» » Келінтөбедегі Айкерімнің айтары бар

Келінтөбедегі Айкерімнің айтары бар

  Жаңақорған ауданы, Келінтөбе ауылында "Дала күні" семинары өткізілді. Таңмен таласа темір тұлпарды тізгіндеген институт басшылығы да тың тәжірибелермен зерделенген жиында төбе көрсетті.
 Келелі басқосуға Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бас директорының міндетін атқарушы Бахытжан Дүйсембеков, институт ғалымдары Хасый Джамантіков пен Камалдин Шермағамбетов және шаруашылық төрағалары мен Жаңақорған ауданы әкімдігі қатысты. Сонымен қатар, "Жан Арай" Агро-индустриалдық кешенінің басшысы, облыстық мәслихат депутаты Мақашев Бағдаулет пен "Абай-Даулет" ЖШС төрағасы Исин Даулетте бар.
 Келінтөбе төріндегі Керімхан ЕГІЗБАЕВ төрағалық ететін "Агротехнология" шаруа қожалығында институт ғалымдарымен бірігіп шығарған "АйКерім" сорты егілген болатын. Сол еселі еңбекке жетуге институттың жетекші ғылыми қызметкері Камалдин Шермағанбетов ғылыми бағыт-бағдарын жүйелі жасап отырды. Нәтижесінде ғылыммен ұштастырылған істе жоғары мол өнім алуға болатыны дәлелденіп отыр.
 Сонымен "АйКерім" сорты қандай артықшылықтарға ие? 
 «АйКерім» - орташа мерзімде (110-115 күнде) пісетін жоғары өнімді сорттарға жатады. Сорт өсімдіктері биіктігіне қарамастан, жығылуға төзімді, ал масағы өте салалы, ұзындығы 23-25 см дейін жетеді. Бір масақтағы дән саны 150-170 дана, ал 1000 дәнінің массасы - 32-33 г, яғни ірілігі «Маржан» сорты дәндерімен шамалас болып келеді. Дәндерінің шыны түстілігі жоғары – 90-92%. Жалпы жарма шығымы – 68-70%, ал ондағы бүтін ядросы 80-85 % құрайды.
 Ұзақ жылғы ғылыми ізденістердің нәтижесінде дүниеге келген "АйКерім" сортының ерекшеліктері мұнымен тоқтап қалмақ емес.
 Сорт бастапқы өніп-өсу кезеңінде салқындық пен су қабатының тереңдігіне, саңырауқұлақ аурулары мен тұздылыққа төзімді.
️Конкурстық сынақтан өткен жылдары гектарына 80-85 центнерден өнім берді. «АйКерім» минералды тыңайтқыштардың орташа және жоғары дозаларында, көпжылдық шөптердің қыртысы мен аударма қыртысында жоғары өнім береді.
Солтүстік және орталық аймақтарда тұқымын сеуіп суға бастыруды 10 мамырға дейін, ал біздің облыстың оңтүстік аймағы мен Түркістан облысында 15 мамырға дейін аяқтаған дұрыс.
 Әзірге бұл сорт - мемлекеттік сорт сынақтан өтуде, келер жылы бұл сортқа сұраныс болса өндіріске ендіруге дайын отандық сорттардың қатарында.
18 қыркүйек 2019 ж. 635 0