№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ат спорты: жастар қоламен қуантты

Ат спорты: жастар қоламен қуантты


Ұлттық ат спорты түрлерінен жастар арасындағы ел чемпионаты аяқталды. Шымкент шаһарында өткен 1999-2002 жылы туылған жастар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында Сыр қоржыны үш қоламен толығып, командалық есепте бесінші орынға жайғасты. Қызылорда құрамасының толықтай құрамын құрайтын жаңақорғандық шабандоздарға үш қоланың екеуі аударыспақтан келсе, біреуі жамбы атудан бұйырды.

Көкпардан – XIV, аударыспақтан – XIV, теңге ілуден – XIV, жамбы атудан VI Жастар арасындағы ел біріншілігінде Түркістан облысының жастарына тең келер ешкім болмады. Сегіз алтынның алтауын қанжығаларына байлаған түркістандықтар биыл керемет нәтиже көрсетті. Екі алтын жүлде жамбылдықтардың еншісінде.
Алдымен жамбы атудан тұлпарын тізгіндеген Ғалымжан Өміртай додаға түсті. Былтыр ересектер арасында керемет өнер көрсетіп, чемпиондық тұғырдан көрінген Ғалымжан жаңа рекорд орнатқан болатын. Чемпион атанған ең жас спортшы ретінде жамбы атудан тарихта есімі қалды. Биыл сол жетістігін қайталай алмады. Жалпы спорттық мансабындағы бұл үшінші қола, небәрі 20 жастағы жігітке бұл жақсы нәтиже.
– Алтын бұйырмады, сынның бәрі алда, келер жылы кеткен кемшіліктерді түзетіп, қайта оралатын боламын. Биыл дайындық аздау болды ма, сәл сәттілік жетіспеді. Бірақ келесі жылы чемпиондық атағымды қорғап қалуға тырысамын, – деді жас спортшы.
Қыркеңсе ауылының тумасы Ғалым­жанның бапкері, әрі әкесі Исламхан Боранбаев облыс құрамасының аға жат­тықтырушысы. Талай шәкіртті тәрбиелеп, аламанға қосқан білікті бапкерден тәлім алған жастардың алар асуы алда деп үміттенеміз. Жарыс қорытындысы бойынша 57 ұпай жинаған жерлесіміз қоламен қуантты.
Келесі күні бес салмақ бойынша ауда­рыспақтан аламанға түскен білек­тілер барын салды. Төрт алтын Түркіс­тан облысына бұйырды. 60 келі салмақта белдескен Нұрдаулет Байсейіт ақтық сынға жолдама алар сында сүрініп, қола үшін тартыста қанжығасы майланды. Құттықожа ауылының тумасы Нұрдаулеттің еншісіндегі бұл үшінші жүлде. Бұған дейін чемпионатта бір күміс, бір қоланы еншілеген болатын. Бұл салмақта Ермек Құралбай чемпион атанды.
Одан кейін 70 келідегі жігіттер додаға қосылды. Бұл салмақта алғаш рет сынға түскен жаңақорғандық Жақып Икрамның қанжығасы қоламен майланды. Түркістан мен Ақтөбе жігіттерін алға жіберген ол командасына үшінші қоланы сыйлады. Келінтөбе ауылының тумасы Жақып Икрамның болашағынан зор үміт күтетін боламыз деді бапкерлері.
– Иә, Икрам да, Нұрдаулет те бабында екенін көрсетті. Бұйырса келер жылы қоланы алтынға айырбастайтын боламыз. Ал Ғалымжанның мергендігіне Сыр жұрты тәнті. Ол өзімнің үшінші перзентім, 16 жасында ат спортын тізгіндеген оның дара жолы алда. Жалпы жаңақорғандық жастардан күтеріміз көп. Тек сәл демеу болса, әйтпесе білекті, жүректі, нағыз бабында жүрген спортшылар ат үстінен ерте түсіп жатады. Сондықтан осындай жастардың қолтығынан демеп, еңсесін тіктесек болғаны, қалғанын өзіміз тәрбиелеп аламыз, – деді Исламхан бапкер.
Абылбеков Қанат, Ауезов Асылбек секілді жаттықтырушылардың сіңірген еңбегі зор. Айтылған ақыл, төгілген тер, еткен еңбектің жемісі міне осындай белеске жетеледі. Тек жылда үздік үштіктен түспейтін көкпаршыларға биыл сәл сәттілік жетпеді. Оның үстіне біздің өңірде көкпаршыларды дайындайтын мектеп, тіпті алаң да жетіспейді. Соның септігі де тиіп, алтын ала алмай жүрген жоқпыз ба? Сондықтан жастарға жағдай жасайтын кез келген секілді. Әрине бұл жоғарының мәселесі ғой, біздікі тек ой тастап, қолдау білдіру ғой.
Айта кетейік, ат спорты түрлерінен облыс құрамасын жаңақорғандық жігіттер құрайды. Құрылғанына он жылдан енді асқан команданың толағай табыстары бір төбе. Көкпар, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақтан републикалық аламан­дарда үздіктер қатарындамыз. Енді міне жастар жеңісті жолды жалғап, алтын тұғырды бағындыра бастады. Жетістіктер жалғасы әлі алда екені шүбәсіз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
18 қараша 2020 ж. 666 0