» » «Динамода» доп тепкен қазақ

«Динамода» доп тепкен қазақ

Иә, Жаңақорған ауданында «Динамода» доп тепкен қазақ тұрады десек, сеңесіз бе? Сенбеуіңіз мүмкін. Бірақ, бұл – ақиқат. 1978-1979 жылғы маусымында Ленинградтың «Динамо» клубында шалхиялық футболшы Еркін Исаев доп тепті. 19 жасынан талантымен танылған футболшыға «Зейнет» клубы да қызығушылық танытады. Бірақ кәсіпқой футболда баға енді жана бастаған ұлдың жолы ерте сөнді. Қырық жыл бұрын аз ғана халқы бар ауданнан осындай талантты спортшының шыққанын бүгінгі жастар біле бермейді, ендеше бәрін басынан бастайық.
Жалпы Жаңақорған футболының тарихы әріден басталады. 70 жылдары мектеп балалары ауданарлық, мектепішілік жарыстарға қатысып, Еркін бастаған жігіттер үнемі жүлделі орыннан көрініп жүреді. «Кожанный мяч» атты облыстық турнирде аудан құрамасы үздік үштіктен түспеді. №169 Н.Илялетдинов атындағы мектепте тәлім алатын біздің кейіпкеріміздің балалығы футболға құмартумен өтеді. 1977 жылы әскерге аттанған Еркін Есенжолұлының нағыз жұлдызды шағы сонда басталды.
– Әскерге барған күннен бастап допты жанымнан тастамадым. Алдымен ротааралық жарыста көзге түстім. Одан кейін девизон аралық сында бақ сынап, керемет голымен көпті тәнті еттім. Осы бір гол мені арманыма біртабан жақындатты. Көп өтпей-ақ «Динамо» клубының өкілдері бірден командаға шақырту жіберді. Қабылдадым, бір маусымға жуық ойын көрсеттім. Ойыныма тәнті болған клуб басшылығы бірден келісім-шартқа қол қою туралы ұсыныс айтты. Алайда менің әскердегі уақытым аяқталды, ауылға қайтуым керек болатын. Клуб басшылығына отбасыммен ақылдасып, алдарынан өтіп келейін, сосын шарт жасасуға уәде бердім. Бірақ қайта бара алмадым, – дедім бір күрсініп алды.
Күрсінетіндей бар. Себебі мұндай бақ екінін бірінің басына келе бермейді ғой! Егер Еркін Исаев «Динамода» доп тепкенінде спорттық жетістігі қандай болар еді?! Өйткені сол кездің өзінде «Зейнеттің» өзі қызығушылық танытып еді ғой!
Әскерден ауылға қайтып, құрылыс саласына кіріскен жасқа бір айдан кейін аудандық спорт комитетінің басшылығы хабарласып жұмыс ұсынады.
– 1979 жылы әскердегі міндетімді аяқтап, ауылға қайттым. Поездан түскен бойда алдымнан меткеп директоры Тұрсынхан Тастеміров ағай күтіп алып, көпшіліктің көзінше мерейімді бір үстем етті. Сөйтсем менің ойынымды теледидар арқылы көрген екен. Ол кезде қазіргідей бейне камералар жоқ, үш аяқты таспаға басылған ойынымды көрген жерлестерім қуанып айта жүргені әлі есімде. Әскерден келгеннен кейін маған Бақыт Мұхамеджанов, Әбдіхалық Әбділлаев ағаларымыз тезірек команда жинап, жарыстарға шығуды тапсырды. Не керек, үш айдың ішінде аудан құрамасын жасақтап, облыстық жарыстарға шыға бастадық, – деп әңгімесін жалғады ол.
Бүгінде алпысты алқымдаған ағамыз әлі де сол жастық шағын жиі еске алып отырады. Кешегі бірге доп тепкен достарының есімдерін атап, бір марқайып қалды. Икрам Исмаилов, Құдырет және Роман Едігеев, Талғат Әшіров, Илман Изатов, Нұрлан Исаев, Ерлан Мұсаев және өзге де командаластарын мақтан етті. Ол Тұрсынхан ағаймен де бірге доп тебеді. Кезекті бір жарыста аудан командаларын жеңіп, ақтық сында облыс құрамасын ұтып жатқан Еркін бастаған жігіттерге қарсы қызылордалық ұжым жан-жақтан келген кәсіби футболшыларды ойнатып, әрең жеңеді. Көзге түскен оған облыстың бас командасы ұсыныс тастайды. Бұл жолы да ұсыныс кейінгі шегеріледі...
1986 жылы Еркін ағамызға Чернобль апатына баруға тура келеді. Жеті жыл аудан футболын өрге сүйреген жас таланттың кәсіби мансабы осы кезде аяқталды. Чернобль апатына бармас бұрын аудан футболын Тұрсынхан ағайға аманаттап кетеді. Кейін апаттан аман-есен оралып, жаттықтырушылық міндетті мойнына алады. 1972 жылы туылған жасөспірімдерді спортқа дайындайды. Еркін Исаев тек аудан футболын ғана емес, аудан спортының дамуында өзіндік із қалдырды. Өйткені ол әскерде жүргенде жүзуден әлемдік аренада оза шауып, күміспен оралады. Одан қала мектеп кезінде еркін күреспен айналысып, талай додада оза шапты. Мәселен үйіндегі құнды құжаттар арасынан 1972 жылы 1 орын алған грамотасын тауып алдық. 42 келіде ауданда ешкімге дес бермеген екен.
Чернобль апатына барып, ол жақта үстел теннисінен чемпион атанады. Баскетболға да қатысады. Оның дәйегі дипломдарының арасынан екінші орын алғанын көрдік. Тіпті өнерден де алыс болмайды, гитарада шертіп, ән айтып, сахнада өнер көрсетеді.
Жары Болған Башарова екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп, құтты ұясына қондырған. Қазір Еркебұланы мен Мәдісі әке жолын жалғап, спорт жолында келеді. Әке бойындағы дарын балаларына дарымай қоймапты.
Мақала соңын Шалхия кітапханасында 40 жыл тер төккен білікті маман, асыл ана, үйдің отанасының сөзімен аяқтағымыз келеді.
– Спортышының, әсіресе футболышының жары болу оңай емес. Үй бетін көрмейді, кейде оқушыларының киім-кешектерін әкеліп тасайды. Оларды жуып, үтіктеп қоясың, үлкен футбол болғаннан кейін кем дегенде 15-16 баланың киімі келеді бір күнде. Отағасы әлі күнге дейін сол күндерді еске алып, жастық шаққа оралғысы кеп тұрады. Ұлдарын спорттан шектемеді, кіші ұлымыз әкесінің ізін басып келеді, – деді Болған апай.
24 қараша 2020 ж. 495 0