№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ілім сайысы

Ілім сайысы

Имам Марғузимен ілім сайысы.
,,Үргеніш өңірінде Имам Марғузи деген атақты шайқы бар еді. Сол Әзірет Сұлтанның даңқын естиді. ,,Түркінің Пірі дейтіндей бұл қайдан шыққан әулие? Барып көрейін.
Жалған болса сазайын берейін.,,- деп жолға шығады. Шариғаттан мың сұрақ, тариқаттан мың сұрақ, хахиқаттан мың сұрақ дайындайды.
Түркістан Үргеніштен үш күншілік жол екен.
Имам Марғузи келе жатып бір қойшының үйіне түнеді. Қойшы қойын сойып, қонақасы берді. Имам келді деген соң жұрт жиналып, әңгімеге құлақ түрді. Имам Марғузи шариғат жайлы насихат айтты.
Уағыз біткен соң, қойшы:
- Тақсыр, бір сұрағым бар еді. Шариғаттың жауы не?- деп сұрады.
- Надандық. Барлық былық білмегеннен шығады. Оқымаған надан шариғатты былғайды. - деді имам.
- Бізге Әзірет Сұлтан шариғаттың жауы менмендік деген еді. Ібіліс күллі періштеге шариғаттан дәріс берген ұстаз еді. Амал нешік. Сол білімнен пайда болмады. Менмендік өзінің басын жұтты. Құдайдың дәргейінен қуылыпты- деді қойшы.
Сөзден тосылған Марғузи:
- Тағы не айтты?- деді сыр білдірмей.
- Өзін өзгеден артық санайтын кібірлер жұмаққа кірмейді, шариғаттың мақамында жүрмейді. Пенде пақыр үнемі қауіп пен үміттің арасында жүрсін деп үйрететін- деді қойшы. Марғузи үнсіз қалды. Ішінен ,,Қой, құрысын. Шариғаттан сұрақ қоймай- ақ қояйын,, - деп сақтық қылды.
Ертесіне жолға шықты. Екінші күні сиыр баққан бақташының үйіне түсті. Ол да қонағасы беріп имам келді деп жұртты жинады. Астан соң ел жұрт уағыз тыңдаймыз деп имамға құлақ түрді. Имам Марғузи тариқат жайлы толғады. Уағыздан соң бақташы:
- Тақсыр, тариқат жайлы жақсы айттыңыз. Бәрі де көңілге қонымды. Біраз сауатымыз ашылып қалды. Енді бір сұрақ. Тариқаттың жауы не? - деп сұрады.
- Тариқаттың жауы әрекетсіз болу. Амал жасамау. Құр ілімге малдану. - деп жауап берді. Бақташы:
- Әзірет Сұлтан тариқаттың жауы менмендік деп еді. Ібіліс Алланың дәргейінде болғанда амалдан ада болмапты. Хақтың әмірін екі қылмапты. Бірақ соның өзі сайтандықтан сақтануға сеп болмады. ,,Менен артық кімің бар?"- деген кібірлік ақыры түбіне жетіпті- деді. Марғузи тағы да сөзден тосылды.
- Әзірет Сұлтан тағы не айтты?- деді бұл жолы да сыр білдірмей.
- Тариқатқа түскен жан аз ұйықтасын. Тойып тамақ ішпесін дейтін. Көп ұйқы, көп тамақ жалқаулық шақырады. Жалқаулық ілім игеруіне мұрша бермейді- деді. Имам Марғузи үнсіз қалды. Тариқат жайлы білем дегенім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз екен деп дайындаған сұрақтарын өртеп жіберді.
Ертесіне сапарын жалғап жолға шықты. Кеш бата жылқышының үйіне түсті. Ол да жұртты жиып ,қонақасы берді. Жұрт имамға құлақ түрді. Имам Марғузи хақиқат жайында толғады.
Сөз тәмам болғанда жылқышы:
- Тақсыр, бір сұрағым бар еді. Хақиқаттың жауы не?- деп сұрады. Марғузи:
- Хақиқаттың жауы сұлу әйел. Хақ жолына бет бұрған талай азамат ажарлы аруға жүрегін алдырып, ақыры содан опа таппады. Сондықтан сұлу көрсең сақтанған дұрыс- деп бір тоқтады.
Жылқышы:
- Әзірет Сұлтан бізге хақиқаттың жауы менмендік деп үйретті. Ібіліс Тәңірді танып, оған ғашық еді. Өзге сұлу затқа құмартпапты. Елдің бәрі оның махаббатына қызығатын. Амал нешік, соның өзі қарғыстан құтқара алмады. ,,Мен одан артықпын,, деген бір ауыз сөзі мойнына мәңгілікке қарғыс қамыты боп киілді. - деді. Марғузи бұл жолы да сөзден тосылды.
Сыр алдырмай:
- Тағы не айтты?- деп сұрады.
- Ақиқатқа жеткен жан Хақ дидарына ғашық болады. Сол сәтте кібірлік жүрегіне жол салады. Егер момындар сол сәтте сергек хәлін ұстай алмай өзін зор санап, басқаны өзінен қор санаса Құдай төбесінен ұрады.
Сондықтан толық топырақ сипат таппайынша, нәпсің өлікке айналмайынша бір сәтке де босаңсуға болмайды- деді. Іштей қарапайым қойшы мен бақташыға осындай ілім үйретсе Яссауи расымен Түркінің пірі болды ау деп ойлады.
Ертесіне Түркістан шаһарына келіп жетті. Қожа Ахмет Яссауидың медресесіне ат басын тіреді. Әзірет Сұлтан бұл кезде шәкірттерімен хақ сыпырасында сұхбатта отырған.
Алыстан имамның ақ сәлдесін көріп орнынан ұшып тұрды. Алдынан шығып сәлем берді. Марғузи Қожа Ахметтің кішіпейілділігіне таң қалды. Сынық мінез көкейіндегі бақталастық, көреалмастықты жойып жіберді.
Яссауиге сол жерде қол тапсырып, шәкірт болды. Кейін Әзірет Сұлтанның тоқсан тоғыз машайығының біріне айналыпты.,,
,,Яссауи феномені,,
Раушан Жәкешбай.
17 маусым 2020 ж. 707 0