№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Биыл Жаңақорғанда 4 спорт кешені пайдалануға беріледі

Биыл Жаңақорғанда 4 спорт кешені пайдалануға беріледі


Облыстық форумның тізгінін қолға алған модератор, аудан әкімі Ғалым Әміреев ә-дегеннен аудан бойынша бүгінде МЖӘ аясында 10 спорттық сауықтыру кешені бой көтеріп жатқанын мәлімдеді. Әрі кент тұрғындарына тағы бір сүйінші жаңалығымен бөлісті. Сәтін салса, тиімді жоба шеңберінде «Саяжай» мөлтек ауданынан жабық үлгідегі бассейн бой көтереді.
– Ел экономикасын жаңа белеске көтеруге, оны әртараптандыруға және кәсіпкерлерді бюджеттің қарымы жете бермейтін ірі инвестиция тартуға бағытталған жобаның тиімді тұсы көп. Мемлекеттік жекешелік-әріптестік аясында бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандардың 70 проценті ауылдық округте. Бұл елді мекен тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Бұл бағытта ауданда 10 спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Барлығы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Оған қоса, жоба аясында кенттегі «Саяжай» мөлтек ауданынан 650 шаршы метрді құрайтын заманауи жабық үлгідегі жүзу бассейнін салу жоспарлануда. Бүгінде жеке кәсіпкер Амандық Жакиров екі жақты келіссөздер жұмысын жүргізуде. Сәтін салса, биыл құрылысы басталып, 2020 жылы мамыр айында аяқталады деп күтілуде, – деді Ғалым Махмұтбайұлы.
Сондай-ақ биыл жоба шеңберінде Жайылма, Өзгент, Қосүйеңкі, Екпінді, Бесарық ауылдық округіне қарасты Кеңес ауылында мәдениет нысандарының құрылысы басталатыны белгілі болды. Айта кететіні, биыл МЖӘ аясында ауданда 5 медициналық нысан іске қосылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Олар М.Нәлібаев ауылында фельдшерлік амбулаториялық бекет, Өзгент, Бірлік ауылында дәрігерлік-амбулатория, Билібай мен Талап бекетінде медициналық бекеттерінің іске қосылуы. Мұның барлығы да мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының жемісі. Бір айта кетерлігі, мұның барлығы 10 айдың ішінде атқарылған шаруа.
Мұнан кейін мінберге көтерілген облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы Раушан Демесінова Қызылорда облысы бойынша Жаңақорған МЖӘ қаржысын игеруде көш басында екенін жеткізді.
– Біріншіден, мемлекеттік-жекешелік әріптестік – бұл жергілікті бюджетке ауыртпалықты азайту. Екіншіден, инвестиция тарту арқылы, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру. Үшінші, инвестор үшін – ұзақ мерзімге тұрақты бизнес көзін ашу болып табылады. Қазіргі таңда өңірде МЖӘ шеңберінде 116 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, 39 жоба бойынша келісімшарттарға қол қойылған. Бұл деген сөз – 14 млрд. теңге инвестиция ауыл халқының игілігіне жұмсалады. Өйткені, жобалардың басым бөлігі елдімекендерде жүзеге асуда, – деді Раушан Ерболқызы.
Одан әрі «Қызылорда облысының аймақтық мемлекеттік-жекешелік әріптестік» ЖШС-нің сарапшысы Жанат Сапаржанова МЖӘ аясында Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстарды талдады. 2017 жылдан бастап іске қосылған жобаның тиімділігі көп екенін тілге тиек еткен сарапшы республика бойынша бұл жобаны дамытуда Қызылорда алдыңғы қатарда болса, аудандар арасында Жаңақорған көш басында деді. Қазіргі таңда облыс бойынша 19 жоба жүзеге асып жатса, соның 10-ы осы ауданға тиесілі екенін жеткізді.
Ал «Қазпошта» АҚ-ның облыстық филиалы директоры Аида Әбибуллаева кәсіпкерлерге қатысты қызмет аясы кеңейіп келе жатқанын мәлімдеді. Яғни жаңадан франчайзинг бағыты іске қосылып жатқаны белгілі болды. Қазіргі нарық талабына сай франчайзинг жылдам дамып жатқанын тілге тиек еткен Аида Ибрагимқызы «Қазпошта» арқылы да осы кәсібіңізді жандандыруға болатынын айтты. Кез келген кәсіпкер поштаның франшизалық бөлімін ашып алып, жұмыс жасауына болады. Бұл кәсіпкерлер үшін таптырмас тетік. Ауылда отырған кәсіпкер өз өнімін «Қазпошта» арқылы әлемнің түпкір-түпкіріне экспорттауына мүмкіндік алады. Бұл жерде пошта қызметі әлемге әйгілі «Аli Express» сынды ірі электронды сауда қызметін атқарады.
– Еліміз цифрландыруға белсенді қадам басқан тұста Қазпоштада интернет коммерция қарқынды жүзеге асуда. Бүгінде «Қазпошта» АҚ дүниежүзілік 350 мыңнан аса интернет дүкендермен сәлемдемелер және басқа да тұтынушылық тауарларды жеткізіп беру бойынша келісім шартқа қол қойған. Оның ішінде жаһанға мәлім танымал бизнесмен Джек Ма басқаратын «Ali Express» компаниясымен келісім бар. Осы қосымша арқылы кез келген клиент қажетті заттарын шетелден интернет дүкен арқылы сатып алады. Мұндай интернет платформаны бізде іске қосып жатырмыз, – деген Аида Әбибуллаева кәсіпкерлерді интернет жобаға серіктес болуға шақырды.
Сөз тізгінін соңғы болып алған «Еуразиялық банк» АҚ Қызылорда облыстық филиалы директорының корпоративтік мәселелер жөніндегі орынбасары Мұрат Нұғыманов кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие алудың жолын түсіндірді. Банк өкілі жақында ғана аудан орталығынан шағын офис ашқанын айта келе, алдағы аптада банкомат қоятынын мәлімдеді. Өздеріңізге белгілі, ел Үкіметі «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту мақсатында 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлініп, басым жобаларға жеңілдетілген несие берудің бағдарламасын іске қосқан болатын. Осы тұста «Еуразиялық банк» директорының орынбасары несиелендіру жолын кеңінен айтып берді. Әрі банк арқылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелендіру жолын түсіндіріп берді.
Алқалы форумды түйіндеген Ғалым Әміреев алдағы уақытта да мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберіндегі жобалар санын арттыра беретінін айта келе, бұл бағытта әлі де болса инвесторлар тарапынан белсенділік қажет екендігін жеткізді.


Самат ӘБДІШ.
17 тамыз 2019 ж. 854 0