Лапотегидің кетуі: Испанияның футболдағы беделін құлдыратады ма?
Кеше, яғни әлем чемпионатының басталуына бір күн қалғанда Испания футбол федерациясы бас бапкер Хулен Лопетегидің «Реалмен» келісімшарт жасауына байланысты қызметінен қуғаны хабарланған. Дүйім жұртты бұл іс таң қалдырғаны жасырын емес. Осы туралы Испанияның бұрынғы ойыншысы, 2010 жылғы әлем чемпионы Хави Эрнандес пікір білдірді.
Хави Эрнандес корольдік испан федерациясының президенті Луис Рубиалестің шешіміне қолдау білдірді. «Лопетегиге қатысты шешім мезгілінен кеш, күтпеген жерден әрі жылдам өткен болуы мүмкін. Мұндай істі ешкімнің күтпегені анық. Бірақ Рубиалес өте сауатты шешім қабылдады. Ол Федерация жекелеген адамнан жоғары тұруы керек екенін бірінші ойлады. «Реалдың» әрекетіне қатысты пікір білдіргім келмейді. Бірақ мен Испанияның бұрынғы ойыншысы ретінде Федерация дұрыс шешім қабылдады деген пікірдемін.
Ал Йерро ұлттық құрамаға бейімделген маман. Әлі есімде, 2010 жылғы әлем чемпионатының алғашқы ойынында Швейцариядан жеңіліп қалғанымыздан кейін бізге қатты көмектескен», деді Хави Marca басылымына берген сұхбатында. Әлем чемпионатына шақырту алмаған «Челсидің» жартылай қорғаушысы Франсеск Фабрегас дүбірлі дода кезінде телевидениеде сарапшы болмақ. О
сыған байланысты футбол сарапшысы Гари Линекер Twitter желісінде әзіл түрінде мынадай пікір қалдырды: «Қандай жақсы болды, енді Сеск Фабрегастың телевидение саласындағы дебютінде айтары көп болады», деді.
Ал оған Фабрегас жауап ретінде: «Гари, асықпай күте тұр. Бәлкім ұлттық құрамаға енді шақырып қалатын шығар», деді.
Айта кетейік, 12 маусым күні Хулен Лопетеги әлем чемпионатынан кейін «Реалды» жаттықтыратыны белгілі болған. Ал кеше ол ресми түрде қызметінен босатылды. Испаниялықтарды 15 маусым күні Португалияға қарсы ойын күтіп тұр. Лопетегидің орнына ұлттық құраманың спорт директоры Фернандо Йерро тағайындалды.