» » МЫҚТЫ СПОРТШЫ – ЕЛ МЕРЕЙІ

МЫҚТЫ СПОРТШЫ – ЕЛ МЕРЕЙІ


Мемлекеттік-жеке әріптестік – бүгінде ел экономикасын жаңа белеске көтеруде, оны әртараптандыруға және кәсіпкерлерді ірі инвестициялық жобаларға тарта отырып, мемлекетпен бірлесе бизнесті жаңа деңгейге шығаруға септесетін жобаның бірі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында жекеменшік инвестицияларды тарту жөнінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі орасан зор әлеуетке ие болатынын айтты.
Бүгінде осынау бағдарлама аясында елдің түкпір-түкпірінде көптеген әлеуметтік маңызды нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілуде. Мәселен, Сыр өңірінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған балабақша жөнінен біздің аудан көш бастады. Енді спорттық нысандар бой көтере бастады. Биыл осы әріптестік аясында ауданда бес спорттық кешен салынуда. Мән-жайдың анығын білу үшін аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Махмут Рахымжановқа жолықтық.
– Жыл соңына дейін екі спорттық нысан іске қосылады. Яғни, Жаңақорған кентінде екі кешен, Сүттіқұдықта, Бірлік және Қыркеңседе салынуда. Сондай-ақ, Төменарық пен Жаңарық ауылдық округінде де мемлекеттік-жеке әріптестік аясында нысанның қазығы қағылады. Әзірге қос кәсіпкер құжат дайындап, жерлерін әзірлеуде. Мұның бәрі жастардың келешегі үшін жасалынып жатқан жұмыстар, – деді сала басшысы.
Оның сөзінше, барлық кешендер талапқа сай, көбі қайта жаңғыртудан өткен. Нысандар көпшілікке қолжетімді, әрі сапалы. Енді іргетасы қаланып жатқан ғимараттарда қандай спорт түрлері қолға алынбақ. Соған аз-кем тоқталсақ.
Алдымен, Сүттіқұдық ауылдық округіндегі спорт кешенінен бастасақ. Мұнда баскетбол, волейбол, гандбол және кіші футболға арналған зал және еркін күрес, бокс, тоғызқұмалақ үйірмесі ашылады. Сол секілді кенттегі Абай және Хорасан ата көшесі бойындағы ашылатын спорттық нысанда қазақ және дзюдо күресі, таэквандо, ауыр атлетика, шахмат, гандбол, баскетбол және волейболдан үйірмелер ашылады.
– Мақсат – аула спортын дамыту мен балалардың әуесқой спорт командаларына қолайлы жағдай жасау. Сондай-ақ, бос уақытты тиімді өткізуге, балаларды салауатты өмір салтын ұстануға, емін-еркін спортпен шұғылдануына жағдай жасау, – дейді ақүйіктік кәсіпкер Бақыт Берділлаев.
Игілігін көрмей пікір айту қиын. Десе де, қуанып жатқан жаңақорғандықтар көп.
– Әрине, өте қуаныштымыз. Осындай игі істер көп болсын. Алдын ала алғысымызды білдіреміз, – дейді кент тұрғыны Абдулла.
Сондай-ақ, Марат Мантаев кәсіптік бағытта қолданған ғимаратын қайта жаңғыртудан өткізіп, белбеу, таэквандо және волейболға арналған зал ашылса, Бірлікте басталған ғимаратта күрес түрлерінен балалар тәрбиеленбек.
Айта кетейік, тағы қуанышты жаңалық, биыл Жаңақорған және Шалқия кентінде «Самрұқ қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ арқылы шағын алаңдар бой көтереді. Ел игілігіне берілетін нысанның ашылу рәсімі жақын арада өтеді.
Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін нығайту мемлекетке де, бизнесті дамытуға да бірқатар артықшылықтар беретіні мәлім. Сондықтан, алдағы уақытта да осы бастамамен жұмыс жасайтындарға мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған. Мұның бәрі аудан спортын дамытатын тың тетік...
25 қыркүйек 2018 ж. 988 0