№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Дипломмен ауылға" дем берді

"Дипломмен ауылға" дем берді

Қазір ауылдық жерлерде жұмыс жасауға ынталы жастарды «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы қаржылай қолдауға әзір. 10 жыл бойы сұранысқа ие жас мамандарды әлеуметтік тұрғыда қолдап келе жатқан бағдарламаның көлемі жыл сайын артып келеді. Оның үстіне жуырда Президент Жолдауында келер жылдан бастап Үкіметке бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырды. Биыл бағдарлама арқылы 48 жаңақорғандық тиісті қаржыға ие болды. Солардың қатарында Бағдат Әуелбеков те бар.

Жалпы Сыр өңірі республикада «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жас мамандарды қолдау көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда келеді. Ал аймақ бойынша Жаңақорған ауданы көштің басында. 10 жыл ішінде жаңақорғандық 669 жас бағдарлама игілігін көрсе, оның басым көбі медицина саласының мамандары. Өткен жылы Жаңақорғанның денсаулық сақтау саласында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 34 маман тұрғын үй, 50 маман бір реттік көтерме жәрдемақы алса, биыл 20 маман тұрғын үйге қол жеткізді.
Аудандық ауылшарушылық бөлімінің бас маманы Мұхитдин Салыбайдың мәліметі көрсеткендей биыл 48 жас бағдарлама арқылы тиісті қолдауға ие болды. Медицина, педагогика, мәдениет саласы жастарының қатарында ветеринария бөлімінде қызмет ететін Бағдат та жеңілдікке ілініпті. Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетін 2015 жылы бітіріп, 2017 жылы аудандық ветеринария бөліміне жұмысқа орналасады. Көп ұзамай бағдарламаға қатысуға өтінім береді.
– Бағдарлама қатысушысы ретінде жас мамандарды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан берілетін бір жолғы көтерме жәрдемақы және тұрғын үй көмегін алдым. Менің негізгі қызметім зертханалық жұмыстар. Мал ауруларына ракция қоямыз, яғни қан құрамындағы бруцеллезді анықтаймыз. Біздің негізгі қызметіміз осы. Қазір бөлімде тоғыз білікті маман бар, әрқайсысы өзіне артылған жауапкершілік жүгін көтеріп келеді, – деді ол.
Сыр өңіріндегі төрт түліктің көбі Жаңақорған ауданына тиесілі. Әсіресе, ірі қара мен жылқы жануары аудан бойынша өзге аудандардан көш ілгері. Сондықтан мал дәрігерлерінің білікті болу шарт. Мал қанының құрамын тексеріп, күдікті ауру түрін анықтаса, оны бірден облыс орталығына жіберіледі. Жұқпалы ауруларды тездетіп алдын алып отыратын мамандардың жұмысы аса ұқыптылықты қажет етеді.
Бағдат ата кәсібін түлетіп, бала кезінен үй жануарларының қоңын қоңдап, өсе келе мал дәрігері болуды армандапты. Жаңарық ауылында туып-өсіп, №167 мектептен түлеген ол 2011 жылы Алматыға оқуға түседі. Оқуды тәмамдап, мамандық бойынша алдымен ветеринариялық бөлімге уақытша қызметке орналасады. Тәжірибе жинақтағаннан кейін тұрақты маманға айналады.
– Шыны керек, қазір ауылда жұмыс жасауға ниетті жастардың саны азайып барады. Мемлекеттен қолдау көрсетіп жатса да қалтасында дипломы бар жастар шетел асып, нәпақа табуға құмар. Сонда ауылдың көркеюіне кім жауап береді. Сондықтан мемлекет қолдау көрсетіп, жұмыс ұсынып тұрғанда қызметке орналасып алған дұрыс, – дейді зертханашы.
Иә, қазір жастар көбірек қаржы табуға ынталы, сол үшін мамандық бойынша жұмыс жасауды құп көрмейді. Жалпы бағдарламаның мақсаты ауылдың келешегін көркейту, жастарға күш-жігер беріп, әлеуметтік тұрмысын түзету. Сол арқылы ауылдарда бәсекеге қабілетті жастар қатарын көбейтіп, келешек тұғырлы отбасыларына негіз қалау мақсат етіліп отыр.
– Жаңақорған аудандық мәслихатының №311 шешімімен, аудандық тиісті бөлімдердің ұсыныстарына сәйкес, биыл 92 маман бекітілді. Алайда бағдарлама бойынша Республикалық бюджеттен 47 маманға 178 012 500 теңге қаражат бөлінді. 2019 жылғы 5 айдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы бөліміне халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 100 маманның өтініші келіп түсті. 50 маманның өтініш ұсыныста жоқ болғандықтан әлеуметтік көмектен бас тартылды және 2 маман қаражат жетіспеушілігіне байланысты келесі жылдың кезектілігіне қалдырылды, – деді аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Тұрған Базарбаев.
Яғни, осынша жас 2019 жылдың 7 айының қорытындысымен бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары нәтижесінде бюджеттік несиемен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік алды. 2019 жылға бөлінген қаржы толығымен игерілген.
– «Алмақтың да салмағы бар» демекші, мемлекет тарапынан көрсетілген көмекті тиісті уақытысында қайтаруға тиіспіз. Өйткені, елдің келешегі, ертеңі біз секілді жастардың қолында. Сенімді ақтамасаң ертең соңымыздан ерген жас буынға қандай үлгі қалдырмақпыз? Сондықтан қызметімізге адал қараған абзал, – деді Бағдат.
Қорыта айтқанда, қызмет жолын бастаған жастады мемлекет әрқашан қолдауға дайын. Оған Бағдат секілді жас мамандардың қаржылай көмектен дәрмен көріп, тірлігін жолға қоюы дәлел. Ең бастысы, ынта болса болғаны, қалғаны мемлекет еншісінде. Өйткені қазір білікті кадрлар, әсіресе жастарға кез келген жерде сұраныс жоғары. Ендеше, ауылға кел, жас маман.

Әли ТЕМІРБЕК
05 қазан 2019 ж. 714 0