Мерген-2021: Ұстаздар бәсекесі
N163 мектепте аудандық білім беру ұйымдарының алғашқы әскери және техникалық дайындық (АӘТД) пәні ұстаздары арасында «МЕРГЕН-2021» сайысы жылды қорытты. Сайыстың мақсаты – АӘТД пәні оқытушылары арасында өзара тәжірибе алмасу, әскери-қолданбалы спорт түрлерін дамыту арқылы жас ұрпаққа, шәкірттерге өнеге болуды көздеді. Дәстүрге айналған шара жоғары дәрежеде өткенін көрдік.
Сайыстың ашылу салтанатына Жаңақорған ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы, подполковник Нұрбол Есеналиев, аудандық білім бөлімі кәсіподақ ұйымының басшысы Елшібек Сатершинов, N163 орта мектеп директоры Айгүл Назарымбетова және ардагер ұстаз Ахмет Нахипов сайысқа қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі. Бас төреші №245 мектеп мұғалімі Жанболат Қасымбеков сайыстың мақсатын шарттарын, ережесін таныстырды.
Жарыс ережесіне сәйкес 40 жасқа дейін қатысушыларға Жанболат Қасымбеков бас қазылық етсе, 41-55 жас аралығында бақ сынаған ұстаздарға бас төреші ретінде Мырзан Қылышбаев әділ бағасын берді. 56 жастан жоғары педагогтардың сайысына Арман Егембердиев бас төрешілік жасады.
Айта кететіні, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасында жастарды әскери бағытта, патриоттық тәрбиелеуде нақты міндеттер қойды. Ертеңгі елдің қорғаны болатын жастарды тәрбиелеп, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуды айтты. Соның алғышарты негізінде алдымен ұстаздар қауымы өздерінің білім-білігін пысықтап, өзара тәжірибесін тоғыстырды.
Сайыс бағдарламасы бойынша пневматикалық винтовкамен нысанаға оқ ату, пневматикалық винтовкамен жылдамдыққа нысананы құлату және «АК-74» оқу қаруын жартылай бөлшектеу, жинақтау сынды үш кезең арқылы мықтылар анықталды.
– Сайыс барысында барлық техникалық қауіпсіздік ережелері сақталды. Жарыс жалпы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жыл сайын ауқымы кеңейіп келеді. Біздің мақсатымыз пән ұстаздарының тәжірибесін толықтырып, білімін шыңдау. Бүгінгі сайысқа аудан мектептерінің барлық пән мұғалімдері қатысып, бағын сынады. Сол арқылы болашақ елдің қорғаны болатын азаматтарды әскери бағытта, патриоттық рухта тәрбиелеу, – деді жарыс ұйымдастыруға ұйытқы болған пән мұғалімі Қуаныш Аилакимов.
Сонымен аудандық «МЕРГЕН-2021» сайысының қорытындысы бойынша 40 жасқа дейін бас жүлде №192 мектеп ұстазы Арман Егембердиевке бұйырды. Бірінші орынға №162 мектеп педагогы Тоқтар Искендиров жайғасса, екінші тұғыр №247 мектеп ұстазы Рыскелді Сүлейменовке бұйырды. №240 мектеп мұғалімі Амантай Сұлтанов қоланы қанағат тұтты.
– Жыл сайын осындай сындарда шыңдалып, біліктілігімізді білдіріп, тәжірибемізді арттыра түсірудеміз. Облыстық сындарда да бақ сынап келеміз, бұл осы пән ұстаздарына үлкен мүмкіндік, – деді Т.Искендиров.
41-55 жас аралығында бас жүлде Жанболат Қасымбековке (№245), бірінші орын Шәкірқожа Үсеновке (№256), екінші орын Нұрлан Башаровқа (№168), үшінші орын Қуаныш Абилакимовке (№163) бұйырды. Ал, 56 жастан жоғары жастағы ұстаздар арасынан бас жүлдені Дүйсенбек Увашев (№53) иеленсе, алтын Серікбай Исаевқа (№55), күміс Мырзан Қылышбаевқа (№54), қола Жарқынбек Қожаметовке (№223) табысталды.
Сайыс жеңімпаздары аудандық білім бөлімінің арнайы дипломдарымен және білім бөлімі кәсіподақ ұйымының номинацияларымен марапатталып, естелік сыйлықтары ұлестірді.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ