№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » МЖӘ: ҚОС ТАРАПҚА ТИІМДІ ӘРІПТЕСТІК

МЖӘ: ҚОС ТАРАПҚА ТИІМДІ ӘРІПТЕСТІК

Соңғы үш жылда Сыр өңірінде түрлі салада мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында пайдалануға берілген әлеуметтік нысан қатары арта бастады. Қос тарапқа да тиімді деп танылған әріптестік мемлекет пен бизнестің бірлесе әрекет жасауына жол ашты. Ел экономикасын жаңа белеске көтеруге, оны әртараптандыруға және кәсіпкерлерді бюджеттің қарымы жете бермейтін ірі инвестиция тартуға бағытталған жобаның тиімді тұсы көп. Хош. Сонымен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) дегеніміз не? Өткен жылы әріптестік аясында Жаңақорған ауданында қанша әлеуметтік нысан пайдалануға берілді? Биылғы меже қандай? Біз осыны зерттеп көрдік.

Қызылорда облысы – мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту бойынша елдегі бес үздік аймақтың бірі. Бүгінгі таңда облыста 84 МЖӘ жобасы іске асырылуда, оның ішінде, 32 жоба бойынша келісім шартқа қол қойылған. Басым бөлігі – денсаулық сақтау саласының нысандары. Аталған салада 29 жоба аясында жұмыс жүргізілуде екен. Мәселен, 2018 жылы әріптестік аясында ауданда 2 ФАП, 2 медпункт салынып, пайдалануға берілген. Ал, Бірлік, Өзгент ауылында өткен жылдан бастап ауылдық емхананың құрылысы басталса, биыл Жаңарықтағы ауылдық емхананың жобасы мақұлданып отыр.
Биыл облыстағы аудандар арасында МЖӘ шеңберінде жүзеге асқалы жатқан жобалар бойынша біздің аудан көш ілгері. Бұл жөнінде аудан әкімі Ғалым Әміреев ауылдық округ тұрғындары алдында есеп беру кездесуінде айтқан еді. Әкімнің сөзінше, 2019 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 38 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде энергетика саласы бойынша – 8, білім саласы бойынша – 7, спорт саласы бойынша – 12, денсаулық сақтау саласы бойынша – 4, мәдениет саласы бойынша – 5 және әлеуметтік қорғау саласы бойынша – 2 жоба. Бұл нақты жүзеге асатын жобалар. Жұмыс жасалуда. Ал, МЖӘ аясында жүзеге асқан жобалар бойынша Шиелі көш басында. Мәселен, Ақмая, Еңбекші, Алғабас ауылдық округінде спорт кешені салынса, Жөлек, Гигант, ауылында спорттық сауықтыру кешені бой көтерген. Жалпы, аймақта соңғы екі жыл ішінде 16 спорттық сауықтыру кешені пайдалануға берілсе, оның 9-ы МЖӘ аясында салынған.
Міне, осындай қос тарапқа да тиімді әріптестік аясында бой көтерген спорттық кешен өткен жылы Сүттіқұдық ауылында ашылған болатын. 150 орындық жаңа спорттық-сауықтыру кешенін сүттіқұдықтық Гүлжайна Рысбаева ашқан болатын. Инвестор өз қалтасынан 100 млн. теңге қаржы шығарып, ауыл жастарының келешегіне керемет мотивация беретін инвестиция құйды. Бүгінде елді мекендегі спорт кешенінде еркін күрес, тоғызқұмалақ, бокс, гандбол спорт бойынша ауыл жеткіншектері шеберліктерін шыңдауда. Әрине, мұндай мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде спорттық-сауықтыру кешендердің екеуі Жаңақорған кентінде салынуда. Меценат Асылхан Шайыхов кенттегі қос қабатты ғимаратқа қайта жаңғырту жұмыстарын жасап, ақпан айынан бастап іске қосылады. Ал, екіншісі, Болат аудан орталығынан жаңадан құрылысын бастап, қабырғасын көтеріп қойды.
Сондай-ақ, Жаңақорған ауданының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бюджеттік саясат және жоспарлау секторының меңгерушісі Рүстем Ибрагим дәл бүгінгі таңға облыста МЖӘ шеңберінде 20 жоба мақұлданып отырғанын мәлімдеді.
– Негізі облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсынылған жобалар саны – 38. Бірақ қазіргі таңда 20 жоба қолдау тауып отыр. Оның ішінде, мәдениет саласы бойынша Екпінді, Жайылма, Қосүйеңкі, Кеңесте 4 ауылдық клуб қаралған. Оған қоса, Өзгенттегі ауылдық клубтың да құжаты дайын. Спорт саласында 10 жоба, энергетика саласында 4 жоба, әлеуметтік сала бойынша 2 жоба мақұлданды. Әрине, мұның қатары жыл соңына дейін артады. Жалпы, жаңақорғандық кәсіпкерлердің бұл бағдарламаға көзқарасы оң. Содан да болар, ұсынылған жобалар саны бойынша облыста өзге аудандардан озықпыз, – дейді Рүстем Рәбілұлы.

МЖӘ: ҚҰЖАТ ЖАҒЫ ҚИЫН БА?
2018 жылдан бастап, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын әзірлеу кезеңі 7 айдан 3 айға дейін қысқартылды. Нақтырақ айтқанда, арнайы «Бағдарламалық МЖӘ» енгізілді. Бұл дегеніміз жеке әріптес пен МЖӘ жобаларын таңдау барысында қосымша сараптамалар жасалмайды. Яғни, арнайы әр сала үшін мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларда барлық рәсімдер жазылып тұрады деген сөз.
Мұнан өзге, МЖӘ жобаларын жоспарлау барысы да оңтайландырылуда екен. Бұрын бұл 5 кезеңнен тұрса, қазір 3-кезеңге дейін төмендетілген, инвестициялық ұсынысқа сараптама жасалады, байқау өткізіледі, МЖӘ келісім шарты жасалады. Ал, бұған дейінгі жобаның тұжырымдамасы мен МЖӘ келісім шарты жобасының сараптамасын жасау деген талап алынып тасталған.
– Жалпы МЖӘ жобаларын әзірлеу кезеңі 7 айдан 3 айға дейін қысқартылды. Осыған орай, МЖӘ процедурасы қолжетімді бола түсті. Бұл жайт инвесторларға ұзақ мерзімді қаржы салуға мүмкіндік береді. Заңнамаға енгізілген өзгерістің нәтижесінде әлеуетті мемлекеттік әріптестердің ауқымы мемлекеттік кәсіпорындармен толықты. Сонымен бірге, мемлекеттік бюджет шығынын болдырмау мақсатында мемлекеттің жоба аясындағы қаржылық міндеттемесі бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің қаржыны жоспарлау барысында негізгі лимиттен аспауы ескерілетін болады. Мәселен, Бюджеттік Кодексте аудан әкімдігі (немесе облыстық маңыздағы қала) МЖӘ жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемесін мәслихатпен қабылданған құжат негізінде орындауды қамтамасыз ететін норма қарастырылған. МЖӘ келісім шарттарын бақылауда ұстау тетігі ретінде қазынашылық органдарымен келісім шартты тіркеу қарастырылған. Мысалы, мемлекеттік сатып алу саласындағы келісім шарттар қазынашылықта тіркеледі ғой. МЖӘ келісім шарттары да осындай мәртебеге ие болып отыр, – дейді аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Марлен Нұртазаев.
Түйіндей айтқанда, дамыған елдер экономикасында мемлекет пен жеке бизнестің өзара қарым-қатынасының жаңа формасы – мемлекет пен жекешелік әріптестік кең қанат жайып келеді. Ол әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға және жеке кәсіпкерлік нысандарын тартудың тиімді механизмі болып табылады. Ендігі кезекте, ел экономикасы саясатындағы өзекті мәселенің бірі – осы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жеделдете дамыту болып отыр. Бұл бағытта Жаңақорған ауданында жемісті жұмыс бар.

30 қаңтар 2019 ж. 907 0