№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жақсы адамның жүрегі қартаймайды

Жақсы адамның жүрегі қартаймайды


Әр мамандықтың өзіне тән мінезі болады. Көппен жұмыс жасайтын дәрігерге жалғыз жүректің жеткіліксіз екендігіне мен өз өмір тәжірибемнен көз жеткізген адаммын деуіме болады. Неге? Алдыңа ем алуға келген науұастың сан түрлі сауалына сергек қарап, шыдаммен жауап беру аз, көңілін тауып, жылы сөзбен демей білудің өзі оны емдегенмен бірдей. Осы ретте біздің аға толқыннан алған тәжірибеміз көп.Сол ағаларым ішінде мен бүгін Жұмабек Сейтмұратұлы туралы айтуды азаматтық парызым деп есептеймін.
Ұзақ жылдар туған жер медицинасының тұғырын тіктеп, негізін қалауда қажырлы қызмет еткен денсаулық саласының қайраткері туралы айтқанда , ең бірінші ол кісінің шынайылығына тоқталмасқа болмайды. Ол кісіге емделуге ықыласы ауған кісінің алдынан жазылып шығуының негізінде тәжірибелі дәрігердің бар пейілімен қайткенде сырқатты құлан- таза сауықтырып жіберуге талпынатын талабы жатса керек.


ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚПАС

Мен Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіріп келген соң бір жыл облыстық аурухананың «Анестезиология, реаниматология» бөлімінде интернатурадан өтіп, жолдамамен аудандық ауруханаға жұмысқа орналастым. Бұл 1989 жылдың 1 тамызы болатын. Сол кездегі аурухананың бас дәрігері Жақсыбай Қалкузов аға мені жұқпалы аурулар бөлімшесінің қарқынды емдеу (интенсивная) палатаға емдеуші дәрігер етіп бекітті.
Жұқпалы аурулар бөлімшесі сол күндері ремонтқа жабылып, уақытша терапия бөлімшесіне ауысқан екен. «Өзің балалар реаниматологы екенсің, бітіргенің педиатрия факультеті екен» деп бөлімдегі ауыр науқасты балаларды менің қарамағыма берді. Менің алғашқы жұмыс күнім осылай басталып еді. Алғашқы еңбек жолымда осындағы тәжірибелі дәрігер Сейтмұратов Жұмабек ағаның сондықтан да қолтаңбасы зор. Сол кездері бұл кісінің жасы елулерді алқымдап қалған, дәрігерлік еңбек өтілі жоғары, ересектермен қоса балаларды емдейтін ол кісіде көп дәрігерде кездесе бермейтін қасиеттер бар еді. Ақкөңіл, бала мінезді, сұраған ақыл-кеңесіңе ешуақытта қабақ шытпай, ақылы мен тәжірибесін аямайтын, мынау менің науқасым емес деп бейтарап қалмай қолынан келгенінше көмекке даяр тұратын елгезектігімен бізге көп үлгі болды. Әріптестеріне ғана емес, аудан халқының алдында да беделі зор болды. Оның білгірлігіне сенген көпшілік «Жұмабектің өзі емдеп жатыр екен ғой, енді Құдай оңғарса баламыз жазылып кетеді» деген үмітпен қайтатын.
Жұмекеңмен қатар осы бөлімшеде жұмыс атқарған уақытта «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы», менингит, сары ауру, бруцеллез, және басқа ауыр науқастардың айығып кеткендеріне бірнеше мәрте куә болдым.
Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, Ауғаныстан мен Тәжікстанның шекарасында әскери қызметте болып, сол жақтан «малиярия» науқасының қоздырғышын жұқтырып елге келіп ауырған жігітті қырық күн емдеп жазып шығарды. Одан бөлек «Сібір жарасы « ауруымен түскен әйел адамды емдеп, аяғына тұрғызғаны есімде.
Бөлімшеге ауыр жағдайда түсініксіз науқаспен түсетіндерді емдеуде облыс мамандарына жүгінетін кездер болатын. Сондайда шақыртумен келетін марқүм Жолдасбеков Әбдіхалық ағамыз, қазірде құрметті демалыстағы аға-апаларымыз Дәужігітов Темірхан, Құдиярова Сапаркүл, Жалғас Назарұлы «Өздеріңнің білгір инфекционист мамандарың тұрып бізді шақыртудың қажеті қанша деп, Жұмабек Сейтмұратовтың қойған диагнозы, тағайындаған емімен келісіп, осы протоколды жалғастыра беріңдер деп кететін. Облыс қана емес, есімі республикаға белгілі, Қаазақстанға еңбегі сіңген атақты дәрігер Чун-Сон Фусановичтің тәлімгерлік көмегін әр кез құрметпен еске алатын Жұмекең сол кісіден көп нәрсе үйрендім деп отыратын. Ал мен болсам Жұмекеңнен көп нәрсе үйреніп, сол кісіні ұстаз тұттым.
1993 жылдың жазында Жаңақорған ауданына Алматы медицина институтынан практикалық көмекке келген оқытушы, инфекционист мамандар Тамара Әмірқызы, Люция Сәукешқызы бір ай бізбен тізе қосып жұмыс жасады. Жұмекеңнің тәжірибесін олар да жоғары бағалады. Ал жас дәрігер маған институттың кафедрасына клиникалық ординатураға баруыма ұсыныс айтып, ректорға өздері айтып, орналастыруға уәде берді. Қыркүйек айына дейін құжаттарымды тапсыруым керек екен. Сол бір кезеңдер барлық жерде қиындық етек алған өтпелі уақыт, қалаға барғанда жатар жер, жағдай кемдігін ойлап, тартыншақтай бердім. Тамара апайымыз Жұмекеңе звондап, ректормен келісіп қойғанын, менің тез келуімді ескертіпті. Таңертең жұмысқа келсем Жұмекең маған: «Мұндай мүмкіндік бола бермейді. Өздері шақырып тұрғанда алды-артыңв қарамай Алматыға тарт» деп, менің анау-мынау сылтауыма таусыла ұрысқаны есімде. Үлкен кісілердің ақылын ала білсек олар көп нәрсені біліп айтады, өздерінің басынан өткендерінен ойға түйгенін сабақ етіп, өз өкініштерін біз қайталамасын дейді екен-ау. Біз соны дер кезінде түсінбеппіз.
Жұмекең аудандық ауруханада, зейнет жасынан соң да емханада, басқа да жекелеген емдеу мекемесінде абыройлы қызмет атқарды. Елге дәрігерлік жәрдемін тіпті бүгінгі күнге дейін жалғап келеді десем қателеспеймін. Жасы сексенге таяды, бірақ қартайдым, демалуым керек демейді. Жүріс-тұрысы да ширақ. Әсілі жүрегі кең адам қартаймайды, көпке шуағын шашып, көптің жәрдеміне жүгіруі ол кісілердің өзіне есе-есе жақсылық болып қайтып, күш-қайратын еселеп тұратын шығар. Құдырет о баста пенделерін бір-біріне бауыр етіп жаратқандықтан бір-біріне мейірімді болғанға мейірімін аямай төгетініне осы кісінің өмір жолы дәлел деуге болады.
Мен бүгінгі жас дәрігерлерге осы кісінің кәсібіне деген адалдығын, адамдарды алалауды білмейтін ақжүректілігін өнеге ету мақсатында осы бір шағын жазбамды ұсынуды ұйғардым. Бүгінде облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері ретінде Ұстаз алдындағы шәкірттік лебіз, інілік ізет, жүрекжарды сөзімді жеткізу мен үшін бір асыл міндет сынды.

Тәңірберген Әмитов,
Денсаулық сақтау ісінің үздігі

13 қаңтар 2021 ж. 674 0