Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қара нанды қақ бөліп, бір шаңырақтың баласындай ұйымшылмыз

Қара нанды қақ бөліп, бір шаңырақтың баласындай ұйымшылмыз

  1984 жыл. Қызылорда политех­никумының өндірістік азаматтық құрылыс (ПГС) бөлімінде оқимыз. Облыстың әр ауданынан жиналған жігіттер жатақханада жататынбыз.

 Қара нанды қақ бөліп, бір шаңырақтың баласындай ұйымшылмыз. Оқу, жатақхана тегін. Алайда, оқу орысша болғандықтан, техникалық, құрылыс терминдерін айтып түсіну қарапайым ауыл баласына алғашқы курста өте қиын болды. Бір қызығы, соңғы курста көп студент өзінің алғырлығы, ізденімпаздығы арқасында төселіп, ойын қос тілде толық жеткізе білді. Дипломдық жұмыс жазып, қорғауға дайындалып жатқан кезіміз. Сызатын жоба, жазатын қағаз көп. Бір күні 2-ші қабатта жаңа үстел теннисін орнатты. Диплом жаза жүріп, шаршаған уақытта таласа ойнап, бір сергіп қаламыз.
Аз уақыттың ішінде теннисті еркін еңсеріп, қатарластарымды үнемі жеңетін дәрежеге жеттім. Спорттың осы түріне деген қызығушылығым бара-бара арта түсті. Оқуды бітіріп, дипломмен ауылға келдім. Ол кездері жылжымалы механикаландырылған комбинаттар (ПМК) көп болушы еді. Аудан бойынша ауылдық жерлерде типтік мектеп, МТМ, автогараж, балабақшалар салынып жатты. Жас маман ретінде құрылыс шебері болып жұмысқа орналастым. Ауылдың ескі клубында стол теннисі болатын. Студенттік кезде шыңдалып келген шеберлігімді осында қайта жалғастырдым.
Алғаш рет облыстық «Алтын күз» Жаңақорған ауданында өтіп, сонда өнер көрсеттім. Ақтық сында азулы Қазалы командасын жеңіп, алғаш рет чемпион атанып, Сыр жұртын таң қалдырдық. Команда сапында Еркін Нахипов пен Гүлнұр Рәшова болатын. Міне, біздің алғашқы үлкен спорттағы жеңісіміз осылай басталды.
Келесі жылы облыстық жарыс Қазалы ауданында өтетін болды. Менің белгілі себептермен қатыса алмайтынымды білген сол кездегі аудандық спорт бөлімінің басшысы Әмір Рысбеков үйге келіп, өтініш айтып, намысымды әбден қайрады. Келіспеске амал жоқ, не керек Қазалыға жол тарттық. Бірақ, теннисші қызымыз Гүлнур поезға шықпай қалды. Уақыт тығыз болғандықтан Әмір Рысбеков барлық спортшыларды вокзалдың күту залына жинады.
– Кім үстел теннисін ойнай алады, – деді.
– Мен ойнаймын, – деп ортаға қара торы қыз шықты.
– Есімім Айгүл. Баскетбол командасының мүшесімін. Теннис ойнаудан тәжірибем бар, – деді.
Сонымен, межелі мекенге жетіп, жарыс та басталды. Үшеуміз де шабыттанып ойнап, нәтижесінде ақтық сынға жолдама алдық. Таңертең финалда Айгүл бірінші ойнап, қарсыласты тізе бүктірді.
– Ағалар, ендігі кезек сіздерде. Менің баскетбол ойыным басталмақшы, – деп шығып кетті.
Алайда, Ерлан Сарсенханов екеуміз де күмісті місе тұттық. «Ақсұңқар ұшар жем үшін, туады ерлер елі үшін» – демекші, міне сол кездерде қызметке қана емес, спортқа да адалдық, шынайы махаббат осындай болатын. Қазір көріп жүрмін спорттың бірнеше түрінен облыста озықпыз. Ат спорты, еркін күрес, белбеу күрес және т.б. спорттан еңсеміз биік. Енді осы дәстүрден төмендемей, қайта бұдан да биіктерді жалғай беретін боламыз.
«Дені сау ұрпақ – мемлекет байлығы», демекші, биылғы жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Сондықтан, жастардан күтер үмітіміз көп. Тек оларға қолдау, демеу болса болғаны. Айтпақшы, биыл 1961-1962 жылғы туылған түлектердің мектеп бітіргенімізге 40 жыл толыпты. Қайран, зымырап бара жатқан уақыт-ай...
№209 Түгіскен ота мектебінде тәлім берген мұғалімдер Тәшім Айтжанов, Зәкір Үсенов, Жолдықожа Байжанов, Бекназар Атабаев, Исахан Абуталипов, Сарсенбай Кесебаев және К.Мыржыбаев, Б.Карабаев, А.Бабажанов т.б. аяулы ұстаздарым бүгінде ортамызда болмаса да орны бөлек еді. Оларға әрдайым бас иеміз. Марк Твен айтқандай:
–Қай жақтан келе жатырсың?
– Балалық шақтан келе жатырмын – дегендей әрқайсымыздың жүрегімізде сол жастық шақ, ыстық мектеп, аяулы ұстаздарымыз мәңгі өшпейді. Сондықтан, бүгін сол жалынды шаққа саяхат жасап, аудандағы үстел теннисінің өрлеу кезеңіне тоқталғым келді. Жастарға да осы жол өнеге болсын.

Ильяс АБУТАЛИПОВ,
үстел теннисінен облыстың үш дүркін жеңімпазы, құрылысшы.
29 мамыр 2019 ж. 882 0