МЕЙІРІМ – ЖАННЫҢ ШИПАСЫ

Адам үшін денсаулықтан қымбат байлық жоқ. Сырқаттанып, қозғалысы шектелген кезде науқасқа медициналық көмектен бөлек, жылы сөз бен мейірім де қажет. Әсіресе оңалтуды қажет ететін жандар үшін медицина қызметкерлерінің әрбір ықыласы мен қолдауы маңызды.
Осындай науқастар үшін физиотерапиялық ем-шаралар мен оңалту көмегін көрсететін бөлімнің жұмысы да аса қымбат. Мұнда инсульт алған, қозғалысы шектелген, сүйек-буын ауруларынан зардап шегетін және түрлі жарақаттан кейін оңалтуға келген жандар ем қабылдайды. Бөлімнің жұмысын аға мейіргер Гүлнара Ержанова үйлестіреді. Мейіргерлер Нұргүл Исмаилова, Қасиет Сейданова, Эльмира Нысанбаева, Жансая Ысқақ науқастардың жағдайын бақылап, ем-шаралардың уақытылы жүргізілуіне жауапкершілікпен қарайды. Ал массажистер Бекзат Пірімқұлова мен Бауыржан Ахметов науқастардың қимыл-қозғалысын қалпына келтіруге бағытталған жұмыстарды атқарады. Әсіресе инсульттен кейінгі және жарақаттан соң оңалу кезеңінде массаждың маңызы зор. Бөлімдегі тазалыққа Айгүл Тажбенова жауапты.
Тазалық пен санитарлық талаптардың сақталуы – емделушілер үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай қалыптастыруда ерекше маңызға ие. Бұл ұжымның еңбегін емделіп шыққан науқастардың пікірі де айқын көрсетеді. Осы бөлімде ем қабылдаған Гүлайым Шамшиева бөлім қызметкерлеріне ризашылығын білдірді. – Мен осы бөлімде он шақты күн жатып ем алдым. Осы уақыт аралығында медицина қызметкерлерінің науқастарға деген қарым-қатынасына риза болдым. Барлығы кішіпейіл, жылы сөздерін айтып, науқастарға мейіріммен қарайды. Әр емшараны өз деңгейінде жүргізіп, бізге зор көңіл бөліп отырды. Ауырған адамға жылы сөздің өзі үлкен демеу екен. Бөлімдегі барлық қызметкерлерге еңбектері үшін алғысымды білдіремін, – дейді Гүлайым Шамшиева.
Науқастың бұл пікірі – медицина қызметкерлерінің еңбегіне берілген шынайы баға. Өйткені емдеу ісінде кәсіби біліктілікпен бірге адамға деген ізгі ниет пен жанашырлықтың да орны бөлек. Оңалу – ұзақ әрі табандылықты қажет ететін үдеріс. Бір науқас үшін алғашқы қадамын жасау үлкен жеңіс болса, енді бірі үшін қолын қайта еркін қимылдатудың өзі қуаныш. Осындай әрбір кішкентай жетістіктің артында медицина қызметкерлерінің тынымсыз еңбегі жатыр. Бөлім мамандарының ортақ мақсаты – науқастың денсаулығын жақсартып қана қоймай, оның қалыпты өмірге қайта оралуына ықпал ету. Ақ халатты жандардың күнделікті еңбегі көп жағдайда көзге көрінбейді. Бірақ науқастың жүзіндегі қуаныш, алғашқы қадамы мен «рахмет» деген бір ауыз сөзі – олардың еңбегіне берілген ең үлкен марапат. Дерттіге шипа сыйлау – кәсіби міндет болса, оны мейіріммен атқару – үлкен адамгершіліктің белгісі.
Мақпал МАРҚАБАЙ




