№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Мен бозармайтын адаммын

Мен бозармайтын адаммын


Бір жылы Баукең Мәскеу түбіндегі «Малеевкада» жазушылардың шығармашылық үйінде демалады. Ол Момышұлына өзінің туған Жуалысындай болып кеткен қасиетті жер екен. Орманның іші, орман болғанда ылғи ақ қайың. Ауасы таза, демалып, шы­ғар­ма жазуға бір жайлы орын. Баукеңнің өз шығармаларының көбі осы «Малеевкада» дүниеге келген.
Екі-үш күн тынығып, ширыққан соң, биллиард бөлмесіне кірсе, екі жазушы ақ шарларды сарт-сұрт ұрып, ойнап жатыр екен. Өзгелері қоштап жамырасады. Біреуі қолапайсыздау шарды жай домалатады, торға түсіре алмайды. Екіншісі қарсыласын жәукемдеп, тасты бірінен соң бірін тоғытып, азайтып барады.
– Еһ, Давид, дұрыс ұрмадың!
– Коля, топтап соқ, иіре соқ, – деген дауыстар.
Давид деп тұрғандары қазаққа ұқсас можантопайлау қара екен. Екіншісі еркін қимылдайды, толық келген жалпақ сары кісі.
Баукең шыдамай кетіп:
– Әй, сенің атыңды Дәуіт деп тегін қой­маған шығар, бұл пайғамбардың аты, жақсы ойна, бала! – дейді әлгі ду-дуға келіп қосылып.
Тасты бірінен соң бірін топытып жалпақ сары жеңіп барады. Баукең «қап» деп Дәуітке бүйрегі бұрып-ақ тұр. Әрі-берідесін бәсеке бітіп, әлгі сары шын-ақ жеңеді. Жеңілген қайтушы еді. Дәуіт көрер көзге кішірейіп, жүні жығылып мұңайыңқылау болып тұрып қалды.
– Әй, сен осы Күгүлдиновсің бе? – Баукең оны өзіне шақырып.
– Иә, – дейді ол. – Сіз кімсіз?
– Айтпаймын, кейін білесің, көкеңнің кім екенін.
– Айтсаңызшы, ұтылып қап ішім күйіп ба­рады.
– Қазақ, қалмақ бір туған, налыма, бала, – дейді Баукең. – Қазір өшіңді алып беремін, ана сарыдан.
– Ойбай, ойнамаңыз. Тағы масқара боламыз. Ол осындағы жазушылардың чемпионы. Бір айдан бері ешкімге дес бермей жеңгізбей тұр.
– Абыржыма, жеңеміз, одан мықтыла­рың да бас иген, мына көкеңе.
Осы кезде аяғындағы соғыс салған жарасы шаншып, бөксесі көтертпей ақсаңдап жүрген Баукең келіп қолына кийді алғанда әлгі чемпион менсінбеген кейіппен «менімен бәсекеге түсетін сен кім едің» дегендей өркө­кіректеніп, жоғарыдан қарайды.
– Келіңіз, жеңілсем, өз обалым өзіме, мына трубканы беремін, – дейді Баукең темекі толтырған күміс трубкасын көрсетіп (Бұл Кубаға барғанда Баукеңе Фидель Кастро ескерткішке сыйлаған трубка еді).
Биллиард чемпионы трубканы көріп қызығып кетеді де:
– Естідіңіздер ғой, мына кісінің сөзін, жарайды текке көңіліңіз қа­лып, Давид секілденіп, бозарып кетіп жүрмеңіз, – дейді тұрғандарға естірте.
– Мен бозармайтын адаммын. Неміс Москва түбіндегі Волокалам тас жолына иек артқанда да бозарған емеспін. Өзің бозарып қалма, сары кісінің бозарғаны жаман болады.
Чемпион бұл сөзге мән бермейді де, киді қолына алып тұрып: «Кезек сенікі» дейді.
– Өзің ұр, жеңген мен емес, сен ғой, – дейді Баукең.
Ол «бәрібір жеңемін, шаппай бергін, трубка менікі» дегендей, маңғазданып, кидін әдемі бір дөңгелетіп қойып ұрып қалды. Торға бір шар топ ете түсті.
– Бастамаң тәуір, – деді Баукең.
Кезек өзіне жеткенде ол сәл ойланып, трубкасын сорып, түтінін будақтатып біраз тұрады.
Панфилов ұрыс алдында дәл осылай істейді екен.
Бір сәт туған жері Шақпақ тауының бауырындағы жазықта үйездеп тұрған жылқы үйірі көз алдына келді. Жылқы десе бір түр­лі өзінің аруағы қозып кететін. Әсіресе, құлынның кісінеген даусын естісе ғой, шіркін! Биллиард тақтасындағы ақ тастар да бейне сол жылқы сияқты болып көрінді. Қаншырдай қатқан бір ақ байтал шеттеу тұр. Одан қашығырақ екі бие, үш бие қосарлана қалыпты.
Жылқының бәрін үркітуге болмайды, – деп ойлады ол ішінен. Әзірше, маған екеуі жетеді. Анау ақ байталды екі биеге апарып қосамын да қосақтаған қойдай қосарлай жөнелем… Баукең жаратылысында әрі көзмерген, әрі қолмерген еді. Өзі туып-өскен Ақсайда талай аспанда ұшып бара жатқан үйректі көздемей-ақ атып түсіргені бар.
– Иә, сәт, қолдай гөр Дулаттың аруағы!
Сарт еткен дыбыстан жұрт селк ете қа­лады.
Ақсайдың аспанында бейне шатыр-шұтыр найзағай ойнағандай бірдеме болды. Дәл әлгі ойынан шықты.
Торға екі тас түскен екен. Әлгі екі «бие­нің» бірі, сонсын оған қосарланған «ақ байтал».
Баукең кий таяғын ұстаған қолын жоға­ры көтеріп алғанда, тұрған жұрт ду қол соқты. Давид қасына жетіп келіп кидімен бірге құшақтады.
– Асықпа, құттықтауға әлі ерте ағаң­ды, – деді чемпион Давидтің мұнысын жақ­тырмай.
– Батыр болсаң үшеу соқ, – деді Бауыржан оған ерегісіп. Әйтпесе, чемпион түгіл маршал болсаң да ойнамаймын.
Әдеттегісінен бәсеңсіп қалған чемпион қарсыласының мысы басты ма, кім білсін, бұл жолы сасыңқырап, шарды асығыс ұрды. Біреуі де торға түспей, тасы айдалаға лағып кетті…
Ендігі кезек Баукеңдікі еді. Жұрт ақсаң­дай басқан, жанары өткір, ақ қылаң шашты, мынау қарасұр адамға енді ықыласпен қарады. Ол мұртын бір сипап қойып, алдын­дағы жаңағы «жылқы үйіріне» бажайлай көз жіберді. Баяғы үйездеп тұрған жылқы жоқ, бәрі кең алқапқа бытырап-бытырап кеткен. Қап, үйірді әлгі сары кісі үркіткен екен ғой… «Айғыры қайда бұл үйірдің» деп ойлады ол. Үйірге сол бас-көз болмаушы ма еді. «Бие – бидің малы, айғыр – ханның малы, кедейге түк те жоқ» деген. Сөйтсе, жалы төгілген бозайғыр дәл өз жағында, үйірдің құбыла жақ шетінде құлағын тігіп тұр екен. «Әр нәрсенің кілті болады, – деді ол естірте даусын шығарып.
– Е, аруақ, мұның да кілті табылды…».
Айғырды биелерге қарай айдаймын, сонда жанасып кетіп көп бие оқыранып қалмайды. Анау бір-бірінің мойнын қасып, айқасып тұрған екі бие, дәу де болса, алдымен солар ереді. Баукең бұл жолы биллиард ойнап жүргелі бергі тәжірибесін бажайлап, көздеп, дәлдеп ұрып еді. Екі бұрыштағы екі торға айырық жасап барып үш тас түседі деп ойламаған болатын. Әлгі кілтін таптым дегені осы екен.
Чемпион келіп Баукеңнің қолын алып:
– Аты-жөніңіз кім, сіздің? – деді.
– Бауыржан Момышұлымын.
Анау аңырап тұрып қалады да:
– Кәдімгі Москваға жауды бір қадам жібермеген Момышұлы ма?
– Иә, сол.
– О, боже, онда сізбен бәсекеге шығып нем бар, мен жазушы Николай Асановпын. Сіз жоқта чемпион атанып едім. Енді ойнамаймын, «Малеевканың» чемпионы бүгіннен бастап сіз боласыз, – деп қолындағы кидін қабырғаға лақтырып жібереді.
– Қазақтар мұндайды «кеме келсе, қайық судан шығады» дейді, – деді Баукең.
– Сіз, Момышұлы екенсіз ғой, – деді ­Давид келіп.
– Есемді алып бердіңіз, рахмет. Таныс­қаныма қуаныштымын. Өзіңізге арнап өлең жазамын.
Бір нәрсеге бір нәрсе себепші болады деген, Давид пен Баукең екеуі содан былай достасып кетеді.
Баукең осы жолы «Малеевканың чемпион­ды жеңген чемпионы» атанып қайтады.
Нәбиден ӘБУТӘЛИЕВ,
жазушы

28 ақпан 2019 ж. 823 0