ТЕҢБІЛ ДОП ТУРНИРІНДЕГІ ТІЛШІЛЕР ТАРТЫСЫ
Ала допты серік еткен Сыр өңірінің журналистері «Жаңақорған тынысы» газетінің 85 жылдығы аясында басылымның тұңғыш редакторы Әбдірейім Рыскелдиевті еске алуға арналған облыстық турнирде бас қосты. М.Нәлібаев ауылындағы №196 мектепте өткен шағын футбол турниріне 7 команда өзара үздік команданы анықтады.
Ел арасында жүріп, жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың хабаршысы бола білген журналисттер спортпен әркез сырлас екенін көрсетіп келеді. Сол себепті бүгінгі қалам мен спортты жанына серік еткен жандардың ойыны ауыз толтырып айтарлықтай тартысты өрбіді. Кәсіпқой футбол ережесіне сай тәртіппен өткен аламанға тігілген жүлде қоры да қомақты.
Турнирдің ашылуында облыстық мәслихат депутаты, белгілі меценат Жанкелді Ысқақов ізгі тілегін жеткізді.
– Бүгінде «Жаңақорған тынысы» газеті ауданның шежіресіне айналды. Тарихы тереңнен бастау алатын басылымның бүгінгі келбеті келісті, әрі мазмұндық деңгейі биік. Осындай іргелі еңбектің биігінен көрініп жүрген төл басылымның спорт саласына қосқан үлесі аз емес. Әсіресе, бұқаралық спортты дамытуда басылым еңбегі зор. Сондықтан, бүгінгі жарыс жолында бағын сынауға келген қатысушыларға сәттілік тілейміз. Тек жеңісті күндерде кездесе берейі, – деген Жанкелді Ойшыұлының жылы лебізін қарымды қаламгер Ерубай Қалдыбек пен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы кеңесшісі Нариман Жакудаев жалғады.
Сонымен, көптен күткен турнир басталды. Алдымен, жарыс алаңында «Меншікті тілшілер» мен «Қызылорда арнасы» кездесті. Тартысқа толы ойында теле арна тілшілерінің мерейі үстем болды. Алма кезек голдармен алмасқан қос команда да ақтық ысқырық шалынғанға дейін есе жібермеуге тырысты. Одан кейін жастар «Сыр Медиа» командасын тізе бүктірді. Осы топтың екінші ойынында шиеліліктерді ойсырыта жеңген жаңақорғандық тілшілер топтық кезеңде топ бастады. Екінші топта алты ұпай жинаған «Жас тілшілер» бірінші орынмен келесі кезеңге өтсе, «Тәуелсіз БАҚ», «Меншікті тілшілер» мен «Өскен өңір» жарысты ерте аяқтады. Топтық кезеңнен сүрінбей өткен «Жас тілшілер» жартылай сында «Қызылорда арнасына» жол беріп, қоланы қанағат тұтты.
Жарыстың көркі ақтық сында қызды. Ақтық сында «Жаңақорған тынысы» мен «Қызылорда арнасы» кездесті. Ойынның басынан тізгінді қолына алған қалалықтар алаң иелерін 4:2 есебімен қапы қалдырып, турнир жеңімпазы атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылардың арнайы тағайындаған жүлделеріне ие болды. «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы» және «Үздік қорғаушы» номинациялары лайықты егелерін тапты.
– Әрине, ұйымдастырушылық жағы өте керемет. Доп домалақ демекші, ойын анықтады барлығын. Жарыстың деңгейі жоғары. Облыста алғаш рет ұйымдастырылып отырған мұндай турнирде өнер көрсетудің өзі жеңіс. Сондықтан, бұл доп додасы дәстүрлі жолға қойылады деген ниеттеміз. Тек жеңісті күндер көп болсын, – деді Елдос Жүсіп.
Сайыс сайысымен ғой, алайда ұйымдастыру жағынан келгенде абыройлы өтуі ел азаматтарына үлкен жүк емес пе? Бұл міндетті Нұрлат Байгенже басқарып отырған төл басылымның қызметкерлері мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы, №196 мектеп ұжымы, «Жастар ресурстық орталығы», аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері абыроймен атқарып шықты. Турнир соңында бақтарын сынауға келген командалар достық жарысында ұйымдастырушыларға рахметін айтып, жоғары деңгейде өтуіне демеушілік жасаған облыстық мәслихат депутаты Жанкелді Ойшыұлына үлкен алғыстарын жеткізді.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ.