Тартысты турнир
Сыр өңірінің аға басылымы – "Сыр бойы" және "Кызылординские вести" газетінің 90 жылдығына орай БАҚ өкілдері футбол алаңында бас қосып, өз ара үздік команданы анықтады. Қызылорда қаласындағы Б.Момынбаев атындағы №278 ІТ мектеп-лицейде өткен спорт бәсекесін Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Мақанов ашып, командаларға сәттілік тіледі.
Жарысқа қатысушы 7 команда екі топқа бөлініп, сынға түсті. Турнирдің шымылдығын "Меншікті тілшілер" мен "Жаңақорған тынысы" ұжымынан құрылған "Қаламгер" командасы ашты. Кескілескен ойында 0:1 есебімен жаңақорғандықтар басым түсті. Одан кейін "Қоғам ТВ" командасынан айласын асырды. Топтағы соңғы ойында облыстық "Ішкі саясат" командасымен тең түсті. Жартылай финалдық кездесуде "Қызылорда" арнасы командасымен жолы түйісті. Бірақ сәттілік қарсылас командаға жолдас болды.
Ал үшінші орын үшін болған кездесу тартысты өрбіді. Турнирдің фаворит командасының бірі – "Сыр медиа" осал қарсыластан емес. Талай рет "Қаламгердің" жолын кесіп, жүлдесіз қалдырған-ды. Бұл жолы намысты қамшылап шығып, қарсылас команданың қақпасынан саңылау тауып, жүлдеге ие болды.
Турнир қорытындысы бойынша облыстық ішкі саясат басқармасынан құрылған команда бірінші, "Қызылорда" арнасы екінші орын алды.
Облыстық деңгейде өткен турнирді ұйымдастырушы "Сыр медиа" ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев бастаған басшылық құрам үздік ойыншылар мен жүлдегер командаларды марапат биігіне шығарды.
Бізді жарыс барысында қолдап, жанкүйерлік танытқан барша азаматтарға алғыс білдіреміз.