№72 (8985) 22

22 қыркүйек 2026 ж.

№71 (8985) 19

19 қыркүйек 2026 ж.

№70 (8984) 15

15 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » АУДАН АҚЫНДАРЫ «ҮЗДІК МЕКТЕПТЕ»

АУДАН АҚЫНДАРЫ «ҮЗДІК МЕКТЕПТЕ»


Облысымызда үздік мектеп атанып, арнайы грант иеленген №286 мектеп-лицейінің ұжымы тағы да бір жаңашылдығын мойындатты. Қаламгерлерді қонақ етіп, төрге оздырды. Мұндай құрметті орта буындағы ақындар тұңғыш рет сезініп отыр. Үнемі таланттарға шабыт беріп, талабын көкке шарықтататын мектеп директоры Лаззат Машбеккызы өзінің көрегендігін, реформатор шебер басшы екенін байқатты.

Ашығын айтуымыз керек, үздік ұжымның бұған дейін де талай рет креативті іс шарасына куә болдық. Мектептегі суретші, спортшы, күйші, әнші, ақын, білімді балалардың халықаралық деңгейде бақ сынауға іскер басшының өзі демеуші болғанын талай таланттың өз аузынан естіген едік. Бүгінгі игі шарада Лаззат Машбекқызының болмысынан өнерге деген құрметтің биігін байқадық.
Бүгінгі кештің жөні тіпті бөлек. Тілдер мерекесіне орай “Тіл. Бірлік. Болашақ” атты онкүндіктің бір күні ақындарға арналды. Мектеп кіреберісінен бастап «Керұғлы» күйін әуелеткен балалардың ұлттық өнерге бейім екенін жүрекпен ұғына түстік. Фоедегі лэд-экраннан аудан ақындары жайлы деректер үздіксіз беріліп тұрды. Кең дәлізді жағалай ақындардың іс-шарасы, айтыс аламанындағы жампоздар, өлең оқып тұрған таланттардың тарихи сәті бейнеленіпті. Бұл мектептің аурасы бөлек, шетелдің дамыған мектебіндегідей жаңа технология, робототехника, халықаралық білім беру үрдісі, жүйелі жұмыс кімді де болсын қызықтыра түседі. «Бір бала – бір жұлдыз» деген ұраны бар ұстаздардың да жемісті жұмысы кімге де болса үлкен тәжірибе, мотивация, стимул бола алады.
Мектептің мәжіліс залында «Жаңақорғанның жыр жауһарлары» деген тақырыпта әдеби-сазды кездесу ерекше сарынмен басталды. Сахна шымылдығы жергілікті ақындардың жалынды өлеңдерімен түрілді. Осы мектептің бірқатар әдебиет сүйер таланттары Жайна Шамшиахмет жергілікті ақын Айғаным Мәденованың өлеңін, Нұрайым Кәрібаева ақын Динара Жапбекованың «Тәуелсіздік жемісі» өлеңін, Сәулебек Айару Жанболат Ерсұлтан «Ұмытылмайсың ұлы адам», Қ. Каусар ақын Ерсұлтан Мұстафаевтың «Өмір дәптері» кітабынан үзінді, Мажит Жаннұр ақын Шыңғыс Мырзалының «Қоңырау», Жамбыл Айару ақын Азамат Тәуекелдің «Мың алғыс» өлеңін, Жаннұр Мажит ақын Дүйсенбай Қайсардың «Тілім» өлеңін жатқа айтты. Ақындармен басқосуды осы мектептің мұғалімі Ханзада Дошан жүргізіп, ақындардың жан-жақты қырын ашуға тырысты. Жергілікті ақындарды дәріптеген рухани шарада талантты оқушылардың көптігі жанымызды жадыратты. Арнау оқылып, жан сырымызды ақтардық. Бұрын-соңды айтпаған құпиямызбен бөлістік.
Арнайы басқосуға келген ақындар Ерсұлтан Мұстафаев «Тамызбен қоштасу», Шыңғысхан Мырзалы «Жаңақорған –жаннатым менің», Ерсұлтан Жанболат «Бақытты балалар», Айжарқын Найманбай «Бір ғұмырдың биігі», Айғаным Мәденова «Ана», Ізбасар Әбдібектегі «Ана тілім –айбарым», Мақпал Марқабай «Солай, әке», Қайсар Дүйсенбай «Автобиография», Динара Жапекова «Тәуелсіздік жемісі», Гүлназ Тасболат «Тағдырдың кілті ізгілік», Ұланбек Бексаба «Желтоқсан», Аманжол Әбдіхамит «Әскерге бар, бауырым» өлеңін көпшіліктің назарына ұсынды. Гуманитарлық пәндер бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген рухани кеште оқушылардың даму деңгейі жоғары екендігін аңғардық. Ойлары ұшқыр, ашық дискуссияда еркін көсіле алатыны мектеп әкімшілігінің дұрыс бағыт-бағдар ұстанып отырғанының арқасында екендігі сөзсіз. Кешті мектеп директоры Ләззат Машбекқызы қорытындылап, аудан ақындарына ризашылығын білдіріп, сый-құрмет жасады. Ақындық қасиетті арда тұтқан білім ордасына шынайы алғысын білдірген ақындар арнау шығарып, төкпе жырмен сусындатты. Үздік мектеп үлгісі осындай рухани демеуімен құнды болып қала береді.

Мақпал МАРҚАБАЙ
22 қыркүйек 2026 ж. 73 0