№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » КӨШ-2021: солтүстікке кім көшеді?

КӨШ-2021: солтүстікке кім көшеді?

Ағайын, солтүстікке көш! Қазақтың ұлан-ғайыр даласы бос қалмасын! Мақаланы осылай ұрандатып бастауымыздың өз себебі бар. Соңғы жылдары солтүстік өңірлерде тұтас ауылдар жойылып, жер иесіз қалуда. Статистиканы сөйлетер болсақ, бір ғана Солтүстік Қазақстан облысының 38 ауылы санаттан шығарылған екен. Енді осы қарқынмен жалғаса берсе 118 ауылдың болашағы бұлыңғыр. Ал, соңғы жылдары оңтүстік өңірлерде демографиялық көрсеткіш жоғары. Халық санының көптігі әлеуметтік өткір мәселелерге алып келуде. Яғни, тұрғын үй салатын жер кезегінің жылжымауы, жайылымды жерлердің азаюы және т.б алдымыздан шықты. Енді не істемек керек? Әрине, солтүстікті иегеру керек. Үкімет осы бағытта «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын қабылдап, қоныс аударған азаматтарға әлеуметтік жеңілдіктер қарастыруда.

2021-2025 жылдары оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылардың жәрдемақысы екі есеге өседі. Ең бастысы, қоныс аударушыларды жұмыспен қамтуға, жаңа жерге бейімдеуге жағдай жасау үшін көшуге берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшерін 35 АЕК-тен (102 095 теңгеден) 70 АЕК-ке (204 190 теңгеге) дейін көбейту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс берушілерді ынталандыру мақсатында қоныс аударушылардың еңбекақысының бір бөлігін субсидиялау, оқыту шығындарын өтеуге қатысты шаралар қабылданады. Қоныс аударушылардың жалақысының 35 пайыз бір жылға дейін субсидиялау көзделуде.
Айта өтейік, бос жұмыс орындары туралы мәлімет алу, қоныс аударуға өтінім беру және қабылданған шешімдермен танысу электронды еңбек биржасы арқылы жүзеге асады. 2021-2025 жылдар аралығында өңірге 10 мыңнан астам жұмыс күшін көшіру, жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайызға дейін азайту көзделіп отыр. Бұл туралы аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Әбілхайыр Бегманов түсіндірді.
– Жаңақорған ауданыннан жыл сайын көшу көрсеткіші өсіп келеді. Биыл да көптеген отбасыға тұрақты жұмыс тауып, үйлі-жайлы болуына күш саламыз, – деді.
ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫС БАР,
ӨНІМДІ ӨТІНІШ ЖОҚ. НЕГЕ?
Жаңақорғанға солтүстік өңірлерден жобамен 1236 маманға ұсыныс бар. Бірақ, бірде-бір жерлесіміз солтүстікке көшуге ниет танытпай отыр. Неге? Алты айды артқа салсақ та, солтүстікке көшуге ниеттілер неге жоқ? Мұның себебін аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Әбілхайыр Бегманов:
– Ниетті азаматтар жоқ емес. Жұмыссыздық тізіміндегі көптеген мамандардың солтүстік өңірлердің ұсынып отырған мамандығына сәйкес келе бермейді. Бірлі-жарымы ғана сәйкес келгенімен орыс тілін білмеуі басты кедергі. Осы кедергілерді жою үшін тіл меңгеруге мүмкіндік беру де керек секілді, – деді.
Расында, қос тілді меңгерген мамандар болса құба-құп. Мұны біздің ауданға арнайы іс-сапармен келген Успен ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Медет Тауасқан да жасырмады.
Бірнеше жыл бұрын Успен аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Салтанат Арынова ауданға келіп, мамандар тарту жөнінде кездесулер жүргізді. Екі жақты келісім нәтижесінде, 32 адам, 6 отбасы көшті. Биыл Успен ауданы бойынша 40-тан астам бос жұмыс орны бар. Білім беру саласында – 22, медицина саласында – 4, ауыл шаруашылығына – 10.
Успен ауданына биыл жоспар бойынша 210 адам, 54 отбасы көшіп келеді деп жоспарлануда. Ресми мәліметтерге жүгінсек, 1-ші маусымға дейін 84 адам 17 отбасы қоныстанған. Екінші жарты жылдықта Кызылорда облысынан биыл 45 адам, 11 отбасын көшіру жоспарлануда.
Осы секілді Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы ауданы, оңтүстік облыстарынан ниет білдірген азаматтарды қабылдауға дайын. Бұл ауданда қазақтар саны басқа ауданға қарағанда басымдырақ болған соң, қазақ тілде оқытылатын мектептер, мемлекеттік тілде қызмет көрсететін орталықтар басым. Бізге ұсынып отырған мамандықтардың көбі ауылшаруашылығына қажетті мамандар екен.
Яғни ұсыныс көп. Бірақ, өтініш білдірушілер тым аз. Әлеуметтанушылар оның себебін әлеуметтік пакеттердің тиімділігін әлі арттыру керектігімен байланыстырады.
Неге десеңіз, оңтүстіктің жылымық ауа-райына бейімделген азаматтар қысы алты айға созылатын аймаққа жерсінуі қиын. Сондықтан жылы жақтан барған азаматтарды буын аурулары жиі мазалайды. Көш бағдарламасының әлеуметтік пакеттеріне денсаулығына қосымша сыйақы төлеуді қарастырған дұрыс. Бастысы, онда көшіп барушылардың жалақысы мен жәрдемақы көлемін арттыру маңызды. Бүгінде Қандөз, Көктөбе, Қаратөбе ауылдық округінің жастары Ресейде жұмыс істейді. Бірнешеуі емес. Тіпті ауыл жастары тұтастай көрші елге көшіп кеткендей әсер қалдырады. Олар сырт елде неге жұмыс істейді? Себебі біреу ғана – жалақы жоғары. Онда теңгеге айналдырғанда 500-700 мыңға дейін табыс табады. Егер Қостанай, Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар, Шығыс Қазақстан облысында сондай көлемде жалақы төленсе, жастар тұрақтап, өз елінде қызмет етер еді.
Бұдан аңғаратынымыз, көш-қон бағдарламасында біздің азаматтарды нақты қызық-тыратын ұсыныс аз.
Екінші жағы, солтүстікке көшіп барған отбасылар бірнеше жылдан кейін қайта көшіп келуде. Оларды сөзге тартқанымызда, әлеуметтік жағдайы толық шешілмегенін алға тартады. Оның үстіне, ұрпағы орыс тілді ортаға сіңіп кетуден үрейленетінін жасырмады. Демек, көш бағдарламасына әулетімен немесе ауылдастарды қатар көшіруді ойластыру керек. Қалай болғанда да, солтүстіктегі шұрайлы жерлерді игеріп, елдігімізді, тұтастығымызды сақтау маңызды. Мұның астарында үлкен идеологиялық мән жатыр.
10 шілде 2021 ж. 872 0