№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » КӨШ: СОЛТҮСТІККЕ ЖАҚОРҒАННАН 5 ОТБАСЫ ҚОНЫС АУДАРДЫ

КӨШ: СОЛТҮСТІККЕ ЖАҚОРҒАННАН 5 ОТБАСЫ ҚОНЫС АУДАРДЫ

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» үшінші бағыты – жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аудартуды жүзеге асыру. Яғни, Оңтсүтіктен Солтүстік Қазақстанға көшкен жандарға тұрақты қызмет беріп, жергілікті жердің әлеуетін арттыру көзделген. Бағдарламаға сәйкес жұмыс берушілер делегациясы шілде және қазан айында арнайылап Жаңақорғанға келген болатын.
Аудан орталығында тұрғындармен кездесіп, олармен еркін әңгіме өрбіткен топ мүшелері Ақжар, Ғ.Мүсірепов және Ш.Уалиханов ауданынан жұмыс ұсынды. Алдымен, сөз кезегі Ақжар ауданы, «Жұмыспен қамту» орталығы директорының орынбасары Ұлан Хоршат:
– Шыны керек бізде халық саны аз. Жастардың дені оңтүстік немесе Шығыс өңірлерге, одан қала Ресейге қоныс аударуда. Елдің әлеуеті тұрақты болғанымен, жұмысшы саны кемшін. Сондықтан, бағдарлама аясында жұмыс ұсыну үшін арнайы келіп, жұмысқа ынталы азаматтарға тұрақты қызмет беруге келдік. Мәселен, Ақжарда 102 бос орын бар, олардың жартысы педагогтық сала, дәрігерлердің де жетіспеушілігі артуда. Ең бастысы ниет болса жұмыс табылады, – деп нақты межені айтты. Сондай-ақ, Ғ.Мүсірепов ауданынан келген жауапты маман Руслан Нұрмаханов пен Ш.Уалиханов ауданына қарасты Аманкелді ауылдық округінің әкімі Қанат Жексембаев жаңақорғандықтарға қандай жұмыс күші керек екенін түсіндірді. 
Айта кетейік, жалпы Солтүстік Қазақстан облысы 773 бос орынға қызметкер іздестіруде. Ал, жиынға белгілі себептермен келе алмай қалған Қостанай делегациясында 320 жұмыс беруші 1241 қызмет ұсынып отыр. Оның ішінде ауыл әкімі, пән мұғалімдері, аппарат басшысы және медицина мамандығы сынды сан түрлі мамандық атауы бар.
Енді қоныс аударушыларға қандай мүмкіндіктер қарастырылған, соған тоқталайық. Ерікті түрде өңіраралық қоныс аударуды мемлекеттік қолдауға алты бағыт қарастырылған. Алдымен, бағдарламаға қатысушыларға және оның отбасы мүшелеріне бір рет 35 айлық есептік көрсеткіш (84 175 теңге) мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі. Бұл көмек тек көшіп барғаннан кейін беріледі. Ал, жұмысқа орналасқаннан кейін тұрғын үйді жалға алу немесе сатып алу бойынша шығыстарды өтеуге субсидия ауылдық жерге қоныс аударғандар үшін беріліп отырады. Ол бір реттік немесе он екі ай ішінде ай сайын ақша берілетін қаржы.
Мәселен, бір тұрғын үшін 432 900 теңге мөлшерінде, ал отбасы мүшесінде екеуден төртеуге дейін адам болса – 519 480, ал одан да көп болған жағдайда 606 060 теңге мөлшерінде қаражат беріледі. Бұл бір жылға берілетін қоныс аударушыларға берілетін субсидия. Ал, құжат тапсыру үшін Жаңақорған «Жұмыспен қамту» орталығынан толық мәлімет алуға болады.
Бір қуантарлығы, бұл өңірлерде тұрғын үй сатып алу өте арзан. Мамандардың сөзіне сүйенсек аудан орталығынан жоғарыда берілетін субсидияға дайын баспана сатып алуға болады. Ал, Жаңақорғанда ондай қаржыға жер де сатып ала алмайсың. Келелі кездесу соңында тұрғындар мамандықтары бойынша сұрақтар қойып, тізімге аты-жөндерін енгізіп жатты. 
– Менің мамандығым қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Солтүстікке нағыз керек мамандық деп ойлаймын, сондықтан алдағы уақытта қоныс аударып қалуым мүмкін. Маған ұнағаны тұрақты жұмыс пен тұрғын үй мәселесінің шешілуі, – дейді ұстаз Таңсұлу Алмас.
Сөз соңы. Осындай түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде Қостанайға – 2, Павлодарға – 3 отбасы қоныс аударды. Тұрақты жұмысқа орналасып, өңір әлеуетінің артуына септігін тигізуде. 


Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ.
26 қараша 2018 ж. 1 033 0