№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Дүбірлі додада қызылордалықтар озық тұрды

Дүбірлі додада қызылордалықтар озық тұрды

Белбеу күресінен Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмет Шынтайұлын еске алуға арналған белбеу күресінен жастар арасындағы ҚР чемпионаты аяқталды. 200-ге жуық балуан белдескен ел біріншілігінде 14 салмақтың үздіктері анықталды. Сыр елінің намысын қорғаған жастар 8 алтын, 6 күміс және 7 қоланы қоржынға салды.

Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Адай Салыбеков алғы сөз алып, жас балуандарға сәттілік тіледі. Одан кейін белбеу күресінен ҚР-ның жаттықтырушысы Сәкен Қалиев сөз алып, елдің әр өңірінен келген жас буынның келешегінен үлкен үміт күтетінін айтты. Ал, облыстық көлік саласы ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Тасболат Төребаев жылы лебізін білдіріп, белбеу күресінің облыстық федерация президенті, қазақ күресінен аудандық федерация төрағасы Мадияр Ахметовтің кеудесіне «көлік саласының құрметті қызметкері» төс белгісін тақты.
Сонымен көпшілік асыға күткен ел біріншілігі де басталды. Аудандық денешынықтыру және сауықтыру кешеніне жиналған спорт сүйер қауымның қарасы көп. Жерлес балуандарды қолдауға келген жаңақорғандықтардың қолдауынан жігерленген жас балуандар барын салды. 52 келі салмақта бозкілемге көтерілген Диана Ғайбулладан алтын күткендер көп болды. Чемпион қыз бұл жолы да өзінің теңдесіз екенін көрсетті.
– Жарыс туған өлкеде өтіп жатқаннан кейін намысты қолдан бермеуге тырыстым. Қарсыластар осал емес, мені зерттеп алған. Енді әлемдік бәсекеде алтын тұғырдан көрінсем деген мақсат қойдым. Босаңсуға болмайды, осы бастан дайындықты бастаймын. Бұйыртса алтынмен сүйіншілейтін боламын, – деді чемпион.
Одан кейін 58 келіде бақ сынаған Аррайлым Қанзадаға да тең келер ешкім болмады. Барлық қарсыласын қоғадай жапырған ол жарыстың үздік балуаны атанды. Набира Сламбекова (66 келі), Жандос Әбубәкір (57 келі), Арайлым Оразбай (+76 келі), Бақдаулет Имамзада (62 келі),  Рахымжан Мансұр (75 келі) және Алдаберген Нұрберген (100 келі) алтыннан алқа тағынды. Ал, ал ақтық сында жерлесі Рахымжан Мансұрға есе жіберген Асылжан Бақытжанұлы күмісті қанағат тұтты. Сол секілді 100 келіде алтын үшін таласта Спандияр Алмаханов жерлесінен айласын асыра алмай күміспен күптелді.
Сондай-ақ, күмісті мойынға таққандардың қатарында Қамар Ермахан (62 келі), Алиса Нұртас (76 келі), Елдос Мырзағұлов (68 келі), Айберген Алдаберген (90 келі) де екінші орынға қол созып, әлемдік додаға жолдама алды.
– Уыста тұрған алтыннан қол үзіп қалдым. Спортта бәрі болады, ең бастысы Әлем чемпионатына жолдама алдым. Бабым мен бағым қатар шапса күмісті алтынмен алмастырамын, – деді Айберген.
Қола үшін белдесуде Мунира Рахымжанова Зулфия Баянова, Айда Файзолла, Мұхамеджан Сағындық, Елжан Ерімбетов пен Айдын Жыланбасов және Нұрлан Пайзеллаев қарсалыстарынан басым болды. Осылай Сыр елі бәйгеге қосқан 23 балуанның 21-і жеңіс тұғырынан көрінді. Енді қараша айында Ресейдің Қазан қаласында өтетін Әлем чемпионатында 14 бірдей Сыр балуаны ел абыройын асқақтатар деген сенімдеміз.
– Жалпы жарыс жоғары деңгейде өтті. Жас балуандардың спорттық әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, Әбдісаттар Садықов шәкірттері жақсы нәтиже көрсетті. Жыл сайын белбеу күресі өзінің әлемдік деңгейдегі рөлін қалыптастырып келеді. Сондықтан жастардың осы спортпен айналысып жүргеніне қуанамын. Енді алда үлкен жарыстар күтіп тұр, біз жастардың болашағына сеніммен қараймыз, – деді Шымкент қаласының спорт ардагері Әбдіразақ Әбдірахманов.
Көптен күткен ел чемпионаты да мәресіне жетті. 42 медаль сарапқа салынған дүбірлі додада қызылордалық жастар командалық сында оқ бойы озық тұрды. Енді Әлем чемпионы атанған Мереке Құдайбергенова мен Рахманберді Әбдірашидтің жетістігін біздің жастар қайталайтынына сенім білдіріп, қолдау көрсетейік...

                                                                                                                                                   Әлібек ТЕМІРБЕК.
29 тамыз 2019 ж. 841 0