№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТАТУЛАСУ – дауды шешудің тиімді тәсілі

ТАТУЛАСУ – дауды шешудің тиімді тәсілі

Қазақ аталы сөзге тоқтап, әділ билердің төрелігіне бағынған халық. Бірде Төле би шідер ұрлап қолға түскен бір ұрыға ұрланған шідердің үш тармағын үш аттың аяғына салдырып «енді осы үш атты үш жаққа ұрып айда, егер аттар шідерді үзіп босанып кетсе, айыптан азатсың, ал шідер үзілмесе, үшеуін біріктіріп ұстаса, ер ердің қызметін атқарғаны. Онда бір тармағы үшін бір бесті айып төлейсің» деген үкім айтады. Ұры бірден келісті, әрекет жасап көрді.

Əрине, мықты қайыстан жұмырлап өрілген шідерді аттар үзіп кете алмайды, ұры бір шідер үшін үш ат төлеп құтылады. Төленің бұл билігін қазақтар да, кейін қазақтың əдет заңын зерттеген орыс оқымыстылары да «даналық шешім» деп бағалайды. Иә, бұл сол заманның қазіргі тілмен айтқанда медиаторлары. Дау-дамай, кикілжіңдерді шешіп, елдегі ынтымақты, бірлікті сақтауда бір ауыз сөзі жеткілікті болатын.
Бітімге келмей дау бітпес, елімізде қаншама адам соттың әуресімен жүр. Азаматтық істердің артуы сот қызметкерлерінің де жүгін көбейткен. Сондықтан құзырлы орган «Татуласу-сотқа дейін, сотта» атты жобаны қолға алды. Ол бойынша ұсақ дау-дамайларды медиация тәртібімен шешуге басымдық берілді. Жаңақорғанда осы мәселеленің жай жапсары талқыланып, түрлі мекемелерде, кент және ауылдық округ тұрғындарымен аудандық сот судьялары мен кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың қатысуымен түрлі жиындар өткізіліп келеді.
Бұндай әдіспен жер, тұрғын үй тағы басқа әлеуметтік салаға қатысты істерді соттаспай-ақ шешуге болады. Осы орайда Жаңақорған аудандық сотының ұйымдастырумен 2018 жылы «Татуласу» орталығы» Жаңақорған кенті №110 мекен жайда ашылды, яғни дауды сотқа дейінгі реттеу және татуласу рәсімдері орталығы ашылған болатын және де дауларды соттан тыс шешу мақсатында аудандық соттың ғимаратының ішінен «Халыққа құқықтық қызмет көрсету бұрышы» ашылды.
Бұл бөлмеде кәсіпқой медиаторлар отырады, келген азаматтарға барлық санаттағы (қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша, еңбек және отбасылық) даулары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, құқықтық көмек көрсетеді. Бұл аудандық соттың ғимаратының ішінің ашылған халыққа құқықтық қызмет көрсету бұрышында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік құқық бұзушылық істер бойынша тараптар жүгіне алады.
Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Ә.Назарбаев дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастыру, ұсақ-түйек мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру жөнінде нақты тапсырма берді. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен қоғамдағы даулардың деңгейін төмендету, дауларды сотсыз шешу институттарын дамыту, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін «Сотсыз татуласу орталығын» құру жобасы ұсынылып, оны жүзеге асыру үшін пилоттық аймақ ретінде Қызылорда облысы белгіленген еді.
Қазіргі уақытта қоғамда дауларды медиация тәртібімен реттеу кең етек алып жатқандығы белгілі. Қарақылды қақ жарған әділ би, небір күрделі даулардың күрмеуін қамырдан қыл суырғандай етіп асқан шеберлікпен шешкен парасатты қазылар. Тоқсан ауыз сөзден тобықтай ой түйе білген дүлділ шешендер, мұның бәрі кешегі қазақ даласының көрінісі. Көзден таса көңілден ұмыт бола бастаған көрініс. Тәуке ханның жеті жарғысы, Қасым ханның қасқа жолы, есім ханның ескі жолы да ұлттың жадында.
Өңірімізде ажырасу оқиғалары жиілеп барады. Негізінен некесін бұзуға себеп болатын жайттар әлеуметтік жағдайдың төмендігі, алкогольдік ішімдікке тәуелділік те жұбайлардың ат-жалын үзісуіне сеп. Осылайша судьялар отбасы мүшелерін сабырлы болуға шақыруда.
Бүгінде Жаңақорған аудандық сотының судьялары қоғамда өзектілігі артып отқан ажырасу, отбасы, ағайын мен көрші арасындағы дауласу мәселесін бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде деп таласқан ерлі-зайыптыларды табыстырып, тірі-жетімдер санын азайтуға ерекше мән беріп қарайды. Тілдесе алмай тіресіп жүрген ерлі-зайыптыларды, ағайын мен көрші арасындағы дауларды аптықпай тыңдап, айыптамай ақылын айту арқылы судьяларда тараптарды келісімге келтіруде өз септігін тигізуде.
Түйіндей айтқанда, қоғамдағы түрлі мәселелерді, әсіресе, отбасылық жанжалдарды шешуде, ағайын-туыс араздығына нүкте қойып, әділ төрелігін айтып татуластыруда медиаторлар мен судья медиаторлардың рөлі айрықша. Сондықтан, келешекте осы жүйенің қолданыс аясы кеңейіп жатса, онда елдегі ұсақ-түйек дау-дамайлар тыялар еді
Эльдар РЫСҚҰЛОВ,
Жаңақорған аудандық
сотының судьясы
29 маусым 2021 ж. 631 0