№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Атамызбен тірі қауышқандай болдық

Атамызбен тірі қауышқандай болдық


Айқожа бабаның ұрпағы болып келетін атамыз Тажидин Жақыпұлының атышулы репрессияның құрбаны болғандығы жөнінде іштей түйсінгенімізбен осы ақиқатты жария етуге өзгені қойғанда өз перзенттерінің жүрегі дауалаған емес. Себеп түсінікті. Кеңес үкіметі өздері «Халық жауы» атандырып жауапқа тартқан тұлғаларды түп-тұқиянымен құртып жіберуге өрекет жасап бақты. Бас амандығының өзін олжа көрген жақсының ұрпақтарына осы қамалды бұзып өтіп, шындыққа қол жеткізуіне сексен тоғызыншы жылдары Елбасының репрессия құрбандарын жаппай ақтау жөнінде Жарлығы шыққан соң ғана қол жеткенін айтуға тиіспіз.

1934 жылы туылған Хайрулланың алты, одан кейінгі інісі Құрматулла екі жасында НКВД ұйымының құпия қызметкері болып қызмет істейтін әкелері Тәжідін күдікті ретінде қамаққа алынады. Ол қамалған күні серіктері Тәжідіннің әйелі Күнсұлуды екі баласымен Тәшкен асырып жіберуге тырысады. Өйткені оның бала-шағасын да тұтқындап АЛЖИР-ге жіберу жөнінде шешім болған екен. Әжеміз Күнсұлудың айтуы бойынша Тәшкеннің базарына келіп, енді қайда бабарын білмей қайғы шеккен екі балалы анаға сол жерде бір жамағайынның әйелі кездесіп қалып, үйіне алып барып ары қарай ілдалдалап тііршілік жалғап кеткен екен. Күйеуімен содан кейін көріспеген. Рысқұловпен, Қожановпен байланысы болған деген айыппен тұтқындалған оның жай-күйін сұрамақ түгілі екі баласының тегін жасырып үреймен күн өткізген әжеміз осы қорқынышынан көз жұмғанша арыла алмай кетті. Ол кісінің кейін Жаңақорған топырағына оралып, ұрпағының осында көктеп-көгеру жайына келсек, нағашысы болып келетін, Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер Шалапұлы Тұрсынқожа майданнан аман-есен елге оралған соң анасы оны бір күн де аялдатпай Ташкентке жіберіп, сондағы қыздары Күнсұлуды екі баласымен алып келуді тапсырған екен. Сөйтіп біздің әжеміз сол нағашысының арқасында ауылға аман-есен жетіп сексен жастан аса ғұиыр кешті. Әлпештеп жетілдірген ұлдары Хайрулла мен Құрметулла екеуі халық шаруашылығы саласында басшылық қызметтерде болды. Хайрулладан тоғыз перзент өсіп-өнді. Құрматулладан (Үрмәттулла) он екі ұл-қыз Түркістан облысында өркен жайып отыр. Біздің анамыз Сәдуақасқызы Бибайым аудандық баспаханада әріп теруші, одан соң тұтынушылар кооперациясында көп жыл жұмыс жасады. Өмірге ұрпақ әкеліп, барақатты ғұмыр кешіп жатқанымен баяғыда көзден ғайып болған, тым болмаса бейнесін де көз алдарына елестете алмайтын туған әкеге деген сағыныштары іште тұншыққан қос ұлан бір рет іздеу салып әке атын ашық айта алмаған күйі өздері де өмірден өтіп кетті.
Ақиқатына жүгінсек, бар айыбы белгілі дін өкілінің ұрпағы болғандықтан жазықсыз қуғынға ұшыраған Айқожа ишанның немересі Жақыпұлы Тәжідіннің өмір тарихы былай өріледі.
Жақыпұлы Тәжідін 1897 жылы қазіргі Жаңақорған ауданы Қандөз ауылы Абызтөбе елді мекенінде дүниеге келген. 1933-1937 жылдары Қандөз ауылында ауылдық кеңестің басқарушысы болған. 1940 жылдың 22 тамызына дейін сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Киров ауданы, «Қызыт Ту» совхозында басқарма болып істейді. Басқарма болып жүргенінде Жаңақорған ауданынан Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан жеріне елдегі 300-дей отбасының қоныстанып, ашаршылықтан аман қалуы жолында көмек-жәрдемін аямаған екен.
Біз атамыз жөнінде анық деректер табылып қалар ма екен деген үмітпен іздеу салуға осы жылы дендеп кірістік. Сөйтіп біздің арызымыз бойынша Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің директоры Б. Серғазиевтің сауалына Шымкент қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінен төмен-дегіше жауап келді:
«Сіздің 2021 жылғы 18 мамырдағы №84 хатыңызға сәйкес Шымкент ҚПД АББ Арнайы мемлекттік мұрағатындағы «Қуғын-сүргінге ұшыраған, сот органдары ақтаған тұлғаларға қатысты мұрағаттық қылмыстық істер» қорын тексеру нәтижесінде табылған 1897 жылы туған Джакыпов Тажидинге қатысты мұрағаттық анықтама қорытындысы, қаулы, сурет, анкета және айыптау қорытындысын жолдаймын» деп барлық құжаттардың көшірмесін жіберген екен. Айыптау қорытындысымен танысқанымызда онда орыс тілінде былай деп жазылған: «Мен, Оңтүстік Қазақстан облысы НКВД екінші бөлімі жедел қызметкері – Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің сержанты Айдаров келіп түскен қылмыстық істі қарай отырып, 1897 жылы туылған, ұлты қазақ, ешқандай партия құрамында жоқ, СССР азаматы, саяси сауатты, отбасылы, үлкен ишанның ұлы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Киров ауданы, «Қызыл Ту» колхозының басқармасы Джакыпов Тажидиннің қылмыстық ісін қарай отырып,
ТАПТЫМ:
Джакыпов Тажидинге РСФСР Қылмыстық Кодексі бойынша тағылған айып контрреволюциялық ұйымға қатысқан, колхозда дұшпандық әрекеттерге барған, НКВД органы құпия қызметінде бола тұра советке қарсы панисламдық әрекеттерге қолдау көрсеткен, кеңеске қарсы топтарды ұйымдастырып, елдімекендерде қарулы көтеріліске кадр жасақтаумен айналысқан. 1933 жылы антикеңестік қозғалысқа қатысушы ретінде айыпталып, өзге қатысушылармен бірге 1933 жылы 28 декабрьде тұтқынға алынды. Мерзімін өтеп болмай 1934 жылы 1 тамызда Карлаг лагерінен қашқан. Бостандықта жүргенде тергеу амалдарына кедергі келтіріп, өзінің антисоветтік пыйғылын іске асыруы мүмкін, сондықтан РСФСР заңнамасының 145, 158 баптарына сүйене отырып ШЕШІМ ЕТЕМІН:
Тергеу амалдарынан және сот істерінен жалтарғаны үшін Джакыпов Тажидинді қамауға алу туралы айыпталушыға үкім шығарылсын. Үкімнің көшірмесі прокурорға және түрме бастығына жолданып, айыпкердің жеке іс парағына қоса тігілсін» делінген. Осы құжаттармен қоса өздері айыпталушы деп тапқан Жақыпов Тәжідіннің тура және бір қырынан түсірілген фотосын қоса жолдапты. Өзіміз көрмеген атамыздың шын бейнесі – фотосуретіне қарап отырып біз үшін аяулы тұлға қайта тіріліп келгендей қатты толқыдық. Әттең, осы күнді әкелеріміз көре алмай кетті-ау. Дерегін біліп, тым болмаса жансыз бейнесіне болса да көңіл қойып, көз қанықтырып іштегі шерінен мысқалдай болса да жеңілдеп қалған болар ма еді деп өкініште қалдық.
Осы құжаттарға қосымша Жақыпов Тажидинге қатысты №02686 архив-қылмыстық ісі бойынша анықтама жолданыпты, онда Жақыпов Тәжідін туралы деректер мен айыптау қорытындысы түгел келтіріліп, НКВД-ның 1941 жылғы 21 майдағы үкімімен Жақыпов Тәжідіннің 8 жылға 1940 жылғы 28 августан бастап есептегенде еңбекпен түзеу лагеріне айыбын өтеуге сотталғандығы жазылған. Одан әрі архив анықтамасында «1989 жыл 31 майдағы Шымкент облыстық прокуратурасының қорытындысымен Жақыпов Тажидин 1989 жыл 16 қаңтардағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Әділдікті қалпына келтіру және 30-40 жылдар және 50-ші жылдар басында саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау» Жарлығына орай толық ақталды» деген құжат қоса қолымызға тиді. Төбеміз көкке жеткендей болды. Ерте ме, кеш пе әділдіктің туатын күні болады екен.
Ал 1941 жылы маусымда Отан соғысы басталғаны белгілі. 1942 жылы Күнсұлу апамызға жазған хатында «Мен соғысқа аттанып барамын. Балаларды сақта. Лажы болса, төркінге жет» деген ерінің аманаты орындалыпты. Ал асыл жанның өзі содан хабар-ошарсыз кеткен.
Мына қолымыздағы құжаттар негізінде өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Елім деп өткен, келешек теңдігі, ұлт тағдыры жолында жанкешті талабынан танбаған азамат аты бүгінде ардақты. Атамыз Жақыпұлы Тәжідінге кент орталығында қойылған Құрмет билборды осыны айғақтап тұр.
Бақдәулет ТАЖДИНОВ
29 мамыр 2021 ж. 612 0