№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Денешынықтыру пәнінің мұғалімі

Денешынықтыру пәнінің мұғалімі

Өзінің жаны сүйіп таңдаған төл мамандығы – дене тәрбиесі мұғалімі болып отыз бес жыл еңбек етіпті. Бұл пәннің басқа пәндерден айырмашылығы жер мен көктей. Мәні мен мазмұнына терең бойлай бермейтіндер үшін денешынықтыру пәнінен оңайы жоқ. Тіпті сабақта баланы еркіне жіберіп «Қызыл ту» ойнаңдар  деп қоя беретін жағдайларды да көз көріп өстік қой. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Үрқия Әуелбекқызы үшін дене тәрбиесі – ең басты құндылық. Өйткені бойын билей алмаған адам ойын да билей алмайды. Жасынан шынығып шымыр болып өскен ұланды не қиындыққа қайрап салсаң да шағылмайтын жаңғақтай  берік те, төзімді болып ержетеріне оның өз өмірі дәлел.
Үрқия Әуелбекқызы бұрынғы атауы Шымкент облысы, Мақтарал ауданы «Ленин жолы» колхозында 1952 жылы 14 сәуірде дүниеге келіпті. Отбасының тұңғышы болғандықтан бала кезінен әкесіне көмекші болып, жанынан қалмайтын көрінеді. Әкесі құрылыста жұмыс атқарған. Үй шаруасында шөп шабу, бау-бақшалық егіп, оны күтіп-баптау жұмыстарының барлығында қолқанат болып жүретін, сабақты да үздік оқитын қызының болашағынан зор үміт күткен әкесі оның дәрігер мамандығын игергенін дұрыс көріпті. Бала кезінен шаққар, аяқ-қолы жылдам, тіпті тентектеу болып ержеткен бұған физкультурадан сабақ берген Харлам Георгиевич деген ағайы үнемі жүгіруден жарысқа қатыстырып, желаяқтығына ешкімді тең көрмей мақтап жүреді екен. Соның әсері болды ма, мектепті бітірген соң Ташкент физкультура институтына оқуға түсті. Группасында қыздар саусақпен санарлықтай ғана, өзі спорттық ойындар факультетінде оқыды. Осы жоғарғы оқу орнында оқып жүргенінде командалар арасында футболдан озық ойын үлгісін көрсеткені себепті өзіне талас болып жататыны әлі есте.
Еңбек жолын Ильич ауданындағы орта мектебінде бастапты, Негізінде, спортты нәзік жандыға тән көрмегендіктен бе, жоқ шынашақтай қызды қорашсынды ма, алғашында жоғарғы сыныптың оқушылары мұны көзге ілмей, көңілге тигені бар. Төзіп-ақ бағып еді, тұрымтайдай тәлімгерін адам құрлы санамай танауын көтеріп қоймаған сондайлардың бірінің қылығы шектен шығып кеткенде шыдамай кетіпиектен сарт еткізген, мұрнынан қан саулап зәрені ұшырсын. Содан жаны қалмай  әлекке түсіп әзер дегенде қанды тоқтатып бір сынақтан аман қалды. Бірақ осы оқиғадан кейін бойлары сорайып  төбесінен қарап тұрса да түймедей қызды төмендету пыйғылы біреуінің де түсіне кірмейтін болды.
Спортсмен аруға бала кезінен ғашық бір жігіт бар еді, екеуі бір мектепте оқитын. Үрқия жоғары оқу орнына түсіп кеткенінде ол жігіт бар сабақты беске оқып бітіре тұра ауылда қалды, кейіннен әке-шешесі атақонысқа қайтпаққа бел буып, Байкенже ауылына келіп орныққан. Туған жеріне келіп еңбек жолын жалғаған Үрқия  сол азаматпен бас қосып, Сыр еліне келін болып түсті. Төл мамандығы бойынша  жұмыс істеуіне  бұл жақтағы ата-ана да қарсы болмады. Аудан орталығындағы спорт мектебіне  жұмысқа орналастырды. Мектеп директоры Егізбаев Жақсылық деген кісі екен. Жас маман осындағы Халық. Тілеуберген деген әріптестерімен бірге нешеме спортқа жақын түлектерді баулып, облыс орталығына сайысқа қатыстырып, жеңісті олжалаған сәттері де аз емес. Бұл жерде екі жыл жұмыс атқарғаннан кейін өз өтінішімен аудан орталығындағы №51 орта мектебіне ауысты. Осы білім ордасында он жылға жуық жұмыс атқарғанда аудан мұғалімдері арасында ең алдыңғы қатарлы ұстаз атанды. Оған дәлел, бірде облыстық білім басқармасынан тексеріп келген Щегайдың денешынықтыру мұғалімдері арасында құжаты тастай Үрқия Әуелбекқызын өзгелерге үлгі етіп мақтап, бетке   ұстар санауы еңбегіне адал арудың беделін біраз көтеріп кетті.
Осы осы мектепте жүргенінде  күрес әдісін үйретемін деп жатып жоғары сыныпта оқитын бір оқушының қолын сындырып алғаны бар. Еріккеннен емес, бағдарламада бар жоспар бойыншакүрестің  қолданбалы тактикаларын үйретпекке талпынып  бастан асыра лақтыра бергенінде  серіппелі қимылды түсіндіріп үлгірмеді, бүкіл салмағымен топ ете түскен дене астында қалған қол бырт етіп сынды. Жаны қысылған баланы сынықшыға апарып, әуреге түскенде ата-ана мұғалімге бір ауыз қыңқ демеді. Мұғалім қызметіне деген құрметтің жоғарылығы, бұл жерде де баласын жазғырып, бұған кінә артқан ешкім болмады. Шынында, ұстаздың бар ықыласы бойындағы бар білгенімен шәкірт өміріне дұрыс дағды, салауатты тәлім-тәрбиені егіп қалыптастыруға бағытталып отыр ғой.  Ата-анамұғалімнің жағында болып, балаға талап қатаң қойылғандықтан сол кездің  ұландары шетінен  ұғымтал, елгезек қалыптасқанын ешкім жоққа шығара алмайды.
Барлығымыз білетіндей, денешынықтыру пәні кісіні шыдамдылыққа, төзімділікке баулитыны рас. Ұлағатты ұстаз пікірінше, дене тәрбиесі баланы бәрінен де бұрын  адалдыққа тәрбиелейді екен. Белгіленген қашықтыққа старт алған оқушысы көзді ала бере мәреден бұрын бұрылып немесе төтелеп жол қысқартып жалғандыққа барып жатса оның жеңісі шынайы ма? Бұл жерде кісі бәрінен бұрын өзін алдаған болмай ма? Ал өзін алдаған өзгені аяй ма?. Ол оқушыларды осындай  жаман қасиеттен тыйды. Өзі де өмір бойы адал еңбекті пір тұтыпты. Солармен қосыла жаттығып, жүгірудің техникасын талмай үйретіп, теория мен практиканы ұштастыра жүргізетін оның бірде-бір сабағы қызықсыз өтіп көрген емес. Өйткені ол сабақ жоспарын, яғни, өзге пәндердей кіріспе, негізгі, қорытынды бөлімнен тұратын міндеттемені жүз процент меңгеруге күш салды.
Басқа пәндерде мұғалім айтады, түсіндіреді. Дене тәрбиесіне келетін болсақ, тәлімгер айтады, түсіндіреді, сосын өзі көрсетеді. Осылайша бүкіл сабағының методикасын мінсіз игеруге талпынып баламен бала болып кететінін аңғармайды екен. Есесіне денешынықтыруды жай сабақ деп қарамайтын, оған ерекше дайындықпен келетін епті де, елгезек ұрпақ тәрбиелей алыпты.
Ал 1986 жылдан бастап Байкенже ауылындағы №193 орта мектебіне мұғалім болып ауысты. Тоқсаныншы жылдардан бастап дене тәрбиесіне ұлттық үрдісіміздің нышандары ендіріле бастады.
Өзі осы мектепте ширек ғасырға жуық еңбек етіп, 2007 жылы, 55 жасында зейнеттік демалысқа шықты. Ері Ажмахан екеуі өсіріп-тәрбиелеген алты перзенті жоғары  және арнайы кәсіптік білім беретін оқу орындарын тәмамдап, бүгінде түрлі салада ел игілігіне абыройлы қызмет етіп келеді.
Түйін: Дене тәрбиесі – сұлулық пен әдеміліктің әліппесі. Бүгінде жетпістің желкеніне шыққан ардагер ананың жас қалпында сақталуының сырын да осыдан іздеген дұрыс.
Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ
07 наурыз 2021 ж. 794 0