Дәулет жарадың! Қазақ елін алтынмен сүйіншілейтін кезің келді
Сүйінші, ағайын! Қазақтың қайсар ұлы, жерлесіміз Дәулет Ниязбеков Әлем чемпионатының ақтық сынына жолдама алды.
Елорда төрінде өтіп жатқан күрес түрлерінен Әлем біріншілігі аяқталуға жақын. Бүгін бозкілемге шыққан қос қазақстандық балуан тамаша өнер көрсетті. 57 келіде бақ сынаған Нұрислам Санаев алғашқы айналымда молдавалық балуанды, одан кейін неміс оғланын жарыс жолынан шығарса, ширек финалда колумбиялық Tigreros Urb O-дан басым түсті. Алайда, жартылай сында түрік мықтысы Atli-ға жол беріп қойды, ертең қола үшін белдеседі.
Ал Дәулет болса барлық қарсыласын қоғадай жапырып жартылай сынға сүрінбей өтті. Оған тек жартылай сында индиялық Bajrang қана қарсылық таныта алды. Өте тартысты өткен кездесу 9:9 есебімен аяқталып, жеңіс Дәулеттің еншісіне жазылды. Финалға бергісіз белдесуден кейін қазақ жұртынан сүйінші сұраудамыз.
Күміс – қолда, алтын – жолда. Алға Ниязбеков! Біз саған сенеміз. Қанша жыл сабыла күткен алтынды қазақ еліне сыйлайтыныңа сенім білдіреміз. Сыр еліне, әсіресе туған жерің Жаңақорғанға әлемнің мықты балуаны екеніңді мойындатып келуіңді тілейміз. Алға!