№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Түгіскендік толағайлардың тұғыры

Түгіскендік толағайлардың тұғыры


Былтыр №8 Түгіскен спорт мектебінің спортшылары толағай табыстарға қол жеткізді. Әсіресе балуандар биігі бір төбе. Жеңіс тұғырынан түспейтін Мереке бастаған бұрымдылар Сыр өңірінің беделін өсірді. Белбеу, самбо мен дзюдо, қазақша күрестен байрақты бәсекелерде мерейіміз тасыды. Сондықтан 2019 жылдың қорытындысы бойынша облыста Әбдісаттар Садықов басқаратын №8 Жаңақорған ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі екінші дәрежелі «Үздік спорт мектебі» деп танылды. Сәтін салып мектеп директоры Әбдісаттар бапкермен тілдескен едік.


Жалпы бұл мектептің тарихы тереңге бойламайды. 2004 жылы ғана жұмысын бастаған мектептің бүгінге жеткен жетістігі аз емес. Айналдырған 16 жыл ішінде 20-дан астам Қазақстан Республикасының спорт шебері, 5 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 300-ден аса спорт шеберіне кандидат, 10-нан астам Әлем чемпионын шығарды.
– Жастар жылы біздің спортшылардың бағындырған белесі аз болмады. Біздің мектепте спорттың 12 түрінен балалар шұғылданады. Былтырғы межені ойдағыдай еңсердік, енді биыл одан да биікті бағындырып, Сыр өңірі бойынша үздік атануға жұмыс жасайтын боламыз , – деді халықаралық дәржедегі төреші.
– Былтыр мектеп аймақтағы үздіктер қатарынан көрінуге қалай лайықты болды?
– Бізде күрес түрлерінен бөлек командалық спорт жақсы дамып келеді. Батырқожа Бабаев пен Самат Сопбеков дайындаған жасөспірім волейболшылар былтыр облыс біріншілігінде қоланы қанағат тұтты. 18 команданың ішінде қолаға қол созған шәкірттер биігі мектеп беделін өсірді. Ал Шиелі ауданында өткен қол добынан ауылдық балалар мен жасөспірім спорт мектептері және спорт клубтарының жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпинатында біздің аудан күмісті қанағат тұтты. Таеквандодан үлкен спортқа тәй-тәй қадам басып келе жатқан жеткіншектер де жарыстарда жүлделі оралып келеді. Ал самбо, белбеу, қазақша күрес пен дзюдодан байрақты бәсекелерде бағымыз жанды, – деді ол.
Иә, қазақ күресінен Қызылорда қаласында өткен ел чемпионатында бұрымдылар қоламен қуантса, дзюдодан да осы тұғырды бағындырды. Ал самбодан Қазақстан және Әлем чемпионатында Мереке, Меруерт пен Диана және Алиса алтынмен аптап, күміспен қаптады. Олардың әрбір жеңіс жолы газет-журналдарда аз жазылған жоқ. Ол мерейін тасытқан нәзік жандыларды төл басылымнан талай оқыған боларсыздар. Жыл соңында шығармашылық ұжым аудандағы жыл спортшысы атағын жас болса да рухты қыз Дианаға берді. Ол белбеу мен самбодан әлемді бағындырып, «халықаралық дәрежедегі спорт шеберлігі» дәрежесіне ие болды.
– Тек қыздар ғана емес, ұлдар да жеңіс жолында үздік нәтиже көрсетіп жүр. Оларға тәлім беретін Алмат Әбдіназаров, Аслан Нархожаев пен Нұрлыбек Алдабергенов пен Гүлжан Жұманованың еңбегін ерекше айтуға болады. Осындай білікті бапкерлерден әлі талай чемпиондар өсіп шығады. Ең бастысы жастарға өнеге көрсететін аға буынның жүріп өткен жолы асқақтап тұр, – деді бапкер.
– Биылғы жоспар қандай?
– Шыны керек әрбір спорт жолында жүрген жандардың арманы – олимп шыңын бағындыру. Біздің жастарда бұл тұғырға шығудың жолы бар. Яғни еркін күрес, дзюдо, гандбол мен волейболдан балғын спортшылар тәрбиеленіп келеді. Наурыз айында белбеу мен самбодан ел чемпионаты жалауын көтеретін болады. Осы бастан жаттығуға қызу кіріскен спортшылар алдарына үлкен меже қойды. Енді тек еңбек ете білу керек. Біз биыл былтырғыдан да көп алтынмен сүйіншілейтін боламыз. Оған біздің жастардың әлеуеті жетеді, – деді Әбдісаттар ағай.
Айта кететіні, Аққорғандағы заманауи спорт кешені 2018 жылы пайдалануға берілген болатын. Бірінші қабатында волейбол, гандбол, күрес түрлерімен шынықса, екінші қабатта көрермендерге жайлы 160 орындық пен бокс залында ринг орнатылған. Жалпы саны 878 шәкірт спорттың 12 түрінен шынығады. Қос-қостан киім ауыстыратын бөлме мен сусебізгісі қолжетімді бола түскен. Салқын су мен ыстық суы спортшылар үшін тазалықтың кепілі. Міне осындай ғимаратта тәлім алатын спортшылардың бағындырып жүрген белесіне бүтіндей Сыр елі тәнті. Енді еріктілер жылында еншіміз қос-қостап алтынмен, қанжығамыз қола, күміспен майланады деген сенімдеміз.

Әли ТЕМІРБЕК
29 қаңтар 2020 ж. 756 0