Ашаршылық құрбандары

Қазақстанда 1928-1929 жылдары басталған кәмпескелеу саясаты миллиондаған қандастарымыздың өзге жаққа малын алып қашуына себеп болды. Тек Жаңақорған ауданының өзінен сол кездері 300-ден астам байлар тәркіленді. Мұндай қорлыққа шыдамағандар шекара асты, Олармен бірге ағайын, көрші-қолаң мен азын аулақ малы бар 500-ден астам орта шаруалар, жалпы құрамы 4500-ден астам отбасы өзге жақтан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Ауғанстаннан пана тапты. Ал Арқаның қазақтары Маңғолия мен Қытайға барып бас сауғалады. Тәркіленген малдар кедейлерге , қалғандары артельдер мен колхоздарға таратылып берілді.
Кіші қазан төңкерісін одан әрі жалғастырған Голощекин «қайдан тапсаң, онан тап – қаптың түбін қақ», «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дегенді ұрандатып, ішкі Ресейге көмек береміз деген сылтаумен енді ауызы аққа тиген кедейді түрлі салықтың астына алды. 1930 жылдың 15 наурызында Қазақ АКСР атқару Комитеті мен Халық комиссарлар Кеңесінің «Жаппай ұйымдастыру аудандарындағы ауыл шаруашылығын социалистік қайта құруды нығайту және бай-кулактармен күрес жөніндегі шаралар туралы» қаулысы қабылданды.
Осы қаулы шыға салысымен Голощекин алдымен қаулының орындалуына қарсы болады – ау деген қауіпті адамдарды қамауға алып, түрмеге жауып, жер аудара бастады.
«Жұт жеті ағайынды» демекші 1930-1931-1932 жылдары ауа райы өте құрғақшылық болды. Ерте көктемнен қара күзге дейін жерге тамшы тамбады, ал қыс өте қатты суық болды. Мұның өзі онсызда аш-жалаңаш халыққа ауыр тиді . Тек Арқа халқы ғана емес, бүкіл Қазақстанда және оған іргелес жатқан Ресейдің Оренбург, Саратов, Орск, Қорған облыстары мен Татарстанды да аштық жайлады. Бір үзім нан іздеген адамдар Өзбекстанды бетке алды.
Әкем Қалдыбек Сейсенұлы былайша еске алатын:
– Ұмытпасам, 1931 жылдың күзі, Жаңақорған темір жол бекеті маңына ұра қазылып ауданда жиналған ет соған аударылды. Қарауылы мықты, жақындасаң атып тастайды. Көктемге дейін ұра толы ет вагонға артылмады. Күн жылына ет саси бастады. Елде аштық жайлаған, шамасы келгендер әлгі ет сақталған ұра маңын аңдыйды. Ұрадағы ет қыстай-жаздай артылмады, ақыры сол жерде жатып сасыған еттің үстіне жермай құйып өртеп жіберді.
Ашаршылық жылдары Қыраш ауылында тұрған Перуза Бисұлтанқызы былай дейді: «Әкем Бисұлтан Құлтасұлы ауыр науқас, Өзбекстанға қарай көшкен жұртқа ілесе алмадық. Ауылда небәрі 20 шақты ғана отбасы әзер-мәзер күн көрдік. Ошақта шоқ қалмаса қайта тұтататын сіріңке қат. Бірде пешті тұтатуға от ала келмекке ауыл шетіндегі үйге жүгіртті. Ошақта от лаулап жанып, үстіндегі қазан қайнап жатыр. Он жасар кезім ғой, қазанда не қайнап жатқанын көруге әуесім кетті. Бардым да қазанның қақпағын ашып қалғанымда қазанның бетіне бір баланың қолы шыға келді. Алды-артыма қарамастан үйге қарай қаштым. Шоқ алуға да қарамадым. Мұнан кейін анам жұмсаса да ешқайда бармайтын болдым. Өлген баласын қазанға салып қайнатып жеген заманды да көрдік. Біздің үй он күндей өгіздің терісін қайнатып талғажау қылғаны да есімде. Әйтеуір анда-санда басқарма ағай келіп-кетіп тұрады. Келген сайын талғажау етерге бір қалта дән тастап кететін. Осылайша ажалдан аман қалдық».
Жаңақорғаннан Түркістанға қарай шығатын ескі трассаның алтыншы шақырымында бір биік төбе бар. Бұл 1932-1933 жылдар аралығында осы арада Арқадан ауған қаншама адамның бір үзім нанға зар болып, соңғы демі таусылған жері. Сондықтан бұл маңнан өтерде үлкен-кіші білген дұғасын оқып, әруақтарға бағыштап өтеді.
1931-1932 жылы тек Сырда ғана емес, Арқада да қуаңшылық болып, жаңбыр жаумай, егін күйіп кетті де, жұрт Сыр бойына ағылды. Сонда келген байғұстар бір тілім нан сұрап, кімнің есігін қақпады. Бір үзім нан үшін қолындағы барын берді. Тіптен, бір бүтін нан үшін қаршадай қызы мен ұлын айырбастағандарды көрдім, – деп сол кездегі қиындықтарды еске алып мұңайды.
Сол жылдары «Бірлік», «Жайылма», «Сүттіқұдық», «Қыркеңсе» мен «Ынтымақ» ауылдарынан көшіп кеткен отбасылардың ұрпақтары 40 мыңдай адам бұл күндері Ташкент, Сухандария облыстары аумағында өмір сүріп жатыр.
«Арқада қыс жылы болса арқар ауып несі бар» дейді халық нақылы. 1928-1930 жылдар аралығындағы кәмпескенің ашаршылық қатар келген саяси қуғын-сүргіннің аудан тарихында өзіндік ізі қалды. Осы кездері қолынан іс келетін, түрлі деңгейде басшылық жұмыстарда жүрген азаматтар «жаптым жала, жақтым күйенің» салдарынан «халық жауы» атанып сотталды, жер аударылды, атылып кетті.
Райымбек Әділбеков ағамыз өмірінің 20 жылға жуық уақытында ашаршылық пен қуғын сүргіннен құрбан болғандар туралы мәліметтер жинаумен айналысты. Нәтижесінде Б.Дүйсенбаев атындағы көше бойына ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына қойылған ескерткіш- белгітасқа құжаты табылған 258 адамның аты-жөнін мәрмар тасқа қашатып жаздырды. Ал шындығында аштық құрбандарының саны мыңдап саналса, оның ішінде отбасынан бір адам қалмағандар саны қаншама. Тізімдегі 258 адамның ішінде саяси «халық жауы» болғандардың өзі қырықтан асады. Бұл тізімге енбей қалғандар қаншама.
Ол қағазға түсіріп жинақтаған тізім бойынша аудан орталығында қуғын сүргін құрбандарына арнап мемориалдық ескерткіш ашылды. Бұл күні оның артында қалған мұрасына оның зайыбы Гүлханыс Майлыбаева апамыз иелік етіп отыр.
1928-1929 жылдар аралығында Қазақстандағы «Кіші Октябрді» жалғастырған Голощекин мұнан кейінгі жылдарда да қара халықты қынадай қыруын онан әрі жалғастырды. Отызыншы жылдардағы аштық онсыз да шаруасы әлі түзеле қоймаған елге ауыр тиді. Сол кездегі аудан басшылары мен ауылдағы белсенділер азын-аулақ малы бар шаруаларды да бай-кулакқа жатқызып кәмпескені онан әрі жалғастырды. Осылар қарсы келеді – ау деген ел қадірлейтін көзі ашық, озық ойлы азаматтарды сотсыз түрмеге жапты. Олардың арасында бір отбасы немесе бір әулеттің ғана мүддесін емес, ауыл-аймағының абырой беделі болып отырған қаншама азамат кетті десеңізші. Биліктің озбырлығына шыдамаған жүздеген, мыңдаған отбасы үкімет құрығынан құтылу үшін тайлы-таяғымен, алдына қалған малын салып көшіп шекара асты.
Қожамберділік еңбек ардагері Молдахмет Нәлібаев осындай қуғын-сүргін көргендердің ұрпағы. Ол өз аталарының кезінде қамалғандығы жөнінде біраз зерттеп анықтаған азамат. Оның атасы Аят Нәлібайұлы 1900 жылдары болыс болып, Ақмая – Бөртөскен аралығындағы теміржолдың салыну кезеңінде басшылық жасаған. Теміржол дамбысын көтеруге байланысты халықты ұйымдастырып, сексеуіл жігерлерін құммен араластырып көміп дамбыны тұрғызған. Кейін тап жауы ретінде 1927-1929 жыл аралығында Түркістан түрмесінде отырған. Аят пен бауыры Мұят түрмеге түседі де, бостандықтағы ағайындар Қырғызстанға жақындап Андижан маңына барып тұрақтайды. Пәнайы себеппен түрме бастығы Пірман деген деген жігіт Аят пен Мұятты түрмеден қашырып, Ташкенге баратын сексеуіл тиеген вагонға мінгізіп жібереді. Ташкенге жеткеннен кейін қазақтар отырған қоныстарды аралап, сұрастырып жүріп ақыры Андижандағы отбасымен, бауырларымен қауышады. Аят 1953 жылы елге жете алмай сол жақта қайтыс болады. Артында қалған інісі Мұят 1958 жылы жаппай қуғын-сүргінге ұшырағандар елге орала бастағанда туған жерге оралады. Араға екі жыл салып 1960 жылы артта қалған ағайынға барып 100 отбасын елге алып келіп, өзі 1964 жылы 83 жасында қайтыс болды.
Осы қатарлас Нұржан болыс Сіргебайұлы, Алашорда қайраткері Серқұл Алдабергенұлы, ағайынды Құдияр, Мұстияр қожа Қалдыбайұлы, Құсбек Елікбайұлы баласы Мырзахмет Құсбекұлымен, Рысдәулет Сырлыбайұлы, Қонарбай Досбекұлы , Қыдырбай Шідербайұлы, Әбу Қожаұлы секілді азаматтар қуғынға ұшырап, түрмеге түссе де амалын тауып қашып ел асқандар. Бұлардың ешқайсысы ақталмағандар.
Жаза берсең, ел ішін аралай берсең ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарының саны мұнан 5-6 есеге жуық көп.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК