Су тоспалары мен каналдар үнемі бақылауда
Аудан әкімі Руслан Рүстемұлы Рүстемов 2020 - 2021 жылдардың қыс - көктем айларында Сырдария өзенінде судың күрт көбейіп кетуіне және сең жүру кезеңіне байланысты туындайтын қауіпті жағдайлардың алдын алу мақсатында қорғаныс бөгеттерінің қазіргі жағдайы мен қауіпті учаскелердің қысқы мезгіліне дайындығы жөнінде аталған нысандарда болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Аудан аумағында оңтүстік - шығыстан солтүстік - батысқа қарай жалпы ұзындығы 215 шақырымды құрайтын Сырдария өзені ағады. Сырдария өзенінен өз бастауын алатын 5 су торабы орналасқан. Келінтөбе су торабының ұзындығы 88.05 шақырым, Сумағар су торабының ұзындығы 31.7 шақырым, Тайпақкөл су торабының ұзындығы 6 шақырым, Күркіреуік су торабының ұзындығы 20.5 шақырым, Сунақата су торабының ұзындығы 26.5 шақырым су өткізеді. Жалпы ұзындығы 177 шақырым болатын 5 магистральді каналдар "Қызылордасушар" РМК-ның меншігінде. Барлық каналдардың жағдайы қанағаттанарлық және жауапты мекемелердің бақылауына алынған.
Аудан бойынша Сырдария өзенінің бойында жалпы ұзындығы 50.919 шақырым қорғаныс бөгеттері бар. Көктөбе, Қалғансыр, Қауық, Байкенже, Қожакент, Жаңақорған - Төменарық бөгеттеріне қарау жүргізілді, барлығы қанағаттанарлық жағдайда екендігіне көз жеткізді.
Сырдария өзені бойында аудан аумағында 8 қауіпті учаскесі бар, яғни Көктөбе, Қалғансыр, Қауық, Қожакент, Өзгент, Жаңақорған кентінің күн батыс жақ бөлігі, Байкенже, Төменарық ауылының күн батыс жақ бөлігі. Жалпы қауіпті аймақтарда 20197 адам тұрады.
Осы сапарда аудан әкімі Руслан Рүстемов Өзгент ауылдық округі аумағында салынып жатқан Сырдария өзенінен Өзгент көліне су алатын жердегі салынып жатқан су тоспасы құрылысында және Шұқырой көліндегі қауіптің алдын алу мақсатында көлдің әлсіз жағалауларын қомдау мен күшейту жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер ұйымның жүргізіп жатқан жұмыстарымен танысты.
Жаңақорған ауданы әкімдігі