Тартысты турнир
Сыр өңірінің аға басылымы – «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газетінің 90 жылдығына орай БАҚ өкілдері футбол алаңында бас қосып, өз ара үздік команданы анықтады. Жаңақорған ауданы мен облыс орталығынан құралған 7 команданың басын қосқан ала доп бәсекесі Б.Момынбаев атындағы №278 ІТ мектеп-лицейінде өтті.
Турнирді Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Мақашов ашып берді.
– Ғасырға жуық тарихы бар қос басылым аймақ жаңалықтарын насихаттауда, ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, рухани демеу беруде қажырлы қызмет етіп келеді. Бала кезден «Сыр бойы» газетін оқып өстік. Қашанда журналистердің көтерер жүгі ауыр. Соған қарамастан бүгінде басылым беделі артып, жаңарып, жаңғырып келеді. Сыр өңірінің айнасына айналған газеттердің әлі жастарға берер тәлімі мол. Сондықтан аға басылымдардың ғұмыры ұзақ болғай, ал, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін! – деді ол.
Тоқсан жылдық торқалы тойын жасап жатқан газеттердің бүгінгі тыныс-тіршілігі баянды, онда шығармашыл тұрғыда шыңдалған білікті сала мамандары еңбек етіп келеді. Олардың өңір журналистикасының дамуына қосқан үлестері зор. Осындай шыңды бағындыруда аға буынның салып кеткен сара жолының тәлімі мол. Турнир ашылуында адагер журналист Жұматәлі Әбдіраман құттықтау сөз алды.
Сыр өңірінде журналистер арасындағы турнирлер жолға қойылған. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдерінің Кубогы үшін жарыстар дәстүрге айналды. Бұл қызылордалық журналистердің спортта бәсекеге қабілетті екенін, кез-келген жарыс тартысты өтетінінен хабар береді.
Сонымен жарысқа қатысушы 7 команда екі топқа бөлініп, сынға түсті. Турнирдің шымылдығын «Меншікті тілшілер» мен «Жаңақорған тынысы» ұжымынан құрылған «Қаламгер» командасы ашты. Шаршы алаңда 0:1 есебімен жаңақорғандықтар басым түсті. Одан кейін «Сыр Медиа» мен «Qyzylorda» телеарнасы алаңға шықты. Тартысты өткен кездесуде 3:4 есебімен телеарна жігіттері басым болды. «Жас тілшілер» сол топта қарсыластарын әбден терлетті. Осылай тартысқа толы өткен топтық ойындарда төрт команда жартылай сында жолықты.
Өз тобында «Қоғам ТВ» командасынан айласын асырып, топтағы соңғы ойында облыстық «Ішкі саясат» командасымен тең түскен жаңақорғандық жігіттер жартылай финалдық кездесуде «Qyzylorda» арнасына жеңісті беріп қойды. Келесі ойында ішкі саясаттың жігіттері сырмедиалықтарды жеңіп, ақтық сынға өтті. Үшінші орын үшін болған кездесу тартысты өрбіді. Турнирдің фаворит командасының бірі – «Сыр медиа» осал қарсыластан емес. Талай рет «Қаламгердің» жолын кесіп, жүлдесіз қалдырған-ды. Бұл жолы намысты қамшылап шығып, қарсылас команданың қақпасынан саңылау тауып, қола жүлдеге ие болды.
Турнир қорытындысы бойынша облыстық Ішкі саясат басқармасынан құрылған команда бірінші, «Qyzylorda» арнасы екінші орынды иеленді.
– Турнирге барлық командалар үлкен дайындықпен келгені көрініп тұр. Сондықтан біз де барымызды салдық. Тек ақтық сында сәл сәттілік жетіспеді. Қолда тұрған жеңістен айырылып қалдық. Турнирді ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Осындай доп додасы жалғасын таба берсін, – деді «Qyzylorda» арнасының ойыншысы Талант Айымбетов.
Ал ұйымдастыру комитетінің мүшесі Ерасыл Шәрібек турнир жоғары деңгейде өткені, командалардың кез-келгені кубокты алуға лайықты екенін жеткізді.
Облыстық деңгейде өткен турнирді ұйымдастырушы «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев, серіктестік бас директорының бірінші орынбасары Марат Аралбаев, «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов, «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Қазыбек Ботаев үздік ойыншылар мен жүлдегер командаларды марапат биігіне шығарып, дипломдар мен қаржылай сыйақы тапсырды.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ