№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Спортшылардың бабын тапқан әйел бапкерлер

Спортшылардың бабын тапқан әйел бапкерлер

Жаңақорған спортының бүгінгі биігінде нәзік жандылардың алар орны ерекше. Қазіргі жас спортшыларды айтпағанда алдыңғы буын, яғни бапкерлердің сіңірген еңбегі ерен. Жаттықтырушылық міндетті арқалап, қаншама шәкіртті тәрбиелеп, қанат қақтырған әйел бапкерлерді қалай дәріптесек те жарасады. Бүгін солардың бірқатарын нысанаға алып, еңбегін елге көрсетпекпіз.
Алдымен баскетбол спортынан бас­тайық. Бұл көшті аудан баскет­болының дамуына үлес қосқан жанның бірі – Сапаркүл Жарықбаева бастайды. Ол 1966 жылы 25 мамыр күні осында дүниеге келіп, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің баскетбол үйірмесіне қатыса бастайды. Облыстың бірнеше дүркін чемпионы атанады. Алғашқы бапкері Тілеубай Оспанов бастаған қыздар командасы әсіресе «Алтын күз» спартакиадасында үздік атанып, аудан мерейін асыра білді.
Сапаркүл Дүсенбайқызы №169 Н.Илялетдинов атындағы мек­теп­ті тәмамдап, 1988 жылы Алматы қаласындағы Дене тәрбиесі инсти­тутына оқуыға түседі. 1993 жылы оқуын аяқтаған соң,еңбек жолын Халықаралық қазақ-түрік универ­ситетінің Кентау қаласындағы бөлім­шесінде дене тәрбиесі мұғалімі ретінде бастайды. 2000-2007 жылы Түркістандағы Қазақ-Ресей универ­ситетінде аға оқытушы болып қызмет атқарады. 2007 жылдан бастап Кентау қаласындағы Б.Саттарханов атындағы №1 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары қызметін абыройлы атқарып келеді.
Сіңірген еңбегі үшін бірнеше рет марапатталды. 2014 жылы Оң­түстік Қазақстан облысы «Qurmet-AB» қоғамдық бірлестігінің шеші­мімен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Өзге өңірде еңбек етсе де, Жаңақорған топырағынан нәр алып, ауданның спортының өрлеуіне үлес қосқан білікті баскетболшы, һәм бапкермен мақтанамыз. 
Екінші тізімде Диляра Мұсаеваны жатқызамыз. Диляра Сәулебекқызы алғаш аудандық балалар мен жас­өс­пірімдер спорт мектебінің бас­кетбол үйірмесіне келіп, Темірбек Жарықбаевтан тәлім алады. Айта кететіні, ол Жарықбаевтың ең соңғы спортшысы болатын, бапкер содан кей­ін мәңгілік мекеніне аттанды. Бірнеше рет аудандық және республикалық жарыстарда үздік ойыншы атанды. Тіпті жақсы жетістікке қол жеткізгені үшін 1998 жылы облыс құрама коман­дасына қабылданып, бірнше жыл өнер көрсетеді. Қостанай қаласында өткен баскетболдан Қазақстан Респуб­ликасының қыздар арасындағы спарта­киадасында  4-орыннан көрінді.
2002 жылы №51 М.Қаратаев атын­­дағы қазақ орта мектебін бітіріп, сол жылы мектептің «Үздік жыл спорт­шысы» атанды. 2002 жылы Түркістан қаласындағы Қазақ-Ресей университетінің дене шынықтыру және спорт  факультетіне түсіп, оны  2007 жылыбітіріп  шықты. 2002 жылы 10 қыркүйекте аудандық спорт мектебінің баскетбол бөліміне жұмысқа  қабылданды. Осында баскетбол бөлі­мінің  жаттықтырушысы  болыпқызмет жасаған. 2005 жылы  спорт мектебінің жеңіл атлетика  бөліміне ауысып   же­місті жұмыс жасады. 2007 жылы спорт мектебінің әдіскер қызметіне жоғарылатылды. Қазіргі таңда № 7 спорт мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келеді.
Сымбат Қалдарбекова, Айғаным Адаева сынды шәкірттері облыстық, республикалық жарыстарда нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізді. Одан бөлек, қаншама оқушылары ірі турнирлерде өнер көрсетіп келеді. Мәселен, 2014 жылы Тараз қаласында өткен Қазақстан Республикасының бірін­шілігінде Жұмабек  Ақбота қолаға қол созды. Осындай нәтиже арқасында бірнеше марапат биігінен көрінді. 2017 және 2021 жылы ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығы президентінің «Құр­мет грамотасымен» марапатталды.
Енді балуандарға бет бұрайық. Бұл спорттың бедерінде Гүлжан Жұманова тұрады. ХХІ ғасырдың алғашқы он­жыл­дығында есімі жаһан жұртына мәшһүр болған балуан. Самбо мен дзюдодан талай бәсекелі турнирлерде дараланып, елдің намысын лайықты қорғады. Бүгінде балуандарды баптап, олардың бәсекелі додаларда жеңістің тұғырына көрінуіне жағдай жасауда. Оның бапкерлік жолда жүргеніне 20 жылға жақындады. Осы уақытта қаншама мықты спортшыларды тәрбиеледі. Олардың ішінде әлем чемпиондары да бар.
– Алғашында баскетболға қызықтым. Студенттік кезден күрес залына барып, тер төктім. Бағым болар, аз уақытта республикалық турнирлерде орын ала бастадым. Әлем, Азия чемпионатында олжа алдым. Мектепті бітіріп, Түркістандағы А.Яссауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік универ­ситетінің тарих факультетіне оқуға түстім. Екі айдан соң Ақкенже деген құрбыммен күрес үйірмесіне бардым. Алғашқы ұстазым, самбо және дзюдо бөлімінің жаттықтырушысы Әбсадық Халилаев болды. Ол ардагерлер арасындағы әлем чемпионы болатын. Әдісті оң және сол жаққа жасағанымды көріп, қабылетімді танып, күреспен тыңғылықты шұғылдануыма кеңес берді. Білікті бапкердің қол астында жаттығып, төрт жыл ішінде универсиада мен Қазақстан чемпионатында жүлде алдым, – дейді ол.
2002 жылы жоғары мектепті бітіргеннен кейін туған жері Түгіскенге қайта оралады.Ауыл балаларын қазақ күресіне баулып жүрген білікті бапкер Нұрбек Палымбетов пен Әбдісаттар Садықов жас балуанға самбо мен дзюдодан үйірмеге шақырады. Содан бері Гүлжан Жұманова тәжірибесін түгіскендік жастармен бөлісіп келеді. 
– Бапкерлік жұмыстың қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Түгіскен филиалына келгенімде тобымда 90 талапты өспірім болды. Оларды үш топқа бөліп жаттықтырдым. Бір жыл өткеннен кейін төккен тер жемісін бере бастады. 2003 жылдың ақпан айында самбодан жасөспірім, жастар және әйелдер арасында ел чемпионаты өтті. Өзіммен бірге жеті шәкіртім жарыс жолынан табылдық. Бұл – Азия чемпионатына іріктеу жарысы болатын. Не керек, өзім мен Эльвира шәкіртім қоланы еншілесек, Ақеркеге күміс бұйырды. Сөйтіп үшеуміз де сары құрылық бәсекесіне аттандық, – деді Гүлжан бапкер.
Жалпы Сыр өңірінде Гүлжан жаттық­тырған қыздарға тең келер қарсылас болмады. Эльвира Нарқожаева, Жанна Мамырайымова, Ақерке Сайфунова, Әйгерім Мамырайымова және Мереке Құдайбергенова облыста үнемі алтынмен сүйіншілеп, ел чемпионатында да та­бысты өнер көрсетті. Әсіресе Мереке Құдайбергенованың жеткен жетістік­те­рі бір төбе. Ол бапкерінің үкілі үмітін ақтап, әлемді бағындырған аудандағы алғашқы балуан қыз.
2004 жылы Гүлжан Аққорғанда ашыл­ған спорт мектебі директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Ол осы жауапкершілікті абыроймен атқарып келеді. Ең бастысы, Гүлжан шәкірттерімен мақтана алады. Әлі де даңқты спортшыларды шығаратыны анық.
Көштің соңын Мереке Құдайбер­геновамен түйіндейік. Белбеу күресінен Әлем чемпионы, Қазақстанның бір­не­ше дүркін жеңімпазы, қазақша күрес, самбо және дзюдодан талай турнирлерде атой салған жастың бірі. Қазір ауданның гандбол спортына дем беріп, бұрымдыларды өрге сүйреп жүр. Бірнеше спортты серік етіп, Сыр елінің абыройын асырып жүрген Мереке де қазір бапкерлік қызметте.
– Жастарды жаттықтырып, өзім де жарыстарға жол салып жүрмін. Бойымда күш-қуатым барда бұдан да биіктерді бағындыруым тиіс. Әзірге баптаған балғын балуандардың аяқалысы жаман емес. Болашақта олардан тек әлем чемпионы емес, Олимпиада чемпионы шығады деп үміт күтемін. Біз бағындыра алмаған дзюдо асуын сол шәкірттерім бағындырады деп сенемін, – деді Мереке.
Қысқаша айтқанда, №8 спорт мектебінің түлегі, әрі тәлімгері Мереке Құдайбергенованың бапкерлік жолын осылай жазып алуға болады. Өзінің биігі бір төбе, енді ұстаздық жолындағы жарқын жетістіктерін алдағы уақытта көретін боламыз.
Міне, біз бүгін төрт тәрбиеші, төрт бұрымды бапкер туралы сөз қозғадық. Келесіде тағы да әйел жаттықтырушылар туралы қалам тербейтін боламыз.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
18 қыркүйек 2021 ж. 549 0