№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бұрымды балуандардың белесі

Бұрымды балуандардың белесі


Жаңақорғанда еркін күрес мектебі ертеректе қалыптасқаны белгілі. Соңғы жылдары жеткен жетістік, толағай табыс соның жемісі. Байрақты бәсекелерде ел мерейін үстем еткен жерлес балуандардың тұғыры биікте. Енді әйелдер күресінің іргетасы қалана бастады. Оның алғашқы қарлығаштары бүгінде ел біріншілігінде жүлделі орыннан көрініп, аудан абыройын асқақтатып келеді. Солардың көшінде сүттіқұдықтық қос бұрымдыны айтуға болады. Аягөз Нұрдинова мен Бақытжамал Батыр есімді бұрымдылар туралы сөз етпекпіз.


Жалпы қазір спортпен айналы­самын деген жастарға мүмкіндік өте көп. Әсіресе ауылдық жерлерде заманауи спорт кешендері бой көтеріп, керек құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіл­ген. Сондай спорт кешенінің бірі Сүттіқұдық ауылында орналасқан. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске қосылған ғимаратта бокс, футбол, еркін күрес және әйелдер күресінен балалар жаттығады. Біздің назарға ілінген қос бұрымды балуанның бағындырған белесі мен алдағы межесі болды. Екеуі де Қалназар Байтілеуовтың төл шәкірттері. Сондықтан балуандардың бүгіні мен болашағы туралы білікті бапкерден сұраған болатынбыз.
– Шыны керек, тек біздің ауданда ғана емес, жалпы Сыр өңірінде әйелдер күресі енді еңсе тіктеп келеді. 2014 жылы сол кездегі облыс спортының басшысы болған Садық Мұстафаев күрестің осы түрін ашуды тапсырды. Содан бастап қыздар тәрбиелей бастадық. Сол уақытта Аягөз бен Бақытжамал бозкілемге алғаш келіп, жаттыға бастады. Облыста бірнеше рет чемпион атанды. Ел чемпионаттарында бірнеше мәрте жүлделі орынмен қуантты. Бір сөзбен айтқанда, төккен тер, еткен еңбек үмітті ақтап келеді. Тек елдегі ахуалға байланысты жарыстар тоқтап, нәтиже көрсете алмадық. Әйтпесе шәкірттерім додаға қосылуға дайын, – деді Қалназар ұстаз.
Енді олардың жеткен жетістігін саралай кетсек. Алдымен Аягөзден бастайық, ол 2003 жылы өмірге келген. 2017 жылы Жезқазғанда өткен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатына алғаш қатысып, 37 келіде күміспен оралды. 2018 жылы Түркістанда өткен ел біріншілігінде салмақ ауыстырып, 42 келіде бағын сынап, қоламен қуантты. Ал Бақытжамал Атырауда өткен чемпионатта үздік бестікпен түйіндеді. Оған дейін ол облыста бірнеше рет алтын тұғырдан көрінген болатын. Екеуі де спорт шеберлігіне үміткер. Жалпы спортшылардың бағындырған биіктері осындай. Жас балуандардың алдағы жоспарларымен бөліскен бапкері:
– Ересектер арасындағы ел чем­пионаты Алматы қаласында өтетіні белгілі болды. Құдай қаласа, сол жарыста Бақытжамал Батыр да қатысатын болады. Әйелдер күресінен алғаш жаңақорғандық қыз бозкілемге шығады, яғни ересектер арасынан. 18 жасқа енді толған шәкіртімнен үлкен үміт күтемін, тек ауылдағы ағайын емес, Қызылорда жұртшы жүлде күтіп отыр. Сондықтан ол үлкен спорттағы алғашқы қадамын жеңіспен бастауы тиіс. Біз соған үміттіміз, оған спорттық әлеуеті жетеді, – деді.
Айта кететіні, Алматыда өтетін балуан­дардың чемпионатына жаңа­қорғандық жігіттер де өнер көрсететін болады. Еркін күрестен бір емес, алты бірдей жерлесімізге сәттілік тілейміз. Солармен бірге Бақытжамал да Сыр еліне сүйіншілеп қайтуына аудан халқы тілекші. Сондай-ақ, Жаңақорған қыздар спорты жақсы дамып келеді, гандбол, бокс, футбол, волейбол мен баскетбол, белбеу, самбо және дзюдодан және басқа да спорт түрлерінен арулар аудан атын ел, тіпті байрақты бәсекелерде оздырып жүр. Еркін күрестен Айдар Әбеновтың қыздары да жүлделі орынмен қуантып келеді. Біз білетін Бану есімді бұрымдының бағындырған белесі көңіл қуантады.
Жалпы алғанда қыздар күресінің аяқалысы осылай, жаны нәзік болға­нымен, жұдырығы зілдей бокс­шылар мен белдескенде қарсы­ласының жауырынын жер иіскететін қыздарымыз өсіп келеді. Ең бастысы көңіл көбірек бөлініп, спортты жалғастырып кетуіне тірек болып, қолдау білдерсек болғаны. Қалғаны бапкері мен спортшының өз қолында.

Әли ТЕМІРБЕК
18 қараша 2020 ж. 541 0