Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Аудандағы күріштік алқаптары мен су айдындарында балық шабақтарын құтқару

Аудандағы күріштік алқаптары мен су айдындарында балық шабақтарын құтқару

Қоршаған ортаны қорғау – әр тұрғынның міндеті. Осы күні орман-суды және оны мекендеушілерді түрлі табиғат апатынан қорғау, сақтау өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл бағытта аудандағы күріштік алқаптары мен су айдындарында балық шабақтарын құтқару ісі бойынша акция ұйымдастырылды. Оған облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының құтқарушы бас мамандары Жеңісбек Сагидуллаев, Бақтияр Балжанов, Тәңірберген Тайымбетов, Найзабек Қойшыбаев қатысты.


Күз келіп, егін орағы бітісімен аяқ-су пай­даланушы шаруашылықтардың ең басты жұмысы шабақтарды құтқару болып табылады. Су тартылғаннан кейін егістік алқаптар бойында қалып қойған шабақтарды су бойына қайта жіберуде келінтөбелік «Ислам», «Елім-ай», қожакенттік «Береке», «Қойлақы» және «Несібелі» шаруақожалық иелері белсенді атсалысты. Ал табиғат пайдаланушылар және аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің ихтиолог мамандары мен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлерінен құралған құтқарушы топ өкілдері осы науқанның басы-қасынан табылды.
Өздеріңізге белгілі, Жаңақорған өңірі құсқа, түрлі балыққа толы көлдерімен танымал. Ал осы байлықты сақтау мақсатында мұндай құтқару акцияларының рөлі зор.
– Жаз бойы суға толып тұрған каналдар кеуіп қалған. Себебі егінге қажетті су беріліп болған соң су беру маусымы да аяқталады. Осындай уақытта судағы шабақтардың қырылып қалу қаупі болады. Өткізіліп отырған акцияның негізгі мақсаты да осы. Бұл науқан сусыз тіршілік ете алмайтын шабақтарды құтқаруда жоспарлы жұмыс, – деді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының құтқарушы бас маманы Тәңірберген Тайымбетов.
Сондай-ақ құтарылған шабақтар жүк көлігімен тасымалданып, көлдерге құйылған. Бұл жөнінде ихтиолог маман Қуаныш Әбілқасымов:
– Сыр беткейдегі Р-13, Р-13/1, Р-14, Р-14/1 көлінен құтқарылған шабақтар арнайы бригаданың көмегімен ауланып, су құйылған ыдыстар арқылы көлікпен көлдерге құйылды. Яғни облыс әкімдігінің бекіткен жоспарына сәйкес Қожакент, Келінтөбе, Аққорған, Жаңарық, Қыркеңсе ауылдық округтеріне қарасты «Қалғандария-2», «Жыңғылдысай», «Кіржуған», «Қойлақата», және «Жашыкөл» көліне 700 мың шабақтың 215 мыңы жіберілді. Бұл бірінші кезекте өткізіліп отырған науқан болса алдағы уақытта тағы екі рет ұйымдастыру жоспарда бар, – деді.
Ұйымдастырылған акция барысында арнайы құрылғылар және 4 УАЗ көлігі, “Нива” және төрт жеңіл автокөлік пайдаланылып, өз еріктерімен жиналған 31 адам көмекке тартылды. Осылайша мөңке, жыланбалық, торта, табан, көксерке, қылышбалық тұқымдары табиғат пайдаланушыларға бекітілген көлдерге жіберілді.
Қорыта айтқанда, акцияның мақсаты – балық шабақтарының текке қырылуына жол бермеу болса, сол арқылы жастарды туған табиғатты қорғауға тәрбиелеу.

                                                                                                                                                    Лаура АЙДАРХАН
07 қыркүйек 2019 ж. 858 0