Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЯССАУИ КЕСЕНЕСІНІҢ БҮГІНГІ КЕЛБЕТІ

ЯССАУИ КЕСЕНЕСІНІҢ БҮГІНГІ КЕЛБЕТІ


Қожа Ахмет Яссауи кесенесi тек орта ғасырлық сәулет өнерiнiң ғажайып туындысы ғана емес, сол сияқты орта ғасырлардан жеткен бай тарихи мұраларды сақтап отырған киелi орын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көне кесененің бүгінгі келбетіне тоқталуды жөн көрдік. 1978 жылы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі республикалық музей ретінде ашылып, халыққа қызмет көрсете бастаған кезде музей қорында 300-ден аса жәдігер болған.
Музей қорына қабылданған алғашқы жәдігерлер Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде ХIV ғасырдан сақталған, Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған қола және ағаш бұйымдар. Олар тайқазан, шырағдандар және қазандық, қабірхана есіктері, олардың қола көшірмелері мен балғашалары. Бұл қола бұйымдар туралы алғаш ғылыми деректер ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында жариялана бастады. Мысалы, М.Е. Массон мен А.Ю. Якубовский жалпы сипаттама жасаған болса, 1960 жылдары Эрмитаждың шығыстанушы ғалымы А.А. Иванов кесенеде Әмір Темір дәуірінен сақталған бір қатар жәдігерлерге толық анықтама берген болатын.
Әмір Темір дәуірінен сақталған заттар ғимаратқа кіретін есіктерден бастау алады. Жәдігер есіктер – жамағатхана бөлмесінің есігі – «Қақпа» және қабырхана есігі – «Қапсырма». Шеберлер есіктің берік және әсем жасалуымен қатар, рәміздік мән-мағынасын арттыру үшін оған символдық мәнге ие ою-өрнектер, терең мағыналы хадистер мен нақыл сөздердің бедерленуіне көңіл бөлген. Есіктер екі бетінен ағаш, сүйек, алтын, күміс әшекей өрнектермен өрнектелген. Әртүсті ағаш қиындылары және піл сүйектерімен жапсырып әшекейленген өрнектерінің біразы тозып, өкінішке қарай, жойылған. Қақпа есіктің орта бөлігінде есікті қағуға арналған екі қола алқа мен оларды орнататын топса-тұғырлары бар тік төртбұрышты тақташалар орналасқан. Алқаның топса-тұғырлары барыстың басы бейнесінде, одан төменірек алқаға барыстың екі кішкене аландарының бейнелері сомдалған. Қола тақташаға алқа ұрылып, дыбыс шығаруына арналған сегіз жапырақшалы гүл бейнесіндегі кішкене төстік бар. Екінші қабірхана есігі – Қапсырма. Жалпы пішіні жамағатхана есігіне ұқсас, есіктің жоғарғы тұсында екі алқаның дөңгелек қола тақташалары және гүлге ұқсас сегіз жапырақты кішкене төстігі сақталып, алқаларының өздері жоғалған.
Қоладан құйылып, алтын, күміс жалатылған алты шырағдан мен есік тұтқалары да халық өнері маржандарының қатарына жатады. Бұларды жасаушы шебер исфаһандық Тадж-ед-Дин ұлы Из-ед-дин. Қола тұтқада хижраның 797 жылы жасалғандығы көрсетілсе, қола шырағдандардағы жазуларда хижраның 799 жылғы 20 рамазанында Әмір Темірдің тапсырысымен жасалғандығы жазылған.
М.Е. Массонның көрсетуінше, бұрын екі шеткі шағын бөлмелер арқылы енетін есіктер жабық тұрған да, келген адам бас есік – «Қақпа» есігінен кіретін болған. «Қақпа» табалдырығын аттаған кісі ғимараттың орталық залы – қазандық бөлмесіне енеді. Қазандық бөлмесінің ортасында «Тайқазан» тұрған. Қазанның салмағы – 2 тонна, диаметрі – 2,45 метр. Қазанда қант қосылған су толы тұрған, жұма намазы аяқталған соң мұны мешіт қызметшілері емдік қасиеті бар су ретінде зияратшыларға үлестіріп беретін. Бұл қазан Түркістан қаласынан 25 шақырым жердегі Қарнақ елді мекенінде құйылған. Оны құйған тебриздік шебер-Әбд-әл-Әзиз ибн Шарафуддин.
Музей қорының этнография тобында Әмір Темір дәуірінен сақталған жәдігерлерден бастап ХХ ғасырға дейінгі кезеңді қамтитын қазақ қолөнерінің небір тамаша үлгілері сақталуда. Этнография бөлімінде қазақтың қолөнер туындылары – кестелі-тоқымалы бұйымдар, ағаштан, теріден жасалған ыдыс-аяқтар мен үй жиһаздары, құмандар мен самаурындар, әсіресе, тек күмістен жасалған зергерлік бұйымдардың бірін-бірі қайталамайтын 800-ден аса түрлері кездеседі.
Кез келген халықтың жазба мұралары – сол елдің құнды дерегі, сол халықты танытатын тарихы. Қазіргі кезде қорда жинақталған жазба ескерткіштер музей ашылар кезде халқымыздың біртуар ұлы Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың бастамасымен халықтың қолында сақталған басқа көне мұралармен қатар сый ретінде музейге тапсырылып, жинақталды.
Музей қорындағы жазба ескерткіштер бірнеше топқа бөлінеді. Соның ішіндегі құндысы да, ең маңыздысы – қолжазбалар. Қордағы қолжазбалардың жалпы саны – 158. Олар араб, парсы және түркі тілдерінде. Олардың біразы кітап түрінде жазылып түптелген, мұқабалары бар, кейбірі қалың дәптерге көшірілген, ал енді бірі қалта дәптеріне (блокнот) жазылған. Бұл қолжазбалардың тақырыптары әртүрлі, сақталулары да әр деңгейде, қолжазбалардың сақталуына қарап, олардың қаншалықты қолданылғанын байқауға болады. Қордағы осы дүниелердің қайсыбірі адам иманына кәмілдік, сұрақтарына жауап, ізденісіне жаңалық, пікіріне дәлел ұялауына түрткі болса деген ниеттеміз. Көне қолжазбалардың біразы ХІХғ-ХХғ. басында настағлик, насх жазуларымен жазылған. Музей жәдігерлерінің қолжазба қорын зерттеген тарих ғылымдарының докторы А.К. Муминовтың «Каталог арабографических рукописей музея-заповедника «Азрет-Султан» в городе Туркестан» атты кітабында ғалым қолжазбаларды 8 топқа яғни: Құран және құран ілімі, хадистер, догматика, фикх, логика, филология, поэзия, мутаффариқат (Математика және медицина) деп бөледі. Қолжазбалардың арасында Құран Кәрімнің толық нұсқасы немесе кей сүрелері жазылған кітаптар мен кітапшалар, Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбарға қатысты өмірбаяны, тарихы баяндалатын, ұлының опат болуы жайында «Мәшһүр насихаттар» атты хадистері аудармаларының өлең түрінде жазылғаны, Мұхамммед (ғ.с.) пайғамбардың туған айы құрметтеліп, тойланатын Мәуліт мерекесінде оқылатын «Мәуліт Шәріп» жырлары кітаптары бар. Осы тақырыпта түркі тілінде жазылған, Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың өмірбаянын толық қамтыған өте көлемді 3 томдық «Мағариж уннубуат» атты кітап қолжазба қорымыздағы ғана емес, жалпы сирек кездесетін құндылық.
Қорымыздың ең құнды жәдігерлері – Қожа Ахмет Яссауи шығармаларының, яғни хикметтерінің бірнеше қолжазбасы мен көне баспа кітаптары. Солардың ішінде осыдан 7 жыл бұрын мұражай қорына қабылданған «Диуани Хикмет» қолжазбасының түпнұсқасы. Бұл – 326 беттен тұратын, кім жазғаны әзірге белгісіз, хикметтері толық, тиянақты, шамамен 1845 жылдары көшірілген кітап. Сақталуы да жақсы. Қожа Ахмет Яссауидің мұнан басқа «Миратуль қулуб» (Жүрек айнасы), «Фақырнама» және кейіннен табылған «Рисала дар адаби тариқат» (тариқат әдебі) атты еңбектерінің түпнұсқасы болмағандықтан, қолжазбаларының көшірмелері жинақталған.
Музей қорына жинақталған кітаптардың тағы бір түрі – Қожа Ахмет Ясауи шәкірттерінің шығармалары. Олар шығыс үлгісіндегі диуан, ғазал, назым түрлерінде парсыша немесе көне түркі тілінде, яғни шағатайша жазылған. Омар Маргунфтың шығармалары «Беділ Диваны», С.Бақырғанидің «Диваны», «Софы Аллаяр» кітаптары.
Музей қорларында сақтауға алынған жәдігерлердің жартысынан көбін құрайтын жәдігерлердің бірі нумизматикалық жәдігерлер. Нумизматикалық жәдігерлер қатарына археологиялық қазба жұмыстары кезінде Түркістан аумағының «Яссы-Күлтөбе», «Тоған», Сауран, Иқан, Қосқорған, Төрткүл (Құшата), Төрткүл ІІ, Жүйнек, Міртөбе қалаларынан табылған ортағасырлық 11 ақша көмбелері, яғни нумизматикалық және сирек кездесетін жәдігерлер кіргізілген. Бұл көмбелердің көпшілігі қазақстандық нумизмат-ғалым Р.З. Бурнашева және өзбекстандық ғалым Л.Шпенева тарапынан зерттеліп, осы ғалымдардың түрлі ғылыми еңбектеріне өзек болған.
2012 жылдың ақпан айында Ораңғай елді мекенінің тұрғыны кездейсоқ тауып алған ХV ғасырдың соңы мен ХVІ ғасырдың алғашқы ширегінде соғылған 54 дана мыс фельстерді (мыс ақшалар) мұражай қорына өткізді. Сол жылдың наурыз айында Шаян ауданы, Сарыбұлақ елді мекенінің тұрғыны тау етегіндегі Құрысай деген жерден табылған 450 дана мыс ақшалар көмбесін әкеліп өткізді. Көмбені зерттеу барысында көмбе ХІІІ ғасырдың екінші жартысында соғылған Шағатай ұлысының күмістелген мыс дирхемдері екендігі анықталды. Бұл көмбе зерттеліп, нәтижелері ғылыми-практикалық конференцияларда жарық көрді. Зерттеулер нәтижесінде, Отырарда ХІІІ ғасырдың екінші жартысында соғылған Шағатай ұлысының күмістелген мыс ақшаларын зерттеген ғалымдардың еңбектерінде кездеспейтін тың жаңалықтар көрініс берді.
Музей қорында 20 дана алтын, 500-ге жуық күміс жәдігерлер сақтауға алынған. Құнды металдардан соғылған ақшалардың барлығы дерлік Республикалық сынамдау палатасында тексеріліп, құрамы анықталған.
Нумизматикалық жәдігерлер қорында нумизматикалық жәдігерлермен қатар бонистикалық, фалеристикалық жәдігерлер де сақталуда.
Алтын тиындардың 1 данасы – ХІІІ ғ. басында Мұхаммад бин Текештің атымен соғылған алтын динар кездейсоқ табылған. [1 сурет]. Ақша сарайы атауы мен соғылған жылдық жазбасы жойылып кеткен. Тағы бір 1 дана алтын динар бетіндегі бедер қалдықтарының сақталған бөліктеріне қарағанда Шыңғыс хан немесе Менгу хан атымен шекілген, кездейсоқ табылған. Динар Самарқанда 660/680 х.ж. арасында соғылған. Тиын өте сирек кездесетін алтын динарлар қатарына жатады [2 сурет].
13 дана алтын динар ХІІІ ғасырдың орта тұсында Орта Азия қалаларында соғылған. Бұл ақшалар кезінде ақша соғу ісіндегі ерекшеліктерге байланысты сынамдары әдейі төмен етіп соғылып отырған (500-580% сынам) алтын динарлар. Тиындардың беттерінде тек Бұхара және Самарқан атаулары ғана сақталған. Барлығының беттерінде «Калима» жазбасы мен халифа Наср лид-Дин Аллахтың аты түсірілген. Тиын жиектеріндегі жазба бедерлері барлығында дерлік жойылып кеткен. Бес дана алтын тиын Стамбұлда, Иранда, Австрия-Венгрия, Ресей патшалығында ХIХ-ХХ ғасырларда соғылған.
2016 жылдың ақпан айында мұражай қорына бірнеше мыс ақшалар келіп түсті. Олардың құрамында XIVғ. 2-ші жартысында Алтын Орданың Сығанақ, Хорезм ақша сарайларында соғылған түрлі типтегі үлгілері кездеседі. Осы тиындар арасында бір бетіндегі жазба бедерлері түгелдей жойылып кеткен, екінші бетінде араб графикасымен جهان...ر خان жазбасы түсірілген мыс ақша да бар. Бұл тиынға жүргізілген алғашқы зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша мыс ақша қазақтың ханы Жәңгірдің атымен соғылған тиын болуы мүмкін деген болжам жасалып отыр[3 сурет]. Себебі осы кезеңге тән Орта Азия билеушілері арасында Жахангир атымен белгілі хан жоқ. Тиын типологиялық қатынасы бойынша ерекше. Әрине, тиын қазіргі таңда бір ғана үлгіде болғандықтан дөп басып айтуға ертерек. Дегенмен, болашақта жиналатын материалдар жұмбақтың сырын ашады деген сенімдеміз. Жалпы, Қазақ хандары арасынан тек Тұрсын Мұхаммед хан атымен соғылған ақша ғана белгілі.
Қорымыздағы осындай халқымыздың рухани байлығы – көне құнды жәдігерлерімізді зерттеп-зерделеп, халық игілігіне ұсынып, ғылыми айналымға ендіру музей ісінің негізгі жұмыстарының бірі.

Жандос Әубәкір,
«Әзірет Сұлтан»
қорық-музейінің директоры.
(«Түркістан» газетінен ықшамдап алынды).
19 маусым 2018 ж. 1 378 0