№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Табысты кәсіпкер болудың сыры қайсы?

Табысты кәсіпкер болудың сыры қайсы?


«Қоғамға экологтар қажет. Жерді игеріп және тыңайтқыштардың табиғатын танып, табиғатты тірілтетін адамдар аз». Бұл әлем ғалымдарының бүгінгі бас ауруына айналған мәселе. Жаһанды қайдам, Жаңақорғанның жері Көкше сынды шұрайлы болмаса да, тыңайтқышын төсесе жеміс ағашы көктейді. Тек «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз өз өміршеңдігін көрсете алмауда. Яғни, экологиялық тәрбие тұралап тұр. Тал отырғызғаннан гөрі, нарықтық заманның бейіміне ілесіп, теңге тапқанды тәуір көреді. Десе де, бұл күнде бабын тауып, атшаптырым аумаққа түрлі жеміс ағашын жайқалтып, өнімін игілігіне пайдаланып отырған жандар кездеседі.
Мұндай жанашыр экологтардың қатарына жаңақорғандық Амантай Сарбасовты жатқызуға болады. Ол – республикадағы санаулы, Сыр өңіріндегі жалғыз тұқымбақтың иесі. Соданда болса керек, жақында «Ордакент» үйінде Амантай аға басшылық ететін «7 KZ Сыр Табиғаты» ЖШС-не қарасты тұқымбақ аясында «Жеміс ағаштарын тәлімбағында тыңайтқыштарды қолдану жүйесі» тақырыбында семинар өтті. Алқалы семинарға Қазақ Ұлттық аграрлық университетінен ғалымдар келіп, Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында білім алып жатқан ынталы кәсіпкерлерге дәріс берді.


Алқалы басқосудың алғы сөзін алған Кәсіп­керлер палатасының аудандық филиал директоры Марлен Нұртазаев:
– «Бағбан болсаң, бақ өсір, балама деп тағы өсір» демекші, нәтижелі жұмысқа қол жеткізу үшін жергілікті жастар жермен айналысқаны дұрыс. Оның ішінде, бақ өсіріп, бақша өнімдерін көбейтудің ауданға аса қажеттігі бар. Бұл – экологиялық проблемамен күресудің ғана емес, табысты кәсіпкер болудың да негізгі шешімі. Біздің өлкеде экологияны меңгерген кәсіби мамандар аз. Сондықтан бүгінгі семинардан мол тәжірибе аласыздар деген сенім мол, – деді.
Мұнан кейін мінбеге көтерілген ауылшаруа­шылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің «Топырақтану және агрохимия» факульетінің профессоры Айгүл Жаппарова «Ағаш тұқымдығына тыңайтқыш себу» тақырыбында теориялық бағдар берді. Профессордың айтуынша, бүгінгі таңда ағаш егу, жеміс ағаштарын көбейтудің мәні зор. Сондай-ақ ол Қытай мен Тайвань елінде ағаш егу мерекесі мемлекеттік мәртебеге ие екенін жеткізді. Ал алып мұхиттың ар жағындағы АҚШ-та ағаш егу 1872 жылдан бастау алған екен. Сол тұстағы АҚШ-тың ауыл шаруашылық министрі, белгілі саясаткер Стерлинг Мортон ағаш отырғызу акциясына мемлекеттік мәртебе берген десе-ді.
– Жалпы ағашты отырғызып қана қоймай, оны тыңайтқыштармен жетілдірудің орны бөлек. Минералдық тыңайтқыштар ағаштарға нәр беріп қана қоймай, құрт-құмырсқа сынды зиянкестерден сақтап, мол жеміс алуға мүмкіндік туғызады. Органикалық тыңайтқыштар құрамында топырақтың ең маңызды органи­калық қасиеттеріне қажетті макро және микро­элементтер бар. Топырақты қарашірікпен, қажетті химиялық элементтермен байытуға, оның ылғалдылығын молайтып, ауа мен су режимінің реттелуіне, физикалық қасиеттерін жақсартуға мүмкіндік береді. Органикалық тыңайтқыштар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін жоғарылатып, сапасын арттырады, – деді Айгүл Жаппарова.
Профессордың пайымды баяндамасынан соң, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты А.Сәрсенова «Сыр өңірінің сұр топырағына мелиоративті препараттар мен тыңайтқыштарды қолданудың тиімділігі» тақырыбында баяндама оқыды. Ал «Агрофлорин» ЖШС басшысы О.Жәнібеков «Жеміс ағаштарына арналған тыңайтқыш» тақырыбында кеңінен, «Казфосфат» ЖШС бас менеджері Ақмарал Кенжебаева «Минералды тыңайтқыштарды қолдану» тура­сында сөз өрбітті.
Осылайша отандық ғалымдардың иннова­циялық жаңалықтарынан соң, конференция делегаттары Амантай Сарбасовтың «7 KZ Сыр Табиғаты» тұқымбағына барып, экологтың практикалық тәжірибесіне қанықты.

ТҰҚЫМБАҚТАҒЫ ТЫҢ ТӘЖІРИБЕ

Қонақтар алдында сөз бастаған Амантай Бектайұлы Қазақстанда мұндай тұқымбақтар аз екенін жеткізді.
– Негізгі мақсатым – жаһанды жайлаған эко­логиялық проблемға тосқауыл қою арқылы жеміс ағаштарын көбейтіп, ортаны жасыл желекке айналдыру. 2016 жылы негізі қаланған бұл тұқымбақта биылғы жылы 65 000 мың көшет сатылымға дайын. Оның ішінде, алма, алхоры, өрік, шие, шабдалы, алмұрт сынды жемістердің түр-түрі бар. Ал келесі жылға 120 мың көшет сатуды жоспарлаудамыз. Бір ғана алманың «Голден», «Семирианка», «Мельва», «Жаздық алма» сынды сорттары өсіріледі. Сол сияқты өзге жемістерді де будандастыру арқылы көшет алудамыз. Бұйыртса, келешекте 3 облысты көшетпен және жеміспен қамтамасыз етуге қауқарымыз жетеді, – деді Амантай Бектайұлы.
Тәжірибе алмасу барысында белгілі болғандай, өңірде дара саналатын тұқымбақтағы топырақты құнарландыру, жеміс ағаштарын нәрлендіру үшін сырттан ешқандай минералды тыңайтқыштар мен дәрі-дәрмектер алынбайды екен. Көз ашқалы тіршілікті танып, өсімдік өсірудің сырына қаныққан тұқымбақ басшысы мұнда үйректер мен қаздарды көптеп асырайтын-ды. Үйрек-қаздар жуынған сумен көшеттерді суғару арқылы мол өнім алуға жол ашса, лобия егіп, топырақты табиғи түрде азоттандырып отыр. Мұнда ақ, қара, қызыл түсті элиталық сортқа жататын лобия да көптеп егілген. Елімізде сирек кездесетін бұл сорттарды кәсіпкер ерте көктемде Түркиядан арнайы алдыртқан.
Сондай-ақ тұқымбақтың тынысымен танысу барысында шаруашылықтың бас агрономы Айдын Ибадуллаева да өз пікірін ортаға салды.
– Егін егу ережесіне сай тұқымбақта ең бірінші қатарға итмұрын егілуі тиіс. Одан соң 2 метрден соң қараөрік немесе шие, ал содан кейін терекпен қоршалу керек. Өйткені, алыстан соққан аңызақ желге бұл өнімдер қалқан болады. Жаңақорғанда жиі жел соғуының негізгі себебі – ағаштардың аздығы, жасыл желектің жоқтығы. Біз мұны басшылыққа алып, бәрін егін егудің ережесіне сай орындадық. Бүгінде 14 адам тұқымбақтың маусымдық ішкі жұмыстарын үйлестіріп отыр, – деді бас агроном.
Айналаны жасыл желекке айналдырған алып тұқымбақты аралау барысында кез-келген ынталы кәсіпкер үшін пайдалы ақпаратқа қанықтық. Зер салып, оқыңыз. Бәлкім сіз іздеп жүрген мәлімет болуы әбден мүмкін.
Заңды түрде мемлекеттен сертификат алып, заңдастырылған кәсіпкерлік нысанынан көшет сатып алған адамға «Ауылшаруашылығы бөлімдері” арқылы қайтарымсыз субсидия беріледі. Яғни ынталы кәсіпкер жеміс ағаштарын өсіріп, көбейтетін болса «7 KZ Сыр Табиғаты» ЖШС-мен келісімшартқа отырып, мемлекеттен жеңілдетілген қаржы алуына мүмкіндігі бар. Бүгінде 50 гектар жердің 20 гектарына көшет егілсе, өзге аймағы бос тұр. Кәсіпкер келешекте мұны да игеріп, көшет егу қарқынын көбейткісі келеді екен.
Практикалық семинар соңында «Жас кәсіпкер» жобасы аясында курсқа қатысып жатқан шәкірттерге сертификат табысталды. Мұндай маңызды семинарлар көптеп ұйымдастырылса жұмыссыз жастарға мол бағдар беретіні айқын.

Ханзада ДОШАН

27 тамыз 2019 ж. 941 0