№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚОЙЫН ДӘПТЕР ҚҰПИЯСЫ

ҚОЙЫН ДӘПТЕР ҚҰПИЯСЫ


Жақында беттері сарғайған қоңыр қойын дәптер қолыма түсті. Құнды жәдігерді келінтөбелік Әбдімәулен Амандықұлы алып келді. Әкесінің артында қалған рухани мұра екен. ХХ ғасырдың 30-40 жылдарынан хабар беретін қойын дәптерді парақтап, мазмұнына зер салдым.
1908 жылы Жаңақұрылыс (қазіргі Қожамберді) ауылында дүниеге келген Амандық Мейірбековтің дәптерді аса ұқыптылықпен толтырғанына куә болдым. Ол алдымен ауыл молдасынан, кейін Төменарықтағы 4 кластық орыс-қазақ мектебінде білім алады. Орыс және неміс тілін жақсы меңгереді. ХХ ғасырдың 20 жылдардың аяғында Қызылордадағы «Сельхозтехникумға» түсіп, агроном мамандығы бойынша білім алады.
Жас маман еңбек жолын «Жаңақұрылыс» колхозында агроном болып бастап, 1934 жылы МТС-тің бас агрономы болады. 1942 жылы 27 маусымда әскер қатарына шақырылып, КСРО Ішкі істер халық комиссариатына қарасты №127 шекара полкы құрамында минометчик ретінде соғысқа қатысады. 1946 жылы маусым айында елге оралады.
Енді аз-кем оның жауынгерлік жолына тоқталсақ. Өзінің жауынгерлік есебінде Сталинградты қорғап, қоршаудағы 33 дивизияны қолға түсіруге қатысып, жауға минометтен оқ жаудырды. Алғы шептегі ерлігі үшін «Сталинградты қорғағаны үшін» медальі табысталады. 1942 жылдың 8-желтоқсанында оң қолынан жараланып, дала госпиталында емделеді. Мұнан кейін Орел-Курск доғасында соғысып, Украинаның астанасы Киевті, Чернобыль, Черниговты және Варшава мен Красновка қаласын азат етуге қатысады. Висла өзенінен өтудегі қанды қырғынды да бастан өткереді. Сондай-ақ Берлин қаласын алуға қатысып, Жоғарғы Бас Қолбасшының 1945 жылғы 2 қыркүйектегі жарлығымен «Берлинді алғаны үшін» медальін кеудесіне тағады.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей майдан даласындағы оқ пен оттың арасында жеңіл-желпі үш жарақат алып, елге оралады.
Күнделік беттерінде: – Варшаваны жау тырнағынан азат ету қиын болды. Бірақ, біздің жігіттерде Сталинградтағы шайқастарда қала көшелерінде соғысу жетік меңгергендігін көрсетті. Алайда көп қабатты үйлерде жасырынған неміс мергендерінің оғы жауынгерлердің мысын басты. Қасымдағы бірнеше серігімді мерген оғы мерт қылды. Миномет расчетының командирі мені шақырып, немістің мергендерін жоюды тапсырды. Қасыма расчеттағы екі жауынгерді алып неміс мергені жасырынған үйді бағытқа алдық. Аңғарып қарағанымызда олар екеу екен. Бір оңтайлы сәтте біріншісін қарауылға алдым. Неміске оқ бірден дарыды. Жатқан орнымнан орын ауыстырамын деп қозғала бергенімде екінші неміс мергені атып үлгерді. Абырой болғанда оғы тиген жоқ. Сол кезде қасымдағы татар жігіт немісті атып түсірді, – деген жолдар көзге түсті.
Сталинградтағы шайқаста жараланған Амандық дала госпиталында емделіп, 15 күннен соң өз полкына қосылады. Сәуір айының аяғында Берлинді алу операциясына қатысып, Ұлы Жеңісті сонда қарсы алады.
Ол қызмет ететін полк Ішкі істер министрлігіне қарағандықтан Берлинде тәртіп орнату, қаланың көп қабатты үйлерінің жертөлесінде жасырынған неміс жауынгерлерін қарусыздандырумен, ата-аналарынан айырылған балаларды арнайы орындарға тапсырумен айналысады. Тек 1946 жылдың мамыр айының соңында әскер қатарынан босап, туған жерге оралады.
Елге келгеннен кейін еңбек майданына араласып кетеді. 1946 жылдың 12 шілдесінде аудандық ауылшаруашылық бөліміне мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, 1947-1962 жылдары Төменарық кеңшарында агроном, егіс бригадирі,1963-1968 жылы Красная звезда (Сүттіқұдық) кеңшарында бас агроном ретінде қызмет етті. Ол соғыста алған жарақаты асқынып, 1973 жылы 16 қарашада мәңгілікке аттанды.
Қойын дәптерді Амандық Берлинде жүргенде бір неміс генералынан сыйға алыпты. Оқиға былай өрбиді.
Бірде Амандықтың полкы Подстамға іс-сапарға жіберіледі. Қала үйлері мен ғимараттарының жертөлелерін толық тексеріп шығу жайында тапсырма алады. Қасында екі солдат алып іске кіреседі. Бірде госпиталь болған ғимараттың жертөлесін тексеру барысында бір бөлменің жабық екенін көріп, есігін ашып ішке енеді. Бөлме ішінде бір адамның отырғанын көреді. Жасы 70-80-ге келген қарт генерал. Үстелінің үстінде бір жапырақ қатқан нан мен пистолет жатыр екен. Неміс тіліне жетік Амандық генералмен тілдесе кетеді.
Ары қарай күнделікке кезек берсек:
– Мен госпитальдың бас дәрігерімін. Шенім генерал болғанымен осы уақытқа дейін қолыма қару алып көрмеппін. Қалай атуды да білмеймін. Сыртқа шықсам Кеңес солдаттары мені атып тастайды. Оданда маған мына пистолетті оқтап беріп қалай атылатындығын көрсетіңдер, – депті неміс генералы.
Амандық өз еркімен берілген адамды Кеңес әскерлерінің жауынгерлері атпайтындығын түсіндіріп, оған өздерімен бірге жүруді бұйырады. Өзінің тірі қалатындығын естіген генерал қасындағы сөмкесін ашып, ішінен үш қойын дәптер алып, оны сыйға тартады. Генерал мұнан өзге Амандыққа қолындағы сағаты мен темекі тұтататын оттықты қоса беріпті. Өз кезегінде Амандық тұтқын немісті комендатураға тапсырыпты.
А.Мейірбеков өте ұқыпты кісі болғанға ұқсайды. Неге десеңіздер, оның соғыс кезінде туған жерге жазған хаттары мен елден алған хаттарын осы қойын дәптерге түгел түсіріпті. Әр хаттың басында хаттың келген және жауап қайтарған күнін ұқыпты жазыпты.
Ол майданда жазған хаттарының басым көпшілігін өлеңмен жазыпты. Жеңгесі Шайханға, зайыбы Үрбішке (Үрбибіге), досы Әбіласан Жүсіпұлына хаттарын өлеңмен өрнектепті. Енді осы хаттың бірін оқып көрелік. Мәселен, 1944 жылғы 13 қазанда әйеліне жазған хат-өлеңінде:
– Амандық хат, Үрбіш саған арнаған,
Саулықтамын, жәрдем болып Алладан,
Кез боп тұрдық, аласұрған дұшпанға,
Құтырғандай айналасын қармаған.

Елді алып, жерді басып жау келген,
Өз бойына ұлы ісін торлаған.
Ақылсызда айла болмас деген сөз.
Жәрдем сұрап, күт деп еді Алладан.

Қызыл әскер, қыран құстай тырнақты,
Ерегіскен жаудың қолын байлапты.
Азуы алты қарыс аюдай,
Қаратасты қатуланса шайнапты, – деген жолдардан жарына деген сағыныш қана емес, дұшпанға деген өшпенділікті аңғаруға болады.
Әрине, ғалымдар мен зерттеушілер құнды мұраны зерттеу арқылы соғыс кезіндегі жауынгерлердің көңіл-күйі жаумен шайқасудағы қайсар рухын, мақсат-мұраттарын танып, ғылыми айналымға енгізуге болады. Сондықтан, Амандық Мейірбековтің қойын дәптері құпиясының бір парасын ғана аштық...

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
22 мамыр 2018 ж. 1 502 0