 сорты белгілі болса, соларды перспективалық ретімен сұрыптап, сыннан өткен сорттарды кешенді қолданысқа ендіру тәжірибесі дәстүрлі қалыптасқан. Осы ретпен соңғы жылдары Сыр өңірінде күріштің «Фаворит», «Лидер» тұқымының өнімділігі жөнінен де, нарықтағы сұранысы мен бағамы жөнінен де бағы басым түсіп, бәсекеде озық екені белгілі.
Ғылымда тоқтау жоқ. Үзіліссіз 15 жылдай еңбектеніп, нәтижеге қол жеткізген нағыз ер осыны дәлелдеді.
Төгілген тер текке кетпейді екен, әр маусым ғылымның әлеуетімен әлденіп, жаңаша мазмұнмен нәрленіп, аялы алақанына көмілген тұқым түйіршігі топырақ астынан жаңа туындыны жарып шықты. Бұл Егізбаевтың төл перзенті, талай жылғы тауқыметінің жарқын жемісі еді. Күріштің бұл жаңа сортын сынақтан өткізген «Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС мамандары жан-жақты зерделеп, ғылыми жобалар аясында оны бірінші орынға лайықты деп тапты.
Керімхан аға өзі бұл жаңалығына «Келінтөбе» деп ат беруді ұйғарған. Оның себебі, ғалым-әріптестердің бұл бағыттағы бүкіл  ізденіс қимыл-қарекеттері Қожакент ауылында бастау алғанымен, Келінтөбенің киелі алқабында толық нәтижеге қол жеткізген. Жаңа тұқымның аты ғылыми кеңесте талқыланып, әріптестері «Келінтөбе» атауын ел-жер тарихымен сабақтас  ұғым, сондықтан күріш атауын автордың өз атымен үндестіре үкілеп «Ай-Керім» деп атауды әділеттірек болар деп шешті. Өте орынды ұсыныс. Ғазиз ғалымның талай жыл тастай буынып, бірде шала боп, бірде нала қып, неше жаз жігерін құм етсе де соңынан қалмай, үмітінен танбай, жүрегін суырып берердей жан-жылуына бөлеген тәуекелді талабының бағы жанып, бұл Керімханның кереметі ретінде бағаланып жатса оған сөз бар ма? Ақын Абайдың «Әй Керім десе, Керім еді-ау» деп таңқалғанындай ғалымның әлеуетіне сүйсіністен туған сырлы теңеу деп қабылдаймыз мұны.
Жаңа сорт – жаңа сапаға ие
Ғалымдардың дәлел-дәйектеріне сүйенсек, «Ай-Керім» «Маржанның» пісу уақытынан 3-4 күн кейін, «Фаворит» пен «Лидерден»  осындай уақыт ерте піседі. Шығымдылығына келсек, бір гектар жерге 10 тоннадан кем емес өнім береді. Егін шынылығы деген болады, дәнінің  жалтырау сапасы жүз пайыз, ал ол күріштің басқа сорттарында 80-ді көрсетеді. Күріштің дәнділігі (жармалылығы) деген бар, бұл «Маржан» сортында 35 пен 50-дің арасы, «Лидерде» – 60 болса, «Ай-Керімде» – 72 пайызды құрайды екен. Шығымдылығы,  сапасына орай бұл сорт облыс бойынша күріш кластеріне бекітілді. 
Бүгінде келінтөбеліктер «Ай-Керім» сортын 32 га жерге сеуіп , өнімін күтіп отыр. Қазалыдан басқа облыс шаруашылықтарының барлығын қосқанда 64 га аумақтан жаңа тұқымның өнімін алатын боламыз.
Ғалымның өзі төл туындысы туралы былай деп кепілдеме беріп отыр:  «Ай-Керім» сортының сабағы күріштің басқа түрімен салыстырғанда 15-20 см-дей биік әрі берік. Бір масақта 250-ге дейін дән байлайды. Көбіне егінжайда қызыл күріш шығып кететін жағдай болады. Қызыл күріштің кісі денсаулығына зияны да шаш-етектен. Бұл тұқымның таза болмауының нышаны. Ал «Ай-Керімнің» тұқымы ондайдан ада. Тегі мінсіз, сүйегі асыл адамдарды «тұқымы жақсы» деп жатамыз ғой. Сол секілді дәннің де асылы бар, жасығы бар. «Ай-Керім» сорты соның барлығынан жоғары тұр.  Енді таяу уақытта оның жаппай қолданысқа енетініне сенемін, – дейді.
Иә, ғылымда тамыр-таныстық жүрмейді. Сан емес, сапа маңызды. Табыс әкелетінге талас жоқ.Бірақ бұл ретте бұрынғының барлығын бірдей иянаттауға келіспеймін дейді ғалым, «Лидер», «Фаворит» жақсы деген сөз «Маржанды» төмендету емес. «Маржан»- 30-35 жыл Одақ халқын асыраған өнім. Жеріміздің жағдайына қолайлы, тіпті қазақтың өзіндей көнбіс дақыл болды. Ол өзгеріске де түспеді, тұрақты табысынан танбады, бірақ ғылымның  заңы- өсу, өрлеу, өркендеу.  Бұл тұрғыдан келгенде, Керімхан Егізбаев пен осы жолда етене еңбек еткен әріптестердіңкеремет жаңалығын ғылымға қосылған үлкен үлес, ел экономикасына бағытталған баянды бетбұрыс деп бағалауымызға әбден болады.
Баян Үсейінова.
24 шілде 2018 ж. 1 239 0