№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Белбеу күресінен ел біріншілігі Жаңақорғанда

Белбеу күресінен ел біріншілігі Жаңақорғанда

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай белбеу күресінен Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмет Шынтайұлын еске алуға арналған 2004-2006 жылдары туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан чемпионаты басталды.
Барша түрік халықтарына ортақ спорт түрі болып табылатын белбеу күресі Қызылорда облысында, оның ішінде Жаңақорған ауданында өте жақсы дамыған. Оған дәлел шағын ауданнан төрт әлем және он шақты Азия чемпиондары мен көптеген ел чемпионаты жеңімпаздарының шығуы. Сонымен қатар ауданда жыл сайын қазақ, белбеу күрестері және көкпар мен волейболдан Қазақстан чемпионаты өтеді. Он шақты әртүрлі дәрежедегі турнирлер тағы бар.
Бір айта кететін нәрсе аудан бойынша 16 спорт кешені бар екен. Оның бесеуі орталықта. Аудан орталығындағы Орталық стадион секілді стадион облыстың бірде-бір ауданында жоқ екенін де айта кетсек артық етпес.
Енді сіздерді бүгінгі Жаңақорғанда өтіп жатқан чемпионаттың өтуіне себепкер болған соғыс және еңбек ардагері Ахмет Шынтайұлы ақсақалмен таныстыра кетейік.
Ахмет атамыз Ұлы Отан соғысында #107-ші танк бригадасында әскери қызмет атқарып, елге 1945 жылдың аяғында оралыпты. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін "Қызыл Жұлдыз" және І дәрежелі "Ұлы Отан соғысы" ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Бейбіт өмірде ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, ел экономикасын қалпына келтіруге атсалысады. 1969 жылы зейнет демалысына шығып, жастарға жол көрсеткен, елдің ауызбіршілігін сақтауға үлес қосқан данагөй қариясы бола білді. 1996 жылы дүниеден озды. 3 ұл, 1 қыз өсіріп, олардан 21 немере сүйді. Қазіргі уақытта 40-тан астам шөбересі бар.
Атамыз палуан денелі, жас кезінде күреске түскен адам болыпты. Бүгінгі таңда жыл сайын атаның атында турнир, чемпионат өтіп, ол кісінің спортта қол жеткізе алмаған белестеріне ұрпақтары жетіп жүргені көңілге қуаныш ұялатады. Ұрпақ сабақтастығы деген осы шығар?
Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, көрерменсіз өткен чемпионатты Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов пен Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаевтар ашып, қатысушыларға сәттілік тілесе, Белбеу күресінен мемлекеттік жаттықтырушы, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Секен Қалиев республикалық федерация президенті, генерал-лейтенант Абай Тасболатовтың атынан ұйымдастырушы азаматтарға Алғыс хат табыс етті.
"Спорт жұлдыздары" журналының бас редакторы Мусағали Тасқалиев осы чемпионатты өткізуге үлкен үлес қосқан Қызылорда облыстық белбеу күрес федерациясының президенті, Ахмет атаның ұлы Мадияр Ахметовті журнал атынан "Спорт ардагері" төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар белбеу күресінен Қызылорда облысының аға жаттықтырушысы, Түгіскен спорт мектебінің директоры Абдусаттар Садықовқа "Ұлы дала батырлары" кітабын табыс етті.
Чемпионатқа еліміздің 12 өңірінен 205 спортшы қатысуда. Бірінші-екінші орынға ие болған палуандарға 4-8 қыркүйек күндері Қазан қаласында өтетін әлем чемпионатына жолдама беріледі. Чемпионат жеңімпаз - жүлдегерлерінің есімдері ертең белгілі болады.
Жандос Аянбекұлы
"СЖ"

11 шілде 2021 ж. 587 0