№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ӘКІМ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫ БАҒДАРЛАДЫ

ӘКІМ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫ БАҒДАРЛАДЫ


Кеше аудан әкімі Сұлтан Мақашев бір қатар әлеуметтік нысандарды аралап, тиісті мамандарға нақты тапсырма берді.


Алдымен аудандық ауруханаға барды. Ауруханадағы жөндеу жұмыстарын көріп, мердігер компанияға жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізуді және мерзімінде бітіруді тапсырды. Сондай-ақ аудандық аурухананың бас дәрігеріне ем алушыларға жайлылық қалыптастыруға ерекше мән беруге тоқталды.
Аудан басшысы аурухананың терапия бөлімінде ем қабылдап жатқан науқастардың хал-жағдайын сұрап, емін-еркін диалог құрды.
Одан кейін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі және Жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысты.
ХХІ ғасырда адами капиталдың сапасын арттыру маңызды. Яғни заманауи білім дағдыларын меңгерген, интеллектісі жоғары жастарды қалыптастыру керек. Жаңақорғанда жастардың кәсібилігін шыңдауда агро-техникалық колледждің орны бөлек. Сондықтан аудан басшысы кәсіптік білім беретін ордаға арнайы барды. Колледж директоры Жомарт Шәуенов жол бастап, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
– 200 орындық асханаға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда жатақханада жатқан студенттердің тегін тамақтануына жағдай жасалады. Сондай-ақ колледжде «Аспаз» мамандығында оқитын студенттер сабақтан тыс уақытында жұмыс жасап, қаражат табуға мүмкіндік жасалады, – деді.
Аудан басшысы Сұлтан Ысқақұлы:
– Нарықтың талабына сай жұмыс жасау керек. «Мемлекет маған не береді» деп қол қусырып отыратын заман артта қалды. Жан-жақты болу керек, жұмысты жүргізудің тиімді тетіктерін тауып, өзгерісті өзімізден бастауға тиістіміз, – деді.
Колледж директоры оқу корпусы мен жатақхананың 1967 жылдан бері күрделі жөндеу көрмегенін айтып, жаңа ғимарат салуға немесе күрделі жөндеу жүргізуге ықпал етуін сұрады. Мұны құптаған аудан басшысы қажетті құжаттарды дайындап, күрделі жөндеу жүргізуге немесе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаңа ғимарат салуға болатынын айтты.
Аудан әкімі: «Нарықтың сұранысына сай мамандар даярлау маңызды. Әсіресе техникалық мамандықтарды меңгертіп, кәсібін дөңгелетуге баулу керек. Ол үшін педагогтардың кәсіби біліктілігіне мән берген дұрыс. Жаңақорған газбен қамтамасыз етілген. Дегенмен газдың жүргізу жолын, құбырларын, жөндеу жұмыстарын білетін маман жоқтың қасы. Осындай сұранысқа сай мамандықтарды зерделеп, жастарға жаңа дағды, жаңа білім беруді басшылыққа алу керек, – деп тапсырды.
Президент айтқандай, инновациялық білім беру қажеттілік. Ауданда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін енгізуде №110 мектеп-лицейдің өзіндік орны бар. Аудан басшысы мектеп тынысымен танысуды жөн санады.
– Мектеп қанша орындық?
– 1200.
– Қанша оқушы бар?
– 1560 оқушы бар. Биылдан бастап екі ауысым бойынша білім береміз. Біріншісі сыныпқа 227 бүлдіршін келді. Оларды 8 сыныпқа біріктірдік.
– Оқушылардың сапалы білім алуына қандай жағдай жасалған?
– Әлеуметтік аз қамтылған 130 оқушы ыстық тағаммен қамтылған, тасымал мәселесі шешілген. Стоматологиялық сынып жұмыс жасайды. Цифрландыруға байланысты сегіз информатика, екі физика және биология, химия және робот техника кабинеті жұмыс жасайды. 15 интерактивті тақта сапалы білім беруге мүмкіндік береді.
Аудан басшысы Сұлтан Мақашев пен мектеп директоры Әділмырза Таждинов осылай пікір алмасып, білім ордасының мүмкіндіктерін саралады.

P.S.: Сұлтан Мақашев әкім ретіндегі алғашқы жұмысын білім беру, денсаулықты сақтау саласына бағыттады. Президенттің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да осы салаларға басымдық берілген. Ендеше әкімнің әлеуметтік саладан бастаған жұмысына сәттілік тілейміз.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

03 қыркүйек 2019 ж. 2 656 0