Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БҰРЫМДЫ БАЛУАННЫҢ бағындырған биігі

БҰРЫМДЫ БАЛУАННЫҢ бағындырған биігі


Түгіскен топырағынан түлеп ұшқан талантты спортшылар бүгінде ауданның ғана емес, елдің мерейін асырып жүр. Аққорғандық жігіттердің жеңісті жолын айтпағанның өзінде бұрымдылардың жетістіктері бір төбе. Мәселен, Диана Ғайбулланы сол қатарға жатқызуға болады.
Балуан қыз жуырда жасөспірімдер арасында Тараз қаласында өткен самбо күресінен ел чемпионатында алтыннан алқа тағынып, облыс абыройын асқақтатты. Одан бөлек, 2016 және 2017 жылы белбеу күресінен ел чемпионы атанды.
Жалпы, Диана спортқа қалай келді? Осыдан бастасақ. Жастайынан спортқа қызыққан оны 2014 жылы күрес залына Гүлжан Жұманова алып келеді. Жаттықтырушының ақыл-кеңесін ынта-шынтасымен орындаған еңбекқор қыз араға бір жыл салып облыстық жарыстарда бағын сынайды. Әрі аз ғана уақыт ішінде облыстық біріншіліктерде жүлдеге ілігеді. Ал, екі жылдан кейін Сыр өңірінің намысын республикалық додаларда қорғай бастайды. Тіптен, Қазақстанның чемпионы атанады. Үш жылдан кейін әлемнің үздік үштігіне енеді. Осылай үлкен спортқа нық қадам басқан ол бас-аяғы төрт жылдың ішінде белбеу, самбо күресінің қыр-сырын меңгеріп, белгілі балуанға айналды. Бұл тұғыр әрине нәзік жанды үшін ерлікпен пара-пар екені даусыз.
Сонымен, 2016 жылы белбеу күресінен Астанада өткен әлемдік дода жерлесіміз қоланы қанағат тұтты. 2017 жылы Ресейде өткен Әлем біріншілігінде күміске қол созды.
– Әр жарысқа барған сайын өзімнің үздік екенімді дәлелдегім келеді. Бұл менің өмірлік ұстанымым. Қашанда бірінші болуды мақсат тұтамын. Алла берген дарындылығымды тасада жасырып қалғым келмейді. Себебі, спорт – менің келешегім. Бозкілемде барымды салып, қанша тер төксем де бұл мен үшін аздық етеді. Сондықтан, бапкерімнің айтқанын екі етпеуге тырысамын, – деді жас балуан.Бүгінде Алмат Әбдіназаровтың шәкірті Диана самбоны да қатар алып жүр.
– Жалпы, Диана өте зерек қыз. Әрбір жаттығуда үйреткен тәсілдерді жетік меңгеріп алады. Әрі бойында ерекше дарындылық байқалады. «Мықтылық мұратсыз келмейді» демекші, оның алға қойған мақсат-мұраты бар. Бұйыртып жатса әлі талай додаларда оза шабатын боламыз, – деді жеке бапкері. Самбодан жаттықтырушысы Аслан Нархожаев пен Нұрлыбек Алдабергеновтің де еңбегін ескерусіз қалдыруға болмайды.
– Спорттың салмағының қаншалықты ауыр екенін білемін, қаншама жауапкершілік жүгі, сенім үдесінен шығу да оңай емес. Дегенмен осы жолды таңдағаныма еш өкінбеймін. Ата-анамда мені үнемі қолдап, демеп отырады. Алда наурыз айында Грузияда өтетін Әлем чемпионаты күтіп тұр. Самбодан тұңғыш қатысуым болғандықтан осы жолы қалайда алтынмен ораламын. Ал, одан кейін Моңғолияда жалауы желбірейтін Азия біріншілігіне де жолдамам бар. Қазір тыңғылықты жаттығу үстіндемін. Әрине, сабақ үлгерімімді де ұмыт қалдырмаймын, – дейді жас спортшы. Осы орайда, бұрымды балуан ұстаздарына, Түгіскен спорт мектебінің басшысы, білікті бапкер Әбдісаттар Садықовқа да алғысы зор екенін жеткізді.
Ата-ана қашанда тілекші ғой, Нұрхан Ғайбуллаев пен Нағима Үсейінованың шаңырағында өмірге келген үйдің кенжесі Диананың спортты таңдауына ешкім де қарсылық білдірмеген. Тек алға қойған мақсатына жетуіне ана жүрегі мен әке мейірімі қашанда үлкен күш сыйлап келеді. Міне, жоғары сынып оқушысының жеткен жетістіктері осындай. Биылғы қос межені бағындыру ғана қалды. Тек жерлесімізге сәттілік серік болсын дейміз. Өр мінезді, жалынды жастың алар асуы, бағындырар белесі әлі алда.

Әлібек ТЕМІРБЕК.
06 ақпан 2018 ж. 1 622 0