Жас сарбазшылар күміспен күптелді
Ертеңгі елдің ұландары, болашақ жауынгерлер, Сыр өңірінің жас сарбазшылары Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Әскерге шақырылушы – 2021» әскери-қолданбалы спорт түрлерінен өзара мықтыны анықтады. Облыстық білім басқармасы, аймақтық дене тәрбиесі методикалық орталығының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасындағы спорттық сайыс Қызылорда қаласы №271 мектеп базасында өтті. Тәуелсіздіктің төл мерекесі қарсаңында өткізілген жарыста жаңақорғандық жігіттер жалпы командалық сында күміспен қуантты.
Жоғары сынып оқушыларын патриоттық бағытта тәрбиелеу, отансүйгіштікке баулу, әскери өмірдің өрнектерін түсініп, спорттық әлеуетін арттыруды мақсат еткен сайыстың биыл алғаш рет жалауы желбіреді. Барлық аудандар мен облыс орталығынан 8 команда 40-тан астам оқушылар аламанынының ашылу салтанатында ұйымдастыру алқасы басшылары, төрешілер жылы лебіздерін білдіріп, мақсаты мен шарттарын, ережесін таныстырды.
– Әскери сала бұл қашанда елдің еңсесін тіктеп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тұғыры биік қызмет. Ал, әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеу әрбір жастың азаматтық парызы, мерейлі міндеті. Сондықтан бүгінгідей сайыстардың ұйымдастырылуы біріншіден осы мақсатты көздесе, екіншіден, жас буынның спорттық әлеуетін арттырып, беделін биіктетеді. Аймақ бойынша іріктеліп алған келешек сарбазшылардан болашақта үлкен үміт күтіп, сенім білдіреміз, – деп басшылық қауым жарысқа келген жалынды жастарға жігер беріп, сәттілік тіледі.
Сонымен сайыс та басталды, пневматикалық винтовкамен нысана ату және сол қарумен жылдамдыққа нысана ату, АК-74 оқу қаруын жартылай бөлшектеу, жинақтау, оқжатарын патрондармен жинақтау, жалпы қорғаныш толымын (ОЗК) уақытқа қою мен белтемірге тартылу кезеңі бойынша жастар сынға түсті. Біздің ауданнан барған оқушылар қару қолданудан керемет нәтиже көрсетті. Алғашқы әскери және техникалық дайындық пәні оқытушылары дайындаған шәкірттер пневматикалық винтовкамен нысананы жылдамдыққа ату сайысында үш күмісті қоржынға түсірді.
Алдымен №163 мектеп оқушысы Тоқтар Нұрсұлтан бақ сынап көрді. Қуаныш Аблакимов шәкірті екінші орынмен түйіндеді. №192 орта мектеп оқушысы Иманжүсіп Анарбекұлы да винтовкамен нысананы дәл көздеді, тек сәттілік жетіспей күмісті олжалады. Ұстазы, әрі ұйымдастырушысы Арман Егембердиев. Жанболат Қасымбеков дайындаған №245 мектептің 11 сынып оқушысы Оразәлі Асан да алтынға бір табан жетпей қалды.
– Жалпы бұл сайыс өскелең ұрпаққа үлкен өнеге. Әсіресе, бүгінгі қоғамға қажет, әскерден жалтарып, абыройлы борышын өтеуден қашып жүрген жастардың сезімін ояту болатын. Біздің ауданда кез келген сайыс түрінен қатысуға ынта білдірген жасөспірімдер болды, бірақ іріктеу нәтижесінде аламанға қосқан оғландар мерейімізді асырды. Бұл шара алдағы уақытта да жалғасын табады деген ниеттеміз, – деді бірлесітік жетекшісі А.Егембердиев.
Ал, АК-74 оқу қаруын жартылай бөлшектеу, жинақтаудан сынға түскен №209 білім ордасының оқушысы Омар Айназар қоламен қуантса, винтовка атудан күміспен түйіндеді. Мұғалімі – Кеңесбай Қоңыров. Соңғы болып сынға түсіп, алтын алып келген №167 мектептің шәкірті Балғынбек Жұмантай керемет нәтиже көрсетті. Ол АК-74 оқу қаруының оқжатарын жарақтауда алдына жан салмады. Ақайдар Мадалиев ұстаздан тәлім алатын жас сарбаз пневматикалық винтовканы нысананы жылдамдыққа атудан екінші орынды қанағат тұтты.
– Мектеп табалдырығында тәжірибе жүзінде көріп, үйренген барлық амал-тәсілдерді қолдану қиын емес. Бірақ, қос сайыстан дайындыққа көп уақыт кетті. Нәтижесінде жемісін беріп, қос сыннан да сүрінбедім. Ағайыма, барлық командаластарыма алғыс, бұл ортақ жеңіс. Келер жылы алтын тұғырдан көрінуге жұмыс жасайтын боламыз. 1-2 жылдан кейін біздерді де әскери өмір күтіп тұр, баруға дайынбыз, бүгінгі сайыс соның алғышарттары деп түсінеміз. Ең бастысы, осы біліктілігімізді арттыра түсуіміз тиіс, – деді чемпион.
Соңғы жылдары жастардың әскерге баруы қиындап келеді. Ол рас, өйткені көбісі оқуды сылтау етіп, енді бірі әлімжеттік бар деген желеумен, енді бірінің ата-анасы қарсы болып жататынына куәміз. Бұл әркімнің өз таңдауы, дегенмен, елдің шегенделген шекарасын, қоғамның қалтықсыз тыныштығын қоритын жас жігіттердің азаюы үлкен сын. Бүгінгі біздің жеңімпаздардың жігері соңынан ерген өскелең өрендерге өнеге болары анық. Енді олардан болашақты белді бекем буған, отаншыл, жауынгер жүректі жігіттер болып тәрбиеленетініне сенімдіміз. Бұған олардың әлеуеті де, дайындығы да жетеді. Қалғаны уақыттың көшінде...
Әли ТЕМІРБЕК