АЛТЫ ЖЫЛҒЫ АРМАН
Бүгін күннің таңы Жаңақорған ауданы үшін жағымды жаңалықпен басталды. Қауық ауылы қауымының қуанышында шек жоқ. Олар аудан әкімі Рүслан Рүстемовке ризашылығы бір төбе. Алыс ауыл алқасында жүзге жетпейтін тұрғыны бар, болашағы жоқ елді мекен санатында тұрды. Сондай сиқы кеткен алақандай ауыл үшін аудан әкімі қолдан келген қамқорлықтан аянып қалмады. Күні бүгінге дейін әкім «Бұл Қауық – қазақтың қазығы, Тынымбайдай талантты ұлды түлеткен қасиетті топырақ» деп дәріптеп келеді.
Әлі есімде, 2015 жылы 19 наурыз күні Руслан Рүстемұлы алғаш рет Қауық халқымен кездесті. Ел жаңа әкімді жылы қабылдай қоймады. Ауылдың белсенді мүшесі Гүлдана Әбдіханова топты жарып шығып:
– Әкімдер келеді, кетеді. Осы жерде қалатын біз. Қиналатын біз. Сіздерге бір көріп кеткен ғана парыз шығар. Мына суымыз жарамсыз. Құдықтан ішіп отырмыз. Оны әкім іші ме? – деген еді.
Сонда аудан әкімі: – Неге мен ішпеймін, сізден артық емеспін. Кәне, жүріңіз, шәйді бірге ішейік, – дегенде Гүлдана таңдана қарап қалған-ды.
Арада бір жылға жуық уақыт өтті. Қамсыз Қауыққа қуат қосылды. Аққұм ауылына қатынап оқитын оқушыларға арнайы «УАЗ» автокөлігі бөлінді. Су тасымалы үшін көлік берілді. Үш шақырым қара жолға тас төселді. Аудан әкімі бір жылдан аса уақыттағы қызметінде осынша шаруаны ретке келтіріп еді. Бұл – шағын ауылға жасалған жақсылықтың бір парасы ғана болатын.
Қауық – Кейден ауылдық округіне қарасты ауыл. Дария жағасы қалың тоғай, шеңгел, жыңғыл қау (ну) болып өскен, елге ық-пана болған. Содан Қау-ық атауы шыққан. Ал, Аққұм болса 1902 жылы ауа райын бақылайтын алғашқы метеорологиялық станса бойынша іргесі қаланған елді мекен.
Өткен, 2020 жылы Руслан Рүстемұлы Жаңақорған ауданына екінші мәрте әкім болып қызметке келгенде Қауықтың басты мәселесі аяқсыз қалғанын назарға алып, сол үшін демеушілер іздей бастады. Өйткені, алақандай, алыс ауылдың ауыз суын мемлекеттік «Ақбұлақ», «Нұрлы жол» бағдарламалары аясында қарастыру мүмкін емес. Сондықтан ірі өндіріс мекемелерімен келіссөз жүргізді. Оның да сәті түсті, «СКЗ-U» ЖШС демеушілігі арқасында 4 шақырым су желісі тартылатын болды. Оған 50 диаметрлік су құбыры жүргізіледі. Бұл – аудан әкімінің алты жылғы арманы еді. Енді соның сәтті қадамы басталмақ.
Бүгін аудан әкімінің әлеуметтік желідегі парақшасына Гүлдана Әбдіхановадан хат түсті. Онда қауықтық тұрғынның жүрексөзі толғаныспен жазылған.
«Құрметті Руслан Рүстемұлы! Бірде-бір әкім көңіл бөлмеген Қауықтың тағдырына енді алаңдамайтын боламыз. Не қажет болса, соның бәрі орындалып жатыр. Таңдайымыз таза ауыз суды тататын шақ туғалы тұр. Сізге басқа не дейін, алғыстан өзге айтарым жоқ. Құдай қуат берсін!» депті.
Міне, әкімге бұдан артық бақыт бар ма? Ол елдік мәселені орындауға келді, сол іс сәтімен бітіп жатса әкім қоныс тұрғынынан кем қуанбайды.
Бейсенбі күні, берекелі іс басталды. Ауыл тұрғыны Сабырхан Божбанбаевтың Қауыққа жасалып жатқан қамқорлықты тебіреніспен толғады.
— Біз Руслан Рүстемұлы әкім болып келгенше ұмыт қалған ел едік. Жол, тасымалды дереу шешті. Былтыр екінші мәрте ауданға әкім болғанда қуандаған қауықтықтар жоқ шығар. Міне, сол қуаныштың кәделі сыбағасы- ауыз су келетін болды. Ел егінге бет бұрды. 10 гектарға жуық бау-бақша өсіріп, жылдан- жылға көлемі өсіп келеді. Мұның бәрі осындай қамқорлықтың сыйы. Енді елге ел қосылатыны анық,- деді. Мұнан кейін аудан әкімі Руслан Рүстемов осы сәтте: – Құрметті Қауық тұрғындары! Мен осы күнді алты жыл күттім. Ауданға келгендегі басты арманым еді, бүгін алаң көңілім орнына түсті. Халықты қуанту, денсаулықты сақтау, ауыл өмірін жақсарту елді дамытудың негізгі бағыттары болса, мен үшін төбем көкке жеткендей мәртебе болып тұр. Таза судың игілігін көріңіздер, болашаққа бек сеніммен барайық! "Сырдария-Талап" топтық су торабына 14 мың халқы бар 12 елді мекен қамтылған. Қауық оған енбеді. Себебі елді мекен мәртебесі жоқ. Алайда "СКЗ-U" компаниясына, оның ішінде бас директоры Ернұр Маратбекұлы Қожамбердиевке үлкен рахмет, демеушілік жасап, енді су желісіне қосылатын болады. Бүгінгі шараға Ернұр Маратбекұлы арнайы қатысқаны да жанашырлық белгісі. Алдағы уақытта су желісін ОДСП "Арал" өз жауапкершілігіне алатынын бөлім басшысы Мейрамбек Қабетенов жеткізіп отыр, – деді.
Осынау ізгі шараның шарапатында ауыл ақсақалы Рүстембек Құдайназаров бата беріп, Қауық халқы атынан ризашылығын білдірді.