№46 (8960) 20

20 маусым 2026 ж.

№45 (8959) 16

16 маусым 2026 ж.

№44 (8958) 13

13 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » ҚАЛАМЫНАН ТАРИХ ТАМҒАН ТҰЛҒА

ҚАЛАМЫНАН ТАРИХ ТАМҒАН ТҰЛҒА


Мағыналы ғұмыры бір әулеттің ғана емес, тұтас бір өңірдің тарихымен астасып жатқан қарымды қалам иесі, 1972-1986 жылдары аудандық “Коммунизм жолы” газетінде редакторлық еткен Құдабай Ертаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Руханият» орталығында аудандық жазба ақындар мүшайрасы өтті.


«Жаңақорған тынысы» газеті – өңір тарихынан сыр шертетін жәдігер. Сарғайған сары парақтардан елдің сөзін сөйлеп, халықтың хал-ақуалын пәтуәлі шешуге жол ашқан қаламгерлердің қолтаңбасын көруге болады. Солардың бірегейі ел аузында есімі қалған Құдабай Ертаев 1926 жылдың ақпанында Төменарық топырағында дүние есігін ашқан. Қарапайым еңбекқор отбасының тәрбиесін көріп өскен ол жастайынан зеректігімен, білімге құштарлығымен ерекшеленді. Әкесі Ертай мен анасы Күміскүл перзент бойына адалдық пен еңбекқорлықты, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті сіңіре білді.
Балалық шағы ел басына күн туған күрделі кезеңдермен тұспа-тұс келді. Қиындықты жоқшылықты көріп өскен жас жігіттің жүрегінде туған халқына қызмет ету арманы ерте оянды. Сол арман оны білім жолына жетеледі. Мектеп қабырғасындағы алғыр оқушы Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп, тарих пен география мамандығын меңгерді. Бұл таңдау кездейсоқ емес еді. Өткеннің өнегесін ұғыну мен туған жердің табиғатын тануға деген құштарлық оны осы салаға алып келген болатын. Институтты тәмамдаған жас маман туған жеріне оралды. Ұстаздық жолын таңдады. Ұстаздық ете жүріп, шәкірт санасына білім нәрін септі. Әр сабағын тағылымға толтырып, тарихтың қатпарлы беттерін оқушы жүрегіне жеткізе білді. Кейін мектеп директоры қызметіне тағайындалғанда да басты мұраты – білім мен тәрбие сапасын көтеру болды.
Ұстаздық – оның өміріндегі алғашқы үлкен белес еді. Бірақ тағдыр оған бұдан да ауқымды міндеттер жүктеді. Оның қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі мен ұйымдастырушылық қабілеті аудан басшыларының назарын аударды. Сөйтіп, партиялық қызметке шақырылды. Шиелі аудандық партия комитетінде, кейін Жаңақорған аудандық партия комитетінде қызмет атқара жүріп, халықпен етене араласты. Ауыл-ауылды аралап, еңбек адамдарының тыныс-тіршілігін көрді. Елдің мұңын тыңдап, қуанышына ортақтасты. Бұл жылдар оның өмірлік тәжірибесін байытып, азаматтық көзқарасын қалыптастырды.
Алайда Құдабай Ертаевтың есімін көпшілікке кеңінен танытқан қаламгерлік қабілеті еді. 1972 жылы ол аудандық «Коммунизм жолы» газетінің бас редакторы болып тағайындалды. Бұл кезең аудандық басылымның жаңа серпін алған шағы еді. Газет – жай ғана ақпарат құралы емес, халықтың үні, елдің рухани айнасы болатын. Осы жауапкершілікті терең түсінген Құдабай Ертаев басылымның мазмұнын байытуға, шығармашылық ұжымның кәсіби деңгейін көтеруге бар күш-жігерін жұмсады.
Редакторлық қызметтің оңай емес екенін ол жақсы білді. Газетке келген әрбір мақала, оқырман хаты халықтың тағдырымен байланысты екенін сезінді. Сондықтан журналистерге сенім артып, олардың шығармашылық еркіндігіне кең жол ашты.
Іскер басшы аудандық газетті жаңа белеске көтеріп, 1975 жылы республикадағы аудандық газеттер арасында үздік атанып, бірінші орынды иеленді. Бұл – бір адамның емес, тұтас ұжымның жеңісі еді. Бірақ сол жеңістің бастауында көреген редактордың еңбегі тұрғанын замандастары ерекше құрметпен еске алады.
Құдабай Ертаевтың тағы бір тарихи еңбегі – аудандық басылымның атауын өзгерту жөніндегі бастамасы. Кеңестік идеологияның иісі шығып тұрған «Коммунизм жолы» атауын өзгертіп, елдің тыныс-тіршілігін айшықтайтын «Жаңақорған тынысы» деген атауды ұсынуы оның ұлттық рухының биіктігін аңғартты. Бұл ойы іске асып, бүгінге дейін төл газетіміз осы атаумен шығып келеді.
Құдабай Ертаев мықты журналист қана емес, қала­мы қарымды жазушы да. «Сыр саңлақтары», «Түгіскен түлектері», «Он сегізінде от кешкен» сынды кітаптарында туған өлкенің тарихын, елге еңбегі сіңген азаматтардың өмірін кейінгі ұрпаққа аманат етті. Ол үшін жазу – кәсіп емес, халық алдындағы парыз болатын. Сондықтан әр кейіпкердің тағдырынан тұтас дәуірдің бейнесін көрсетуге ұмтылды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін тәуелсіздікке ұмтылған елдің рухани жаңғыру кезеңінде «Қазақ тілі» қоғамының аудандық бөлімшесін басқарып, ана тіліміздің мәртебесін көтеруге атсалысты. Қоғам жанынан «Мирас» атты газет шығаруды қолға алды. Ұлт руханиятына қызмет етуді өмірінің соңына дейін жалғастырды. Отбасында жары Жайдар Өскенбаевамен бірге бес перзент тәрбиелеп өсірді. Балаларына адал еңбек пен адамгершіліктің үлгісін көрсетті. Әкелік мейірім мен азаматтық жауапкершілікті қатар алып жүрді. 1991 жылдың көктемінде 65 жасында жүрегі соғуын тоқтатты. Қаламынан туған дүниелер, тәрбиелеген шәкірттері, ізін жалғаған ұрпағы оның өмірінің жалғасына айналды.
Биыл осынау тарихи тұлғаны қайта тірілтіп, ұмытыла бастаған бейнесін жаңғыртуға арналған рухани шараға Құдабай Ертаевтың перзенттері, ағайын-туысы қаты­сып, сағынышқа толы естеліктерімен бөлісті. Салтанатты шараның басында сөз алған бауыры Әбдікалам Ертаев тебірене сөз бастады.
– Құдабай аға аудандық газетке бас редакторлық еткен жылдарында елдің мәселесімен көбіне түзде жүрді. Ол кісінің қас-қабағына қарап-ақ не айтқысы келетінін сөзсіз ұқтық. Бейнеткештігі мен әділеттігі бізге үлгі еді. Бәріміздің білімді азамат болып өсуімізге жол ашып, оқытып, тәрбие беріп, ақылын айтып, қоғамға белсене араласудың маңызын ұқтырды, – деді ол.
Шараның екінші бөлімі ақындар мүшайрасына ұласты. Мүшайра талабына сай ақындар екі кезең бойынша сыңға түсті. Алғашқы кезеңде ақындар «Сөз зергері Құдабай Ертаев» тақырыбында арнау оқыса, екінші кезеңде Тәуелсіздіктің 35 жылдығына өлең арнады. Бірінші болып ортаға шыққан Арман кенттік мәдениет үйінің қызметкері Шыңғысхан Мырзалы тақырып ауанына сай төкпелетті. Одан әрі «Жаңақор­ған тынысы» газетінің тілшісі Мақпал Патенова арда­гер қаламгерге деген құрмет-қошеметін жұп-жұмыр ұйқасқа сыйдырды. Сондай-ақ, «Қатал сыншы Құдабай» тақырыбында Мадияр Оспанов, «Таңғы түс» – Мұстафаев Ерсұлтан, «Туған елдің тұғырлы ұлы» – Айман Үсено­ва, «Төменарықтың тарланы» – Айғаным Маденова, «Құдабай әкеге» – Динара Жапекова, «Ағаға арнау» – Азамат Тәуекел, «Тау тұлға» – Ізбасар Әбдібектегі, «Қаламы өшпес қайраткер» Гүлназ Тасболат, «Редактор Құдабайға» тақырыбында Ақтоты Сағымбай арнау өлеңдерін жолдады.
Ауданның жазба ақындарының қарым-қабілетін саралаған әділ-қазылар құрамында «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова, М.Көкенов атындағы шығармашылық мектебінің директоры Уали Ибрагимов, осы әулеттің мүшесі Әбдікалам Бердібекұлы болды.
Мүшайра қорытындысында бас жүлде Ерсұлтан Мұстафаевқа, бірінші орын Мақпал Патеноваға, екінші орын Ізбасар Әбдібектегі мен Мадияр Оспановқа, үшінші орын Шыңғыс Мырзалы, Айман Үсенова, Азамат Тәуекелге бұйырды.
Ақпарат саласының ардагерін ұлықтаған рухани-мәдени іс-шараның өтуіне атсалысқан «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова арнайы сөз алды.
– «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегендей, аудан тарихын айна-қатесіз келешек ұрпаққа аманаттап, тұтас дәуірдің үнін жеткізіп отырған аудан ақпаратының қайнары – «Жаңақорған тынысы» газетінің тарихы тереңде жатыр. Сонау 1933 жылдың қыркүйегінен бастап жарық көрген басылым үнемі халықтың сүйеніші, елдің үні болып келеді. Соғыс басталған 1941 жылы бір жыл жұмысы тоқтап қалып, ел құлаққа ұрған танадай соқыр-мылқаудың күйін кешіп, жаңалықтан мақұрым қалған шақта аудандық газетті шығару жедел қайта қолға алынды. Газеттің қарашаңырағынан талай қаламгерлер қанат қаққан екен. Солардың қатарында еңсесі асқақ Құдабай Ертаевқа 100 жыл толып отыр. Аудандық газетті үздік басылымға айналдырған редактордың еңбегі, ұжым басқарудағы әділеттігі, талантты тұлғаларды елге танытудағы көрегенділігін көзін көрген абыз-қарияларымыздан талай естідік.
Ол кезде 8-9 сыныпта оқып жүрген кезім. Талай рет Құдабай ағаға мақала-әңгімелерімді алып келетін едім. Сол бір ыстық естеліктер жадымда мәңгі сақталады, – деді бас редактор.
Рухани шарада бас қосқан перзенттері Қазыбек, Еркін, Сәбира, Маржан әке тағылымы жайында өз естеліктерін жеткізсе, бауырлары Нұржан, Асқар, Рашид, Құрманбек, Жұмаш арқасүйері болған ағаларының адами қасиетін сөз етті.
Құдабай Ертаев туралы сөз қозғағанда біз бір адамның өмірбаянын ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресін парақтаймыз. Өйткені оның тағдыры – туған жерге адал қызмет етудің үлгісі. Оның өмір жолы – еңбек пен парасаттың жолы.
Осындай азаматтар барда ел тарихы өлмейді. Осындай тұлғалар арқылы ұрпақ өткенін таниды, болашағына бағдар алады. Құдабай Ертаевтың жарқын бейнесі туған халқының жүрегінде, Сыр өңірінің рухани тарихында мәңгі сақтала бермек.

Мақпал МАРҚАБАЙ

20 маусым 2026 ж. 37 0