№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қожа Ахмет Ясауи қабірханасы есігінің жоғалған тоқпақшалары

Қожа Ахмет Ясауи қабірханасы есігінің жоғалған тоқпақшалары

Халықаралық және республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштер қатарынан саналатын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ғажап архитектурасы, биіктігі қазіргі он қабатты үймен тең келетін оңтүстік порталдың алып көлемі, бүгінгі күнге дейін сақталып жеткен құрылыс бөренелері келушілерді әрдайым таңғалдырып келеді. 

Оңтүстік фасадта орналасқан кесенеге кіретін бас есік өзінің көлемімен және көркемдігімен ерекшеленеді. Ғажап өрнекті ағаш есіктен Орта Азия аумағындағы ең үлкен күмбезбен көмкерілген кең залға - қазандық бөлмесіне көрініс ашылады. Алып портал, орталық жамағат залы - қазандық бөлмесі және әулие қабірханасы бір қатарда орналасуымен де көз тартады. 
Әмір Темірдің заманынан, кесененің алғашқы құрылыс кезеңінен бізге дейін сақталып жеткен,  XIV-XV ғасырлардың шеберлері жасаған көркем дүниелер тобы қатарында алып тайқазан, қола шырағдандар, қола лаухасы бар ту мен өрнекті есіктерді атауға болады. "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қорында тізімге алынған, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Әмір Темір кезеңінен жеткен құнды жәдігерлер оларды жасаған шебердің есімдерінің жазылуы, тапсырыс беруші Әмір Темірдің екендігі және жасалған уақытының күніне дейін көрсетеліген жазбалармен де аса құнды. Біздің бүгінгі мақалаға арқау болып отырған Қожа Ахмет Ясауи қабірханасының есігі осындай бірегей туындылардың бірі.

1913 жылы кесенеде болған Алаш арысы Міржақып Дулатов: "Үлкен дарбазадан бір зор бөлмеге кіресің, бұл бөлменің ортасында мыс (бронза) қазан бар. Қазанның алыбы бес қанат үйдің шаңырағындай, айналасында арабша сөздер жазылған һәм "Әмір Темірдің жарлығы бойынша бұл қазанды құйған шебер Абдулгазиз Шарафуддинұлы Термезден" деген жазуы бар. Бұл үлкен бөлменің төріндегі есік хазіреттің өзі жатқан (қабірі) бөлмеге кіргізеді" деп жазады. 
Қазандықта Қожа Ахмет Ясауи қабіріне апаратын есік орналасқан солтүстік ойық ерекше әспеттелген. Ойық қабырғасы төменде көк түсті алты қырлы сырлы қаптамалармен, аса көрікті мозаикалық медальондармен әшекейленген. Ойық қабырғасына биіктігі шамамен 8 метр, басында оймышты қоладан құйылған ұшы бар ту сабы сүйеп қойылған. 1885 жылы кесенені көрген Н.И.Веселовскийдің жазбаларына қарағанда ағаш сапта жасыл түсті жалау ілулі тұрған екен. Сондай-ақ, автор кесене ішінде болған алты адамның туды төмен түсіре алмағандығын жазған. Көне суреттерге қарағанда тудың сабына ілінген жасыл түсті материал қабірхана есігін жауып тұған перде ролін де атқарған сияқты. М.Е.Массон: "... жол сілтеуші шейх пердені ақырын ғана бір шетке ысырады, зияратшылардың көз алдында керемет сақталған және ұсақ сүйекпен көмкерілген, үлкен ойма есік ашылады" деп жазады. Массон есіктің көз тартар көркемдігін, жақтаулардағы алтын жалатылған діни жазбаларды суреттеген. О.Дастанов болса, "Есіктің топсалары шегесіз орналастырылған. Қысқасы, көрхананының (қабірхананың) есігі сыртқы үлкен есіктен де әсем" деп қысқа қайырады.
Cолтүстік ойық ортасындағы оюлы өрнек түскен, сүйектелген XIV ғасырдың ағаш есігі Қазандық бөлмесін Қабірханамен жалғап тұр. Есік жақтауы темір қаңылтырмен қапталып, бетіндегі созыңқы нақыштар ішіне Құран мәтіндері алтын әріптермен жазылған. Есік үстіне ғимарат Темірдің әмірімен тұрғызылған деген жазу түскен тас тақта орнатылған.
Қабірхана есігінің жоғарғы жағына орнатылған керамикалық тақтаның биіктігі 60 сантиметр, ені 170 сантиметр. Тақтада сулс қолтаңбасымен жазылған екі қатар жазуда кесенені соқтырған Әмір Темірдің ата-тегі, оған айтылған игі тілектер орын алған. Текстолог Б.М.Бабаджановтың пікірінше, бұл жазу эскиз болуы мүмкін деп топшылайды. Қазақ тіліндегі аудармасы: Бұл шарапатты раузаның [мазардың ]соғылуына ұлық әмірші, көп елдің тізгінін қолына ұстаған, Рахымды Патшаның [Құдайдың] айрықша қамқорлығын иеленуімен ерекшеленген Әмір Темір Көреген ибн Әмір Торғай/Тарағай ибн Әмір Буракил ибн Әмір Ілінгір ибн Әмір Ижил ибн Әмір Қаражар бұйрық берді. Алла Тағала оның билігі мен патшалығын мәңгілік етсін!
Қабірхана есігінің өлшемі - 2,5x1,4 метр, ал сыртқы жақтаушаларын қоса есептегендегі тұтас өлшемі 3,5x1,65 метрді құрайды. Бұл есік орта ғасырлық оюлы есіктердің тамаша үлгісі болып табылады. Есік екі жақты ашылады. Екі есіктің өрнектері бірдей ұсақ сүйектермен, бағалы ағаш бөліктерімен әшекейленген. Есіктің сыртқы бетінде ойма және көмкеру әдістері қолданылған. Ал, ішкі беті ұсақ сүйек және ағаш түрлерімен көмкеріліп, негізінен біртегіс жасалған. Есіктің жоғарғы және екі жақтауының ергенектері ауданы 16 х 46 сантиметр қаңылтырлармен қапталған. Қапталған қаңылтыр беті алтынмен апталған сулс үлгісіндегі жазулар түскен геометриялық медальондармен әшекейленген. Б.Туякбаева "Қаңылтыр пластиналардың санымен жақтаушаларға 23 хадис жазылған анықтауға болады", дейді. Бұл күндері жақтауша көрінісі біршама қарауытып, жазулар бұрынғыдай анық оқылмаса да ғасырлар қойнауынан жеткен көне дүние еріксіз көз тартады.

01 сәуір 2021 ж. 753 0