№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » СПОРТТА ЖАҢАҚОРҒАННЫҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ

СПОРТТА ЖАҢАҚОРҒАННЫҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ

Сыр өңіріндегі ең айтулы спорттық дода – Халықтық спорт ойындары екені белгілі. Себебі, төрт жылда бір өтетін аламан аудан спорты дамуының бараметрі саналады. Осыдан төрт жыл бұрын жаңақорғандық спортшылар Қызылорда, Байқоңыр қаласынан кейінгі орынға тұрақтаған еді. Биыл екінші тұғырға шықты. Бұл – ауданда спорттың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетсе керек-ті...
Байқоңыр қаласында байрағы көтерілген VІ Халықтық спорт ойындарына 9 құрамадан 1500-ге тарта кіл мықты спортшы қатысты. Бұқаралық спортты дамыту, спорт резервін дайындау, спортшылардың шеберлігін жетілдіру және спорттық базаны нығайтуды мұрат еткен спорттық шара волейбол, шағын футбол, стритбол, тоғыз құмалақ, қол және қазақ күресі, асық ату, гір көтеру, үстел теннисі, жеңіл атлетика түрлерін қамтыды.
ХХ ғасырдың 50-60 жылдары ауданда қалыптасып, даму жолына түскен волейбол спортының бүгінгі беталысы жаман емес. Волейболшы ерлер 16 ұпаймен екінші орыннан көрінсе, қыздар командасы қарсыластарын қоғадай жапырып, тұғырдың ең биігіне шықты. Ал, жағажай волейболы бойынша үшінші орынға жайғасты. Жаңақорғандықтар тоғыз құмалақ пен қол күрестен үздік команда атанса, гір көтеруден екінші, қазақ күресінен үшінші орынға жайғасты.
Осылайша 171 ұпай жинаған Жаңақорған ауданының құрамасы Қызылорда қаласынан кейінгі орынға тұрақтады. Байқоңыр 167, Шиелі 153 ұпаймен үшінші-төртінші орынды өзара бөлісті. 
– Жаңақорғанда спорт қарқынды дамып келеді. Оған ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы өз әсерін тигізуде. Біздің ауданнан Бейжің, Лондон, Рио-де-Жанейро Олимпиадасына үш спортшы қатысты. Әрі нәтижелі өнер көрсетті. Биыл Азия ойындарына екі спортшымыз бақ сынайды. Біз спортшылардың әлеуетімен мақтана аламыз, – деді аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Махмұт Рақымжанов.
Расында, ауданда бұқаралық спорт қарқынды дамуда. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Тек спорттық нысандарға көңіл ерекше бөлінсе. Шиелі ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірнеше нысан бой көтергені белгілі. Мұндай бастаманы белгілі кәсіпкер Асылжан Шайықов құптап, Сүттіқұдық ауылдық округінде спорт кешенін салуда. Осындай игілікті істі өзге кәсіпкерлер жалғастырып, ауыл-ауылда спорттық нысандар салса, ауданнан Олимпиада ойындарының чемпиондары шығатыны ақиқат.
Айта кететіні, бірнеше жыл көлемінде кент және ауылдық округтерде шағын футбол алаңдары салынған-тұғын. Бүгінде осы нысандарды қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу керек-ақ...
Нұр-КЕНЖЕ.
07 тамыз 2018 ж. 1 007 0