№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Айды аспанға шығарған Аянат

Айды аспанға шығарған Аянат



Қазір Жаңақорғанда ауыр атлетика спортының даму қарқыны қуантады. Кенжелеп қалған спорттың алғашқы чемпиондары жасөспірімдер арасынан шыға бастады. Әсіресе қыздардың бағындырған белесі бір төбе. Біз бүгін ауыр атлетші қыздар туралы жазбақшымыз. Әрине қай ата-ана болмасын қыз баласын спорттың бұл түріне беруге жүрексінеді. Десе де нәзік жандылардың бойындағы тума талантын бүгіп қалуға әсте болмас. Кім біледі, болашақта осы бұрымдылар қазақ елінің атын олимп шыңында шығаруы да мүмкін ғой!


Алдымен №8 олимпиадалық резервтің балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спортшысы Гүлдана Мұхамедәліден бастайық. Ол жақында Шардара қаласында өткен Түркістан облысының ашық турнирінде күміс жүлдегер атанды. Асылқожа Сағатовтан тәлім алатын бұрымды 40 келі салмақта өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
– Қатысқан жарыстардан олжалы оралып жүрген спортшының келешегінен үмітпен қараймын. Оның бойында қайсарлық бар. Діттеген мақсатын бағындыру жолында еңбектеніп, техникасын арттыруға мән береді. Осы беттен қайтпаса биік шыңдарды бағындырары анық, – деді жеке бапкері.
Ал екінші бұрымды Аянат Жұмағали есімді жетінші сынып оқушысы. Қазір Алматы қаласындағы республикалық спорт мектебінде тәлім алады. Биыл Қостанай қаласында өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында 45 келіде қола жүлдені қанағат тұтқан болатын. Спортқа келгені де көп уақыт өтпесе де өз салмағында үздіктердің біріне айналды. Оған дейін облыста чемпион атанған болатын. Берік Өтешов пен Аңсат Тұрсыматовтан тәлім алған №7 спорт мектептің түлегі жуырда Бішкек төрінде өткен турнирде ел байрағын көкте желбіретті.
– Қаныбек Осмоналиев атындағы ХХХІІ халықаралық турнирге жолдаманы Алматы қаласында өткен іріктеуден жеңіп алды. Әрине алғаш рет халықаралық деңгейдегі турнирге қатысқан Аянатта қобалжу болды. Оның бойындағы чемпиондық рух алға жетелеп, табысты өнер көрсетті. Болашақта одан Олимпиаданың жүлдесін күтеміз, – деді бапкері Берік.
Бұл турнирдің бәсі биік. Өйткені, Қаныбек Осмоналиев дәуірінде төрт дүркін Әлем чемпионы, екі дүркін Еуропа және Олимпиада ойындарының чемпионы деген атағы бар. Әрі СССР-дің еңбек сіңірген спорт шебері. Осындай тұғыры биік тұлға атындағы турнирге әлемнің үздік зілтеміршілері келген. Солардың арасынан күмісті олжалаған Аянатты бастапқыда көпшілік жүлде алатынына күмән келтірді. Алайда, рухы асқақ ғана қазақ қызы қаншама спортшы арасынан жүлдеге ілінді.
Шыны керек, көп ата-ана қыздарын күрес немесе өзге де спорт үйірмелеріне береді. Аянаттың әкесі де үлкен ұлы секілді еркін күрес мектебіне бергісі келген, бірақ ол зілтемірді таңдады. Таңдауы сәтті түсіп, жеті жасында-ақ ел абыройын асқақтатып үлгерді.
– Қыз баланың спортқа келуі, әсіресе ауыр атлет спортына бет бұруы өте ауыр. Басында қызымды бергім келмеді, бірақ бойындағы ерік-жігерін көріп, жаттықтырушылары дайындады. Қалғаны уақыт еншісінде, ең бастысы қызымның жетістіктерімен мақтанып отырамын, – деді әкесі Жомарт.
Қорыта айтқанда, қос бұрымдының мұраты биік. Ол – олимп шыңы. Жақсы қолдау білдіріп, бапкерлері дұрыс шыңдай білсе мақсаттарына жететіні анық...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
27 қараша 2019 ж. 921 0