Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жұлдызы жанған Жанерке

Жұлдызы жанған Жанерке


12 жасынан бастап Құнанбай Салыбековтің қол астында жаттығып жүрген талантты шәкірттің бірі Жанерке Сейітқасым былтыр «спорт шебері» атанды. Гандболдан облыс жастар құрамасының белді ойыншыларының бірі бұл дәрежеге небәрі 15 жасында жетіп, аудан спортшылары арасындағы жас рекордсмендер қатарынан көрініп отыр. Сондықтан, жас гандболшының қазір қайда жүргенін білмекке алғашқы бапкерімен тілдескен едік.
– Жанерке қазіргі уақытта Бурабайда облыс құрамасы сапында дайындықта жүр. Бұйыртса биылдан бастап супер лигада Сыр намысын қорғайтын болады, – деді Құнанбай.
Жалпы, талантты қызды әкесі Аманжол Бақбергенов 2014 жылы гандболдан ауданның аға жаттықтырушысы Құнанбай Қайратұлына тапсырады. Араға екі жыл салып жасөспірімдер құрамасында тер төккен шебер ойыншы көпшілікті тәнті етеді. Облыстық ашық біріншіліктерде көзге түсіп жүрген келінтөбелік гандболшы 2016 жылы Қызылордадағы Жалаңтөс Баһадүр атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа оқуға түседі. Сол жылдан бастап облыс командасының құрамына ілініп, мықтылығын дәлелдей алды. Ол осыған дейін, 2015-2016, 2016-2017 жылғы Жоғарғы лигада өнер көрсеткен болатын. Енді супер лигада ойнау құқына ие болды.
– Ең бірінші маған тәлім-тәрбие берген ата-анама, Құнанбай бапкеріме, демеу беретін достарыма алғысым шексіз. Басында қай спортқа бару керек деген сауал болған, алайда ауылдағы гандбол спортының беталысы мені тәнті етті. Алтыншы сыныпта жүргенде осы спортқа келдім. Қазір облыс командасының құрамында жаттығып жүрмін. Шүкір етемін. Алда жос­пар көп, тек аянбай еңбек ете білсек болғаны, – деді жас спортшы қоңырау арқылы.
Иә, үш мыңға жуық тұрғыны бар Келінтөбе ауылында гандбол спорты өте жақсы дамып келеді. Тіпті, аудан құрамасының барлық ойыншылары осы ауылдың түлектері. Облыстық жарыстарда үздік үштіктен түспейтін команданың бұрымдыларының табысты өнер көрсетіп жүргенін білеміз. Әрі, мақтан тұтамыз. Құнанбай бапкер баптаған қыздар әлі биіктерден көрінетініне сенім мол. Тек ептеп демеулік жасап жіберсек болғаны.
– Қыздардың жалпы дайындығы, біріншіліктегі беталысы жаман емес. Барлығы өз деңгейінде өнер көрсетіп келеді. Ал, Жанеркеге келетін болсақ оның ойын мәнері өзгеше болатын. Допты қарсыласын тартып алып, қарымта шабуыл ұйымдастыру оның стилі. Осындай табандылығының арқасында үздіктер қатарынан көрініп жүр, – деді алғашқы бапкері.
Тынымсыз еңбек, төккен тер, үкілеген үміттің арқасында жас гандболшы осындай биіктерге жетті. Ата-анасы да қыздарына қолдау көрсетіп, үнемі жанынан табылуға тырысады. Иә, «баласы көкпар шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады», демекші анасының да көңілі әрдайым балапаны үшін алаңдаулы.
– Қызым үшін алаңдап, амандығын тілеп отырамын. Оның спортта жүргеніне өте қуаныштымын. Біз оған әрдайым қолдау көрсетіп, биіктерден көрінуіне тілектестік білдіреміз. Жанеркенің болашағынан біз ғана емес, жанкүйерлері мен бапкерлері үлкен үміт күтеді. Сондықтан, аянбай еңбектенуі керек, – деді анасы Айгүл Қалжанова.
06 ақпан 2018 ж. 1 413 0