ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ: ЖАҢАРҒАН ЖҮЙЕ, ЖАҢА ТАЛАП

Жуырда “Руханият” орталығында жаңа салық кодексіне енгізілген өзгерістерді түсіндіруге арналған мәжіліс өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Бақтияр Мадиярұлы модераторлық етіп, Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов бастаған сала мамандары, тұрғындар мен кәсіпкерлерге салық саласындағы жаңашылдықтарды түсіндірді. Кездесудің негізгі мақсаты – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Салық кодексінің талаптарын жергілікті жерде түсіндіру, кәсіпкерлердің көкейіндегі сауалдарға жауап беру және салық міндеттемелерін орындау кезінде кездесетін мәселелердің алдын алу.
Жиында сөз алған Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Мырзағабылұлы жергілікті бюджеттің қалыптасуында кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі ерекше екенін атап өтті.
– Бюджетке түсетін әрбір қаражат – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталатын ресурс. Жергілікті бюджет арқылы жолдар жөнделіп, елді мекендер абаттандырылып, жарықтандыру, білім беру, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылады. Сондықтан салық төлеу тек кәсіпкердің мемлекет алдындағы міндеті ғана емес, сонымен бірге өзі қызмет ететін өңірдің дамуына қосқан үлесі ретінде қарастырылуы тиіс, – дейді ол.
Расында, салық түсімі мен ауданның даму мүмкіндігі бір-бірімен тығыз байланысты. Соңғы жылдардағы көрсеткіштерге қарасақ, ауданда жергілікті бюджет түсімдерінің жалпы оң динамикасы қалыптасқан. Мәселен, 2023 жылы табыс салықтарының үлесі 5,8 пайыз болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 8,8 пайызға дейін өскен. Сонымен қатар жалақыдан төленетін салықтар жергілікті бюджет кірісінің негізгі көздерінің бірі болып отыр. Осы жылы оның үлесі 45 пайызды құраған. Бұл көрсеткіштердің ар жағында кәсіпорындардағы жұмыс орындары, азаматтардың табысы және еңбек қатынастары тұр. Сондықтан салық органдары үшін бизнестің тапқан табысын ғана емес, жұмысшылардың нақты санын, еңбекақы қорын және еңбек қатынастарының заңдастырылуын бақылау да маңызды. Ауданда осы бағытта назар аударуды қажет ететін мәселенің бірі – жұмыскерлердің нақты саны мен оларға төленетін жалақының салық есептілігінде толық көрсетілуі.
Талдау нәтижесіне сәйкес, жалақыдан ұсталатын жеке табыс салығының негізгі бөлігі заңды тұлғалар мен бюджеттік мекемелердің үлесіне тиеді. Атап айтқанда, заңды тұлғалардың үлесі 57,9 пайызды, бюджеттік мекемелердің үлесі 40,9 пайызды құраған. Ал дара кәсіпкерлердің үлесі небәрі 1,5 пайыз шамасында. Бұл көрсеткіш кәсіпкерлік белсенділік деңгейімен салыстырғанда төмен. Әрине, бұл дара кәсіпкерлердің барлығы жұмысшы ұстамайды дегенді білдірмейді. Сауда, қоғамдық тамақтану, қызмет көрсету, құрылыс және басқа да салаларда жалдамалы жұмысшылардың еңбегін пайдаланатын кәсіпкерлер аз емес. Алайда тәжірибеде жұмысшының нақты саны немесе оған төленетін жалақы толық көрсетілмейтін жағдайлар кездеседі. Мұндай жағдайда мәселе тек бюджетке түсетін салықтың азаюымен шектелмейді.
Еңбек қатынастары ресми рәсімделмеген немесе нақты жалақысы көрсетілмеген қызметкер әлеуметтік кепілдіктерден де қағылуы мүмкін. Өйткені ресми еңбек қатынасы әлеуметтік төлемдерге, зейнетақы жинақтарына және қызметкердің әлеуметтік қорғалуына тікелей әсер етеді. Сондықтан кәсіп иесі үшін жұмысшыны заңдастыру – тек салық міндеттемесін орындау емес, оның еңбек құқығын қорғаудың да бір жолы. Басқарма басшысы осы мәселеде кемшіліктерге де тоқталды. Жиында мүлік салығы мәселесіне де ерекше назар аударылды. Аудан бойынша заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерден түсетін мүлік салығы 2025 жылы 1 млрд 666 млн теңгені құраған. Оның 94,1 пайызы ірі салық төлеушілерге, 3,2 пайызы шағын және орта бизнеске, 2,7 пайызы жеке кәсіпкерлерге тиесілі болған. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында бюджетке мүлік салығы бойынша 1 млрд 280 млн теңге түскен. Бұл кезеңде жеке кәсіпкерлердің үлесі 2,5 пайыз, ал шағын және орта бизнестің үлесі 3,5 пайыз деңгейінде қалып отыр. Ауданда кәсіпкерлік нысандар санының артып, жаңа коммерциялық ғимараттардың бой көтеріп жатқанын ескерсек, олардың мүлік салығындағы үлесі де назардан тыс қалмауы тиіс. Әсіресе коммерциялық мақсатта пайдаланылатын нысандардың нақты құны мен салық салу базасының дұрыс көрсетілуі маңызды. Мемлекеттік кірістер органдарының түсіндіруінше, коммерциялық нысанды сатып алуға немесе салуға жұмсалған шығындарды растайтын құжаттар болмаған жағдайда, нысанның құнын тәуелсіз бағалаушы арқылы айқындап, оның нарықтық құнына сәйкестендіру және мүлік салығын дұрыс есептеу қажет. Мұндағы басты мәселе – кәсіпкердің салықтық міндеттемесін нақты экономикалық жағдайға сәйкестендіру. Жаңа Салық кодексінің маңызды ерекшеліктерінің бірі – салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге бағытталған өзгерістердің енгізілуі. Мемлекет басшысы 2025 жылғы 18 шілдеде жаңа Салық кодексіне қол қойған, ал оның негізгі нормалары
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Ресми түсіндірулерде жаңа кодекстің негізгі бағыттарының бірі ретінде салық жүйесін жеңілдету, цифрландыру және салық төлеушілерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту көрсетіледі. Жаңа ережелердің кәсіпкерлер үшін ең маңызды бағыттарының бірі – корпоративтік табыс салығы. Негізгі мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде сақталғанымен, жекелеген салаларға сараланған мөлшерлемелер енгізілді. Мәселен, банк қызметінің белгілі бір түрлеріне және ойын бизнесіне 25 пайыздық мөлшерлеме белгіленсе, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін 3 пайыз, ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 6 пайыз мөлшерлеме қарастырылған. Әлеуметтік сала ұйымдары үшін 2026 жылы 5 пайыз, 2027 жылдан бастап 10 пайыздық мөлшерлеме көзделген. Осы өзгерістердің мәні – барлық салаға бірдей салықтық жүктеме қолданудан гөрі, экономиканың әртүрлі секторларының ерекшеліктерін ескеру. Әсіресе ауыл шаруашылығы секілді өндірістік бағыттағы кәсіпкерлерге төмендетілген мөлшерлемелердің сақталуы олардың салықтық жүктемесіне әсер етеді. Сондай-ақ, жеке тұлғалардың табысына салынатын жеке табыс салығында да жаңа тәсіл енгізілді. 2026 жылдан бастап прогрессивті мөлшерлеме қолданылады. Күнтізбелік жылдағы табыс 8500 АЕК-ке дейін болса, 10 пайыздық мөлшерлеме қолданылады. Ал осы шектен асқан жағдайда 8500 АЕК көлеміндегі бөлікке 10 пайыз, одан асқан сомаға 15 пайыз мөлшерлеме есептеледі. Бұл ретте 15 пайыз бүкіл табысқа емес, белгіленген шектен асатын бөлікке қолданылады. Жеке практикамен айналысатын тұлғалардың табысына 9 пайыздық мөлшерлеме белгіленген. Ал дивидендтерге қатысты да прогрессивті тәсіл енгізілді 230 000 АЕК-ке дейінгі бөлікке 5 пайыз, одан асатын бөлікке 15 пайыз мөлшерлеме қолданылады. Жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте жұмыс істейтін дара кәсіпкерлер мен шаруа немесе фермер қожалықтарының салық салынатын кірістеріне де 230 000 АЕК шегіне дейін 10 пайыз, одан асқан бөлікке 15 пайыздық мөлшерлеме көзделген. Жеке табыс салығы бойынша тағы бір назар аударатын мәселе – базалық салықтық шегерім. Биылдан жылдан бастап базалық шегерім айына 30 АЕК мөлшерінде белгіленді. Бұл өзгеріс жалдамалы қызметкерлердің салық салынатын табысына әсер ететін маңызды нормалардың бірі болып отыр. Кәсіпкерлер үшін ең көп талқыланған өзгерістің бірі – қосылған құн салығы мөлшерлемесі. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі 16 пайыз болып белгіленді. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі де өзгерді. Мәселен, жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте жұмыс істейтін салық төлеушілер үшін жылдық айналымның шекті мөлшері 10 000 АЕК болып белгіленді.
2026 жылғы АЕК мөлшерін ескергенде, бұл шамамен 43 млн теңгеге тең. Алайда ҚҚС-тың барлық салаларға бірдей мөлшерлемемен қолданылмайтынын да ескерген жөн. Дәрілік заттар, медициналық бұйымдар және тиісті медициналық қызметтер үшін 2026 жылы 5 пайыздық, 2027 жылдан бастап 10 пайыздық төмендетілген мөлшерлеме белгіленді. Отандық мерзімді басылымдарды өткізу бойынша 10 пайыздық мөлшерлеме қарастырылған. Сонымен бірге заңда белгіленген бірқатар медициналық және әлеуметтік бағыттағы операциялар ҚҚС-тан босатылады. Осындай өзгерістер әсіресе халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіпкерлерге, дәріханаларға, медициналық ұйымдарға, қызмет көрсету орындарына және тауар сатушыларға маңызды. Өйткені ҚҚС мөлшерлемесі өзгерген жағдайда бағаны қалыптастыру, есеп жүргізу және электронды құжаттарды рәсімдеу тәртібіне де назар аудару қажет. Сонымен қатар ҚҚС төлеуші ретінде тіркелу де жаңа тәртіппен жүзеге асырылады. Тіркеу ерікті немесе міндетті түрде жүргізілуі мүмкін. Айналым белгіленген шектен асқан жағдайда салықтық өтініш бес жұмыс күнінен кешіктірілмей берілуі тиіс. Бұл талапты кәсіпкерлер алдын ала бақылап отырғаны жөн. Себебі белгіленген шектен асқаннан кейін тіркеу мәселесін дер кезінде шешпеу кейіннен қосымша салықтық міндеттемелердің туындауына әкелуі мүмкін. Жаңа Салық кодексінде электрондық шот-фактураға қатысты да өзгерістер бар. ҚҚС төлеушілер электрондық шот-фактура жазуға міндетті. Ал ҚҚС төлеуші болып табылмайтын, арнайы салық режимін қолданатын субъект резидент емес тұлғаның қызметін пайдаланған жағдайда да белгілі бір жағдайларда электрондық шотфактура рәсімдеуге міндеттеледі. Электрондық шотфактура нысанында да өзгерістер жасалған. Кейбір жолдардың атауы өзгеріп, ел коды, ҚҚС бойынша тіркеу күні секілді жаңа деректер енгізілді. Жеткізушілер санаттары да кеңейтілді. Түзетілген, қосымша және кері қайтарылған электрондық шот-фактураларға қатысты сатып алушы тараптың оларды ақпараттық жүйеде растауы немесе келіспеген жағдайда қабылдамауы қарастырылған. Кәсіпкерлер үшін тағы бір маңызды мәселе – мобильді аударымдар, бақылау-касса машиналары және нақты табысты көрсету. Мемлекеттік кірістер органдарының түсіндіруінше, кәсіпкерлік қызмет жүргізіліп, клиенттерден мобильді аударымдар қабылданып отырғанымен, салық есептілігінде «0» көрсеткіші көрсетілсе немесе міндетті жағдайда бақылау-касса машинасы нақты есеп айырысу кезінде қолданылмаса, мұндай сәйкессіздік салықтық талдау барысында назарға алынуы мүмкін.
Бұл жерде кәсіпкердің басты міндеті – жүргізіп отырған қызметі мен есептілігінің бір-біріне сәйкес болуын қамтамасыз ету. Яғни нақты айналым бар болса, оның есептілікте дұрыс көрсетілуі, ал БКМ қолдану міндетті болған жағдайда кассалық операциялардың белгіленген тәртіппен рәсімделуі қажет. Жиында айтылған мәліметтерге сәйкес, 20 АЕК-ке дейінгі салық берешегі кезінде хабарлама жолданып, өсімпұл есептеледі. Берешек 20-дан 45 АЕК-ке дейін болған жағдайда хабарлама мен өсімпұлдан бөлек, банк шоттарын бұғаттау және инкассалық өкім шығару шаралары қолданылуы мүмкін. Ал 45 АЕК-тен асатын берешек бойынша мүлікке тыйым салу, дебиторлық берешектен өндіріп алу сияқты шаралар қарастырылған. Ірі көлемдегі және ұзақ уақыт өтелмеген берешекке қатысты қосымша шектеулер де көзделген. Сонымен қатар әлеуметтік төлемдер бойынша берешекке қатысты да өндіріп алу тетіктері қарастырылған. Мұндай нормалардың негізгі мақсаты – кәсіпкерді жазалау емес, салық пен әлеуметтік төлемдерді уақытылы төлеуге ынталандыру және берешектің шамадан тыс өсуіне жол бермеу. Айта кетейік, салық есептілігінің нысандарының қысқаруы да кәсіпкерлер үшін маңызды өзгеріс. Ресми түсіндірулерге сәйкес, есептілік нысандары шамамен 30 пайызға қысқартылған. Мысалы, жер салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есебі жойылған. Салық сомасы 1 млн теңгеден төмен болған жағдайда мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есебін ұсыну талабы да алынып тасталған. Арнайы салық режимі мен ҚҚС бойынша кейбір декларацияларды алдын ала толтыру тетігі енгізілген. Жаңа Салық кодексінің тағы бір бағыты – электронды саудамен айналысатын субъектілерді салықтық тіркеу жүйесіне нақты енгізу. Жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушілерді тіркеу есебіне қоюға міндеттейтін қызмет түрлерінің қатарына электронды саудамен айналысатын салық төлеушілер санаты да қосылды. Бұл интернет арқылы сауда жасайтын кәсіпкерлердің қызметін заңдастыру мен цифрлық сауда айналымын ашық көрсетуге бағытталған. Байқасақ, мұның барлығы салық есептілігін тапсыруды жеңілдетуге бағытталған. Дегенмен цифрландыру мен автоматтандыру кәсіпкердің өз жауапкершілігін жоймайды. Керісінше, электронды жүйедегі мәліметтердің дұрыстығын бақылау маңызды бола түседі. Алайда жаңа талаптарды орындау үшін кәсіпкердің өзінде де салықтық сауат болуы қажет. Кәсіпкер қандай салық режимінде жұмыс істейтінін, оның айналымы қандай шекке жақындағанын, ҚҚС бойынша тіркелу қажеттілігін, қызметкерлерінің еңбек қатынастарын, БКМ қолдану тәртібін және электронды шот-фактура рәсімдеу талаптарын білуі тиіс. Демек кәсіпкердің өз электрондық кабинетін тұрақты бақылауы ерекше маңызды. Өйткені қазіргі салықтық әкімшілендірудің басым бөлігі электронды форматта жүзеге асырылады. Хабарламалар, талаптар, есептілік және басқа да мәліметтер цифрлық жүйелер арқылы беріледі. Сондықтан электронды кабинетті уақытында тексермеу кәсіпкерді міндеттемеден босатпайды. Одан әрі Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің
Түсіндіру жұмысы және Байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлсара Қарымсақова да жаңа Салық кодексінің бірқатар нормасына тоқталып, кәсіпкерлерге негізгі мөлшерлемелер мен талаптарды түсіндірді. Оның айтуынша, жаңа жүйеде салық ставкалары қызмет түріне және табыс көлеміне қарай сараланады. Заңды түрде жүргізілген кәсіпкерлік қызмет бюджет кірісінің тұрақты қалыптасуына мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, салық төлеу мен кәсіпкерліктің дамуы бір-біріне қарама-қайшы ұғым емес, керісінше бір экономикалық жүйенің өзара байланысты бөліктері. Сондықтан кәсіпкер үшін басты мәселе – салықтан жалтарудың жолын іздеу емес, өзіне тиімді әрі заңға сәйкес салық режимін таңдап, есептілігін дұрыс жүргізу.
Осы орайда жаңа Салық кодексінің енгізілуі кәсіпкерлер үшін жаңа кезеңді бастап отыр. Бір жағынан, кейбір салық мөлшерлемелері өзгеріп, жаңа есептеу тәртібі пайда болды. Екінші жағынан, есептілік нысандары қысқарып, цифрлық жүйелер арқылы алдын ала толтыру сияқты жеңілдіктер енгізілді. Демек, жаңа жүйе кәсіпкерден де жаңа талаптарға бейімделуді талап етеді. Ендігі мәселе – сол талаптарды дұрыс түсініп, тиімді пайдалану. Ал кәсіпкерліктің тұрақты дамуы мен бюджет түсімдерінің артуы ауданның алдағы әлеуметтікэкономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететіні сөзсіз.
Айсұлу АЛДАНАЗАР



